Accessibility links

Қазақстандық зейнетақы қорлары алдында тұрған проблемалар қандай?

  • Досан БАЙМОЛДА

Маусымның 22-і күні Алматыда, Қазақстанның зейнетақы қорлары алдындағы кейбір қиындықтар жайында сөз болды. Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Айдар Әлібаевтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда 14 зейнетақы қоры жұмыс істейді. Осы қорлардағы салымшылардың жиынтығы бар, қорлардың негізгі капиталдары бар, барлық қаржы 6 миллиард доллардан асыпты. Алайда, әрбір қор өзінің салымшысы алдындағы міндетін атқарып отырғанына қарамастан, қорларда жиналған қаржыны экономиканың тиімді салаларына салып, пайдалы түрде игеру жұмысы қалыс қалып отыр, бұл бүгінгі күні ең үлкен проблемаға айналды дейді ол.

Мысалы, басқа дамыған елдерде зейнетақы қорларында ақша босқа жатпайтынын айтады А.Әлібаев мырза.

- Ол ақша экономиканың қайсыбір пайдалы деген саласында айналымда жүреді. Көп жағдайда инфрақұрылымды жақсарту саласына, жол салуға, көпір салуға, зауыт-фабрикалар ашуға осы ақша жұмсалуы керек еді, алайда бізде жағдай басқаша болып тұр, - дейді А.Әлібаев.

Қазақстандағы ең мықты, ең ірі зейнетақы қорларының бірі «Валют-Транзит» қорының президенті Салтанат Елшібекованың айтуынша, бұл қордың салымшылар саны 700 мыңдай, ал қордағы актив көлемі 36 миллиард теңгені құрайды екен.

- Қор өзінің 2 миллиард теңге негізгі капиталымен, 6,8 миллиард теңге инвестициялық кірісімен Қазақстан бойынша ашқан 140 филиал бөлімшесімен елдегі ең ірі зейнетақы қорының бірі болып отыр дейді С.Елшібекова.

Оның айтуынша, әрібір зейнетақы қорының алдындағы міндеті - салымшылардың ақшасын сенімді түрде сақтай отырып, оны ұдайы өсіріп беру болмақ. Қордағы ақшаны өсіру үшін оны экономиканың пайдалы бір саласына инвестиция түрінде салу керек, міне осы мәселеде үкімет зейнетақы қорларына көмектескені дұрыс болмақ, дейді ол.

Зейнетақы қорлары басшыларының бұл пікірлерін Германияның «Gerling investment management» компаниясы басшылары естіген сыңайлы. Олар қазір Алматыда жүр екен. Қазақстанның зейнетақы қорлары қауымдастығы кеңесінің төрағасы А.Әлібаевтың айтуынша, 1968 жылы құрылған бұл компанияның үлесінде 7 миллиард еуро бар көрінеді. Бұл ақша 21 қоғамдық және 10 арнайы қорларға бөлініпті. Компания инвестиция саласында үлкен тәжірибеге ие болыпты. Енді міне Қазақстанның зейнетақы қорларында игерусіз жатқан қомақты қаржыны неміс компаниясы басшылары өз еліне апарып, сол жақтағы экономиканың тұрақты әрі тиімді бір салаларына енгізіп, Қазақстанның зейнетақы қорларына үлкен өсіммен қайтару жөнінде ұсыныс ала келіпті. Оған Қазақстан жағы қандай жауап берерін алдағы күндері болатын екі жақтың келіссөздер қортындысы бере алады.
XS
SM
MD
LG