Accessibility links

Ресейде нәсілшілдіктің өршуі 2008 жылғы сайлау алдында саяси рең алып барады


Ресейдің Санкт-Петербор және басқа да қалаларында ұлттық азшылықтар өкілдері мен шетелдіктерге қарсы шабуылдардың жиілеп кеткеніне халықаралық қауымдастық басты назар аударып отыр. Және бұл ресми биліктің мұндай нәсілшілдік қимылдардың алдын-алуда дәрменсіздігін де көрсетіп бергендей болды.

Алайда сарапшылардың пайымдауынша, Ресейде президент сайлауы жақындап қалғандықтан да, Кремль үшін нео-нацистер мен тақырбастардың шабуылдары қиындық туғызудың орнына саяси тұрғыда пайдалы болып тұрған сыңайлы.

Тақырбастар Ресей қалаларының көшелерінде сап түзеп, ән салып, дабылдату арқылы елдің назарын өздеріне аударуға тырысады.

Кей уақыттары Ресей сайлаушыларын алғы күнге деген үміттен гөрі, қорқыныш билейтін тәрізді. Сөйтіп сайлау кезінде елді елес кезіп жүреді деп ойлауға болады.

Егер өткен тарихқа көз жүгіртіп көрсек, 1996 жылы Борис Ельцин екінші мерзімге президент болып сайлану үшін сайлаушыларды коммунистердің қайта жаңғыруымен қорқытты. Ал 2000 жылы В.Путин Кремльдегі орынтаққа жету үшін сайлаушыларды шешен сепаратистерімен және лаңкестікпен үркітті. 2004 жылы қайта сайлану мақсатында Путин өзін елдегі олигархтармен күресетін күрескер ретінде танытты.

Ресейдегі ендігі президент сайлауы 2008 жылдың наурыз айына белгіленген. Ал Кремль болса сайлаушыларды қашанғыдай қорқыныш пен үрейге бөлеу үшін бұл жолы фашизм құбылысын таңдап алған сияқты.

- Егер кімде-кім нацизмді қайта туындатқысы келсе, расистік жауласуды өршітсе, лаңкестік пен ксенофобияны қоздырса, мағынасыз-мәнсіз қатыгездік пен қантөгіске жол береді. Сондықтан да фашизмнің құлауы сабақ болуы керек.

Бұл Ресей президенті В.Путиннің биылғы жылғы мамырдың 9-ы, жеңіс күнінде Қызыл алаңда сөйлеген сөзінен үзінді. Осылайша әлі де Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын ұмыта қоймаған елдің есіне нацизм қаупі қайта бас көтергені турасында ескерту. Өкінішке қарай, мұндай қауіп-қатердің бар екендігі шындық.

Соңғы кездері Ресейде расистік шабуылдар туралы хабарлар тым жиілеп кетті. Мәселен Сова орталығының зерттеуінше, 2006 жылдың басынан бері нәсілшілдік шабуылдардан шетелдік және славян емес 18 адам құрбан болса, 150-ге жуық азамат соққыға жығылып, жарақат алған.

Егер бүкіл әлемдегі тақырбастардың жапы саны 70 мыңдай болса, бір ғана Ресейдегі скинхедтердің ұзын саны 60 мың болады деп бағаланады.

Кремль міне дәл осы бағытпен күресетін боламыз деп уәде еткен болатын. Дегенмен де байырғы хұқ қорғаушы Лев Пономаревтың пікірінше, Кремль бір жағынан фашизммен күресе отырып, екінші жағынан оны өздерін заңдастыру үшін пайдаланғысы келеді.

- Билік фашизммен күресті механизм ретінде қарастырады, соның бірі биліктің өзінің заңдылығын бекіте түсу, сөйтіп бір мезгілде олар фашизмді қоздыра түседі. Бұның, әрине, тұрғындар үшін билікке фашистер келгеннен гөрі осы қазіргі билік қала берсін деген тұрғыда әсері болары даусыз.

Конституция бойынша үшінші мерзімге президент болып сайлана алмайтын В.Путин өзі таңдаған мұрагері Кремльге қоғамның толыққанды қолдауымен кіргендігін қалайды. Бұл орайда фашизмнің "қоңыр" елесімен жемісті күрес нәзік электораттың қолдауын күшейтудің бір құралы болар еді. Бұл сондай-ақ Кремльге қарсы пікір айтушылардың сынын азайтуға да ықпал етеді. Расизм стратегиясы В.Путин мен оның командасы ғана елді бей-берекеттікке ұрындырмай алып шыға алады деп Батысты да сендіруі әбден мүмкін.

Мәскеудегі Карнеги орталығының Ресейдің ішкі саясаты бойынша маманы Николай Петров Кремль өз идеялары мен мақсаттарына пайдалануға болатындай қауіп-қатер іздеуде деп атап көрсетеді.

Ал хұқ қорғаушы Лев Пономарев егер билік расизмге қарсы шын мәнінде күрескісі келсе, ксенофобиямен күресудің ұлттық бағдарламасын жасап, оған баспасөзді, білім беру жүйесін, түрлі ойын-сауық шараларын қатыстырып, тартар еді дейді.

Жақында жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда, Ресейде сұралғандардың 67 проценті фашизмді қоғамға қауіп төндіретін құбылыс деп бағалайды екен.
XS
SM
MD
LG