Accessibility links

Облыстық сот тараздық оппозиция белсендісіне шығарылған сот үкімін күшінде қалдырды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Маусымның 22-сі күні, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Әлібек Жұмабаевтың жазған аппеляциялық шағымын қараған Жамбыл облыстық соты, оппозиция белсендісін 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы бұған дейін қалалық соттың шығарған үкімін еш өзгеріссіз қалдырды. Жұмабаевқа өткен президент сайлауына дайындық науқаны кезінде тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың ар-ожданына тиді деген айыптар тағылған болатын.

Әлібек Жұмабаевтың әріптестері билік оны саяси пікір-көзқарасы үшін қуғынға салды деп санайды.

- Жұмабаевтың аппеляциялық шағымын қараған Жамбыл облыстық соты оған Тараз қалалық сотының шығарған үкімін өзгеріссіз қалдырды. Енді біз Әлібектің бостандығы үшін күресеміз, қолымызда бар заңда көрсетілген мүмкіншілігімізді толық пайдаланып, халықаралық ұйымдарға шағымданамыз. Демократиялық оппозицияда жүрген азаматтар халықты Әлібектің бостандығы жолында бірлесіп күресуге шақырады, - деді, жұма күні «Азаттық» радиосына хабарласқан “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова.

Өткен жылғы қараша айының 28-і күні қамауға алынған Әлібек Жұмабаев президенттікке үміткер болған Жармахан Тұяқбайдың сайлау алды науқан жұмыстарына белсенді араласқан. 2005 жылдың қазан айының 23-інен 24-іне қараған түні белгісіз біреулер Тараз қаласы мен қала маңындағы елді-мекендерде ресми биліктің басында отырған әрі президенттікке үміткер Н.Назарбаевтың бірнеше билбордын ішіне бояу салынған жұмыртқалармен атқылап бүлдіріп, көрнекті жерлерге президентке қарсы ұрандар жазып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін күдіктілерді іздеуге кіріскен заң орындары арасында Әлібек Жұмабаев бар бір топ жас жігітті қамауға алған болатын.

Содан жарты жылдай жүргізілген тергеуден соң, істі қараған Тараз қалалық соты өткен мамыр айының 15-күні Әлібек Жұмабаевты ҚР қылмыстық істер кодексінің 24-бабы (төңкеріс жасауға шақыру), 247-бабы (бұзақылық) және 318-бабы (ҚР президентінің ар-намысына тиген) бойынша айыпты деп тапты. Сот үкімімен ол бес жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимдегі абақтыда өтеуге кесілді.

Жұмабаевтың пікірлестері сот үкімін “саяси астары бар заңсыз үкім” деп танып, Әлібек Жұмабаевты билікке қарсы көзқарасы үшін түрмеге отырғызылған «саяси тұтқын» деп бағалады.

- Біз екінші инстанциялық соттан өзгеріс бола ма деп үміт күткен едік. Бірақ, бүгінгі режим өзінің шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл саяси жағдайдың шиеленісіп тұрғындығын көрсетеді. Өйткені, Әлібек Жұмабаевты дәлелденбеген айып тағып соттағаны - мемлекетімізге кір келтірер жағдай. Бұл саяси қуғындар биылғы жылы Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету мәселесіне үлкен бөгет жасайды, мемлекетіміздің имиджіне нұқсан келтіреді, - дейді саясаткер Ғалымжан Жақиянов.

Жақияновтың өзін қазақстандық сот 2002 жылы тамызда «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Сол мерзімнің жартысынан астамын қамауда өткізіп, биылғы жылдың басында түрмеден шартты түрде бостандыққа шыққан Ғалымжан Жақияновты бірқатар халықаралық ұйымдар мен қазақстандық оппозиция «саяси тұтқын» деп таныған болатын.

- Билік Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығарғаннан кейін Қазақстанда тағы бір саяси тұтқын пайда болды. Өйткені, Әлібек Жұмабевқа тағылған айып пен шығарылған соттың үкімі оның саяси тұтқын екендігін айғақтап тұр, - дейді қазақстандық aдам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис.

Қазақстандық оппозиция болса,қазіргі кезде Қазақстанның заң орындары елде тағы да екі адамды - саясаткер Жасарал Қуанышәлі мен отставкадағы полковник, соңғы уақытта “Азат” газетінде қызмет істеп жүрген Қазис Тоғызбаевты қылмыстық жауапқа тартпақшы боп жатқанын айтуда. Оларға ҚР қылмысты істер кодексінің 318 бабы бойынша (ҚР президентінің ар-намысына тию) айыптар тағылып жатқаны туралы хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG