Accessibility links

Дариға Назарбаева президентке қорған болатын жаңа партия құру керек деп есептейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Маусым айының 19-күні Алматыда өткен «Асар» республикалық партиясының бас қосуында партия төрайымы, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева қазіргі президентті қолдайтын саяси партияларды күш біріктіруге шақырып, жаңа партия құру қажет деп мәлімдеді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева «күш біріктіру арқылы көп жылдар бойы билік құратын қуатты күшке айналамыз» деп мәлімдеді дүйсенбі күні Алматыда өткен «Асар» партиясының жиынында.

«Бірігу арқылы көп жылдар бойы билік құратын қуатты саяси күшке айналамыз, мұндай партиямен таяудағы 50 жылда ешбір өзге күш бәсеке бола алмайды», деген Д.Назарбаеваның мәлімдемесіне елдегі саясаткерлер әртүрлі көзқарастарын білдіруде. Бірі биыл өтетін әкімдер сайлауына дайындық десе, енді бірі қызы әкесімен арасындағы «салқындықты» «жібітетін» жол іздеуде деген тұыжырым жасайды.

Былтырғы президент сайлауы қарсаңында Қазақстанның саяси күштері арасында екі коалиция пайда болған еді. Бірі - қазіргі президентті қолдайтын алты партиядан құралған халықтық коалиция болса, келесісі - елдегі оппозициялық партиялардан құралған «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысы бәсекеге түскен-ді.

Дариға Нұрсұлтанқызының жоғарыдағы мәлімдемесіне қатысты ресми тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов «Азаттық» радиосына төмендегідей пікірін жеткізді:

– Соңғы жарты жылда Дариға Назарбаева мен оның әкесінің арасындағы қарым-қатынас жақсы емес. Сондықтан, Дариға Нұрсұлтанқызына қысым басталды. Мәселен, «Хабарды» алсақ, «БАҚ туралы» заң жобасын алсақ, соны байқаймыз. Сондықтан, Дариғаның «бірігейік» дегені билікке айтып отырған саяси жауабы ғой. Ол президент әкімшілігінен қысымды қалай тоқтатуға болатын жол іздеп жатыр.

Асылбек Қожахметов президенттің үлкен қызы қанша жерден оппозициялық партиялармен келіссөздер жүргізгенімен, өз әкесіне ешқашан қарсы тұра алмайды деп санайды. Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин әкесі мен қызының арасындағы салқындықты саяси ойынның бір түрі деп есептейді:

– Халыққа қыр көрсету үшін жақын адамдардың арасында мұндай қарым-қатынас бола береді. Қызы ия баласы өзінің өсіп-жеткенін көрсету үшін, әкесі демократтық қасиетін көрсету үшін жасала береді. Бірақ, оның түбінде зіл қалмайды.

Сонымен бірге С.Әбділдин саяси науқан саябырсыған шақта Дариға Назарбаеваның бұлайша белсенділік танытуын қыр астындағы сайлаумен байланыстырады:

– Көптеген партиялар, біріншіден, күні үшін, екіншіден, жағымпаздық жасау үшін қазіргі саясатқа қолшоқпар болып отыр. Биылғы жылы әкімдерді сайлайтын шешім қабылданды. Осыған байланысты да президенттің әсері болуы керек.

Ал «Отан» партиясының мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдрахманов бұл мәлімдемеден алда жаңаша парламент сайлауы өтуі мүмкін деген қортынды жасайды:

– Келесі жылы Парламентке партия тізімімен сайлау өтетін шығар. Депутаттар саны көбеюі мүмкін.

Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева айтып отырғандай, жаңа саяси ұйымның астында президентшіл партиялардың бірігу ұсынысына Қазақстандағы қазіргі билік саясатын қолдайтын Азаматтық партияның жетекшісі Азат Перуашев келесідей пікірін білдірді:

– Дариға Нұрсұлтанқызының бұл мәлімдемесі кездейсоқ емес. Егер бізге «бірігейік» деген ұсыныс ресми түрде түссе, біз оны талқылауға мәжбүр боламыз. Бірақ, ондай шешімді заңға сәйкес, тек бүкіл партиялық съезд ғана қабылдайды.

Соңғы кезде «Ақ жол», ресми тіркелмеген «Алға» және «Асар» партиясының жетекшілері келіссөздер жүргізе бастағаны жайында хабарлар тараған болатын. Ресми тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов өздерінің Дариға Назарбаева ұсыныс тастап отырған жаңа партияға қосылуы-қосылмауы жөнінде «Азаттық» радиосына былай дейді:

– «Асар» жол картасы деген бастамамен шыққан еді. Соның ішінде біздің бағдарламамызға сәйкес келетін ұсыныстар бар екен. Сондықтан біз дәл осы жоба бойынша, «Асармен» келіссөздер жүргізуге болады деп ойладық.

Ал оппозициялық күштердің болашақта бір партияның астына бірігуі мүмкін бе деген сұраққа Коммунистік партияның бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин келесідей жауап берді:

– Оппозициялық партиялардың құжатын қарасақ, әзірге ресми түрде тек Коммунистік партияның ғана заңды құжаты бар. Басқаларда жоқ. Бірақ, басқаларды біріктіріп, бір партия жасау деген біздің жоспарымызда жоқ, болмайды да.

«Асар» партиясы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бастамасымен 2003 жылдың аяғында, ел парламентіне кезекті сайлау алдында құрылған болатын.
XS
SM
MD
LG