Accessibility links

Осыдан 17 жыл бұрын аяқталған Ауған соғысында жоғалып кеткен қазақстандық жауынгерлер табылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Кеңес әскери күштерінің қатарында Ауғаныстанда із-түссіз кеткен 21 жауынгердің 10-ы тірі, екеуінің мәйіті табылған. Ресми мәлімет бойынша, 22 мыңға жуық қазақстандық жауынгер қатысқан бұл соғыста қазақстандық 763 жауынгер қаза тапқан еді.

Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов осыдан 17 жыл бұрын аяқталған Ауған соғысында із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық 21 жауынгерді іздестіру жұмыстарымен 1990 жылдардан бері айналысқандарын айтады.

- Мәскеуде орналасқан ТМД-дағы Ауған соғысына қатысушы елдер үкіметі жанындағы интернационал-жауынгерлер ісі жөніндегі комитеттің іздестіруімен соғыстың зардабынан туған жерінен алыстап, өзге елде тіршілік кешіп жатқан қазақстандық жауынгерлерді таптық. Оның 1-еуі Германияда, 1-еуі Францияда, 1-еуі Канадада, 1-еуі Иранда, 5-еуі Пәкістанда, 3-еуі Ауғанстанда тұрып жатыр. Бәрі үйленген, сол елге сіңіп кеткен. Бұл азаматтарды елге қайтару мәселесін де көтердік. Бірақ, олардың кейбірі Қазақстанға қайтудан бас тартты өздері тұрып жатқан елдегі жұмысы мен азды-көпті шаруасын қимады. Тіпті, Қазақстанға кетем деп жиналып, бірақ аэропорттан кері қайтқандары болды. Сонымен қатар, 6 мәйіт табылып, оның екеуі қазақстандық жауынгер екені анықталды. Қалған төртеуінің қай елдің жауынгерлері екендігін анықтау үшін туған-туыстары іздестіріліп жатыр, - деді Шәріпбай Өтегенов.

Оның айтуынша, соғыста із-түссіз жоғалған бір жауынгердің мәйітіне Германия мен Америкада жасалатын медициналық сараптаманың орташа құны 10 мың АҚШ доллары тұрады. Қазірге бар шығынды Мәскеуде орналасқан ТМД-дағы Ауған соғысына қатысушы елдер үкіметі жанындағы интернационал жауынгерлер ісі жөніндегі комитет көтеріп отыр екен. Ол Қазақстан үкіметі табылған жауынгердің мәйітін елге жеткізуге, әлі медициналық сараптама жасалмаған жауынгерлердің мәйіттеріне сараптама жасауға көмек көрсетсе, деген тілек білдіреді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан бойынша 20 мың ауған соғысына қатысушы ардагер бар болса, солардың 60 пайызы еңбекке жарамсыз екен. Небәрі мемлекеттен 6 мың теңге ғана жәрдемақы алатын ардагерлердің бүгінгі жағдайы мүшкіл дейді Шәріпбай Өтегенов.

“Соғыс мені еңбекке жарамсыз етті. Мен ол соғысқа өзім сұранып барған жоқпын. Аман-есен оралғаныммен басымнан зақым алып қайттым. Бүгінде үкіметтен 6500 теңге жәрдем аламын. Ол неге жетеді? Соғыс зардабы мен бүгінгі күннің қиыншылығы менің жанұямның жылылығын ұрлады. Талғардың Тұздыбастау деген ауылында пәтерде тұрамын. Тұрғылықты тұрағым жоқ, не жерім жоқ. Сонда бүгінде біздер кімбіз? Осы сауалға жауап беретін адам бар ма? - дейді Ауған соғысының ардагері екінші топтағы мүгедек Чапай Кебекбаев.

Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің отбасы өздеріне үкімет тарапынан жеңілдіктер қарастырылмағанына шағым айтады.

“Балам қайтуына тура 1 ай қалғанда1984 жылы опат болды. Ата-ана өмірге ұрпақ әкелгенде оны ұрпағымды жалғастырсын деп әкеледі. Ол балам тірі болса бүгінде мені бағып-қаққан болар еді. Балаларымызды жоғалтқан біздерге қазір ешқандай жеңілдік жоқ. Осы Алматы қаласы бойынша Ауған соғысына баласын берген 87 ата-ана бар едік. Қазір содан қалғанымыз 35. Алды 85 жаста, артымыз 70-те. Оның көбісі ауру. Солардың көбі жалғызынан айырылып қайғыдан қаза тауып кетті. Айтарым сол, үкімет қалған ата-аналардың жағдайын жақсартса екен. Тірі адам тіршілік кешуі керек қой,” - дейді Ауған соғысында баласын жоғалтқан Алматы қаласының тұрғыны Күміс Медетова

ТМД елдерінің интернационал-жауынгерлері биылғы жылдың қыркүйек айында Астанада бас қосып, күрделі мәселелер жайлы ой-пікірлерін ортаға салмақшы.
XS
SM
MD
LG