Accessibility links

Рысбек Сәрсенбайұлы: «Алтынбектің өліміне қоғам да кінәлі»


Сәрсенбі күнгі сотқа жәбір көруші жақ – Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы мен Алтынбектің жесірі Салтанат Атушева бірінші рет қатысты. Сондай-ақ сот Алтынбек Сәрсенбайұлының тағы бір ағасы – Қайнарбек Байболов пен туған әкпесі Рая Сәрсенбаеваны жәбір көруші ретінде тану туралы шешім қабылдап, олар да сотқа қатысты. Және Алтынбектің ата-анасы сотқа өздері келіп қатысатын жағдайда оларды да жәбір көрушілер деп тану туралы шешім қабылдады. Сонымен сәрсенбі күні сот төрағасы сотқа қатысушылардан бірінші болып жәбір көрушілерден сұрақ-жауап алып, тергеу процесін бастады.

Қазақстан оппозициясының көрнекті өкілдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосынов пен Василий Журавлевтың өлімдеріне қатысты делінген Ержан Өтембаев, Рустам Ибрагимов, Виталий Мирошников және басқалардың үстінен 14 маусымда Талдықорғанда басталған сот ісі 21-маусымда өздерінің 4-ші отырысын өткізді. Облыстық сот ғимараты алдында сот кезінде Алматыдан арнайы автобуспен келген «Нағыз Ақ жол» партиясының отыз шақты белсенділерінің тұрғанына екі күн болды. Олар қолдарында Алтынбек пен оның серіктерінің портреттерін ұстап, үстеріне қастандық құрбаны болғандардың суреттері басылған жейдешелер киген. Соттан репортаж жасап жатқан тілші қауыммен бірге 30 шақты зейнеткер ауыл ақсақалдары да залдағы монитордан сотты қадағалап жүр. Арасында оппозицияның жастары да бар.

Сәрсенбі күні монитор тұрған залдағы электр жарығы алты рет өшіп қалуы себепті тілші қауым әділет министрі Зағипа Балиеваның атына шағымданып, ашық хат жазуды ұйғарды. Осы сотқа сәрсенбіден бастап қатыса бастаған Рысбек Сәрсенбайұлы (Алтынбектің туған ағасы) сотқа арызданып, дауласып жүріп, Алтынбектің тағы бір ағасы Қайнарбек пен туған әкпесі Раяны да жәбір көрушілер деп танытты. Рысбек сот төресіне берген тағы бір өтінішінде – оппозиция өкілдерінің бірі, кезінде екі рет Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарған Төлеген Жүкеевті Алтынбектің жесірі Салтанат Атушеваның соттағы өкілі деп тануын сұраған еді, алайда сот «ол кісінің сот барысында қаралатын құпия құжаттармен танысуға рұқсаты жоқ» деген сылтаумен Рысбектің бұл өтінішін қанағаттандырмай тастады. Дегенмен, алда-жалда Жүкеев мырза ондай рұқсат алатын болса, оған өкілеттік берілуі мүмкін екендігі де айтылды. Қазір Салтанаттың соттағы өкілі ретінде адвокат Серікқали Мусин қатысуда. Жәбір көрушілердің Т.Жүкеевті де С.Атушеваның соттағы өкілі деп тануын сұрап отырғаннын Рысбек Сәрсенбайұлы былай түсіндірді:

- Адвокат Мусин бәріне бірдей үлгере бермейді. Ол басқа адамдардың өкілі ретінде де жұмыс істеп жатыр. Ал айыпталу орнында отырғандардың қанша адам екенін білесіз, істің қанша том екенін білесіз (21 том), соттың әлі қанша күн жүретіндігін ойлаңыз. Сонда ол бір адам үшін өте ауыр жүк! Оны жеңілдету үшін, сотқа көбірек пайдасын тигізу үшін, Салтанат ол өкілдікті Төлеген Жүкеевке ауыстырмақ болды. Әңгіменің ашығын айтқанда, ол кісінің саяси қайраткерлігі бар, мемлекеттік басшылық қызметтегі жүрген тәжірибесі де бар және оппозициядағы лидерлердің бірі. Бірақ билік ол кісіден қорыққаннан оған жаңағыдай кедергілер жасау арқылы сенімді өкіл міндетін беруден сот бас тартып отыр»

