Accessibility links

ТұранӘлем Банк Түркиялық Sekerbank-тің қомақты акциясын сатып алды


Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің банктері арасынан қазақстандық ТұранӘлем Банк ең алғашқы болып Түркияның банк-қаржы саласына инвестиция салды. Қазақстандық банктің «ТұранӘлем Секьюритис» деген компаниясы Түркияның «Sekerbank» ашық акционерлік қоғамының 33,98 проценттік акциясын сатып алу жөнінде келісімге қол жеткізді.

ТұранӘлем банктің баспасөз қызметінің бөлім бастығы Қасымқан Бегмановтың айтуынша, ТұранӘлем банк түрік банкінің акциясын 256 млн АҚШ доллары көлемде қаржыға сатып алған.

Түркиядағы барлығы 47 банк ішінен қаржылық көлемі мен мүмкіншілігі жағынан 17-ші орындағы «Sekerbank»-тің 2005 жылдың желтоқсан айының 31-і күнгі жағдайымен активі 2,3 млрд долларды құраған болса, акционерлердің капиталы 261 млн доллар болған.

Түркияның «Ихлас» ақпарат агентігінің Қазақстандағы тілшісі Қалман Қосжігіттің айтуынша, «Sekerbank» Түркияда көбінесе ауыл шаруашылығы саласында қарыз беретін екінші деңгейдегі банк саналады екен. Алайда, осы түрік банкінің акциясын сатып алуға Франция, Италия және кейбір араб елдерінің белгілі банктері ат салысқан қызу саудада Қазақстандық ТұраӘлем банкінің абыройы үстем болып шыққан.

- ТұранӘлем банк ең көп қаржы ұсына алғаны үшін «Sekerbank»-тің жартылай қожайынына айналып отыр. Ал түріктер болса қазақ банкінің бұл жеңісін Қазақстандағы экономиканың алға басқандығымен түсіндіруде, - дейді Қ.Қосжігіт.

ТұранӘлем банкі бүгінде 9,2 млрд доллардың активімен Қазақстандағы ең алдыңғы қатардағы банктің бірі болып отыр. Сондай ақ, ТМД елдерінде ТұранӘлем банк өз желісін орнатуда лидер болып саналады.

Бүгінде ТұранӘлем банк бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған Ресей, Беларус, Украина, Армения, Тәжікстан, Грузия және Қытай секілді 9 елде өзінің бөлімшелерін ашып, сол елдердің қаржы-банк саласында қызмет атқарып жатыр. Енді міне бұл тізімге Түркия да кіргелі отыр.

ТұранӘлем банктің баспасөз қызметінің бөлім бастығы Қасымқан Бегмановтың айтуынша, банк 2008 жылға дейін ТМД кеңістігіндегі ең ірі банктің біріне айналуды жоспарлап отыр.

Өткен жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 557 млн долларға жеткен болса, соңғы 12 жылда Түркияның Қазақстан экономикасына енгізген инвестиция көлемі 1 млрд доллардан асқан.

Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан банктерінің экономикалық, қаржылық жағдайы тұрақты Түркия секілді елдерге жасап отырған бұндай қадамдарын қазақстандық банк жүйесінде жүргізілген реформалардың жетістігі деп түсіну керек деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG