Accessibility links

Қытай 2024-жылы Айға ғарышкер шығармақ

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қытай ғарыш агенттігінен үлкен дәрежелі ресми өкіл Лоң Леахоның айтуынша, Қытай 2024-жылға дейін Айға ғарышкер шығаруды жоспарлап отыр екен. Ал бұл АҚШ 2018-жылға жоспарлаған Ай сапарынан 3-4 жыл кейінгі жаңа бағдарлама болатын түрі бар.

Қытай Айға ғарышкер ұшыру бағытында негіз болатын бағдарламаны жасауға кірісіп отыр. Солайша Қытай ғарыш саласындағы елдер қатарының алғы шебіне шығуды көздеп отыр. Бұл жөнінде Қытайдағы Айға сапар бағдарламасы директорының орынбасары Лоң Леахоның сөзін Гоң-Коңда шығатын Уен Уей По газеті жазыпты. Қытай өзінің алғашқы ғарышкерін ғарыш сапарына 2003-жылы аттандырған болатын.

Міне енді Лоңның айтуынша, 2017-жылы Айға алғаш робот зерттеуші жіберілмек. Бұл салада жұмыс басталып кеткен екен. Робот ғарышкерлерді жіберу арқылы Қытайлық ғалымдар адам ұшқан кездегі қауіп-қатердің алдын алу шараларын қарастыруда екен. Сонымен, ондай сапарға жер серіктері келесі жылдан-ақ робот алып шыға бастамақ. Ол тәжірибе 5 жылға жалғасып, ол роботтар жерге қайта оралып отырады. Сондай-ақ, жалпы қытайлық ғарыш стансасын құру да жоспарланып отыр екен.

Лондондағы Ғылым және Технология колледжінің зерттеушісі Крис Кардың айтуынша, Қытай Айға сапар бағдарламасы үшін алдымен қауіпсіздік мәселесін қарастырып отыр екен.

- Алдымен оңайлау жолмен бастап, біртіндеп жаңалық қосып бару керек. Сонда сенімді, қауіпсіз, бірақ өте қымбат бағдарлама болып шығады, - дейді зерттеуші Кар.

Ал Лондондық екінші бір ғарышкер зерттеуші Эндрю Коутс робот пен адам ғарышкер арасында үлкен айырмашылық бар екенін ескертеді.

– Аутоматты ғарыштық бағдарламаның, әрине, ғарыштық технологияны дамытуда көмегі бар. Бірақ, ғарышкерлерді ұшырумен салыстырғанда оның тәжірибелік деңгейі бөлектеу. Ғарышкер ұшқанда оттегі, су қажет болады. Сондықтан, ұшырылатын дүние көлемі үлкен болып шығады, - дейді зерттеуші ғарышкер.

Бірақ, АҚШ-тық астронавтар осыдан 30 жыл бұрын жасап қойған ғарыштық бағдарламаны Қытай қайталап, неге соншама мол қаржы жұмсап отыр? Зерттеушілер Коутс пен Кар, Қытай әлемдік атақ-абыройға таласып отырғандай, сол арқылы саяси бедел жинамақ деген пікір айтады.

– Қытай сияқты мемлекеттер ғарыштық елге айланар кезде ол ғарыштық сапарларды ұлттық бедел-абырой деп мақтанады, - дейді Эндрю Коутс.

Бірақ, мұндағы гео-стратегиялық ақиқат Қытай жеке дара қалған супердержава АҚШ-пен өзара бәсекеге түсіп, өз күш салмағын байқатпақ. Бұл сонау қырғи-қабақ соғысы кезіндегі АҚШ пен СССР тартысына ұқсап кетеді.

АҚШ ғарыш агенттігі - НАСА 2018-жылы Айға келесі бір ғарышкерін шығармақ. Бұл 1969, 1972-жылдардан кейінгі 100 млрд доллар тұратын жаңа бағдарлама болып шықпақ.

Сондай-ақ, НАСА тіпті Марсқа да ғарышкер ұшыруды жоспарлап отыр. Ол жоспар іске асар болса, ғарышкер Марсқа 18 айда барып қайтатын болады. Ал 1957-жылы алғаш рет Советтік жер серігі орбитаға шығарылғанда Қытай елінің басшысы Мао Зе Дун «біз ғарышқа картоп та шығара алмай отырмыз» деп өкінген екен.

Міне, содан бері жарты ғасырдан сәл кем уақыт өтіпті. Бұл бет алысынан қайтпаса, Қытай жақын жылдарда нағыз ғарыш елдері қатарына қосылуы әбден мүмкін.
XS
SM
MD
LG