Неге екені белгісіз, жақтаушылардың барлығы дерлік қарсы болғанына қарамай, прокурордың ұйғарымымен сот төрағасы сұрақ-жауапты осы жәбір көрушілерден бастады. Сұрақтар саналуан тақырыптарға қойылды – оқиға орын алған күндері Алтынбек ішімдік ішіп пе еді? Ол өзіне қандай да бір қауіп барлығы туралы сіздерге бір нәрсе айтып па еді, т.б. Жәбір көрушілерді тергеу аяқталған соң, сот айыпталушылар жақтың куәгері – Виталий Мирошниковтың азаматтық әйелі - Ирина Мустаевадан жауап алды. Одан жауап алу Виталий Мирошниковтың жақтаушысының ерекше өтініші бойынша іске асты, себебі, аяғы ауыр Ирина ханымның айы-күні толып отыр екен, сол себепті ол перзентханаға жатпай тұрғанда, тиісті жайттарды сұрап қалу қажеттігін алға тартты В.Мирошниковтың жақтаушысы.

Сот отырысы аяқталған соң, осы сотқа бірінші рет қатысып отырған Рысбек Сәрсенбайұлы мырза «Азаттық» радиосына өз пікірін білдірді:

- Бүгінгі сот процесі, шындығын айтқанда, биліктің күні бұрын барлығын ойластырып, жасаған әрекетінің жалғасы! Қылмысты қалай жасау керек, одан кейін қылмыс жасады дегендердің қайсысы жазаға тартылуы керек, қайсысы тасада қалуы керек, сот қалай, қайда өтуі керек – мұның барлығы алдын-ала шешіліп қойылған нәрсе. Оған менің барған сайын көзім жетіп келе жатыр. Және бүгінгі соттың басталуының өзі соны көрсетіп берді.

Сондай-ақ Рысбек мырза Алтынбектің тоқсандағы әкесі мен қазірде ауруханада жатқан, жасы сексеннің сеңгіріндегі анасының бәрібір Талықорғандағы сотқа қатыса алмайтынын айта келіп, оған қатты қынжылыс білдірді.

- Сотты Алматыда өткізбей Талдықорғанда өткізіп отыр. Ондағы ойлары мына халықтың наразылық, ашу ызасы туады, содан кейін халық көшеге шығып кетуі мүмкін... Содан қорқады! Былайша айтқанда – халықтан қорқады. Неге халықтан қорқады? Себебі – мемлекет өз азаматтарына өзі қастандық жасап отыр. Менің бауырымның өмірін қиған осы мемлекет! Мемлекет деген жалаң сөз, абстракциялық ұғым емес, ол – мемлекеттің құрылымдары. Мына темір тордың ар жағында отырғандарға қараңыз, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, «Арыстан» соған қарайды, не болмаса, полицейлердің қатысы бар, мысалы, Газиев деген сырттан бақылау жүргізген... басқаларын алып қараңызшы - биліктің тармақтарындағылар! Демек, бұл мемлекеттің жасаған қастандығы болмай, кімнің жасаған қастандығы болады?! Билік осыны ашқысы келмейді, осы шындықты жұрт білмесін дейді!

Және де Рысбек мырза елде осындай сорақы оқиғаның орын алып отырғанына бүкіл қоғам да кінәлі дейді.

- Бұл қылмыстық әрекетке бәріміз кінәліміз! Сот та, прокуратура да, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, басқасы да - барлығы кінәлі. Өйткені, коррупцияға жол беріп отыр! Өйткені, бір адамның қолшоқпарына айналып отыр. Азғантай адамның билігінің көлеңкесінде күн көріп жүр! Мемлекетке, халыққа, Отанға қызмет етіп жүр деп айту өте қиын! Ал сондай жағдайда біз қандай мемлекет боламыз?! Алтынбек соны жан-тәнімен түсінді және сол үшін күресті, сол үшін оның өмірін қиды! Ал ол үшін күреспесек, осылай кете берсек, кім боламыз?! Қайтып ел боламыз?! Мен біздің елдің саудасының бітіп, құлап бара жатқанына көзім жетіп айтып тұрмын. Қайда бара жатырмыз? Осы сұрақты әрқайсымыз өзімізге қояйық та ойланайықшы! Күрескер болу, күресу шарт емес... тек осындай сұрақпен ойланып көрейікші!

Бейсенбі күні сұрақ-жауап айыпталушы жақ өкілдерінің бірі – Ерғали Қасымовтан басталмақшы.
XS
SM
MD
LG