Accessibility links

БҰҰ 2006-шы жылды Шөл және шөлейтті жерлермен күрес жылы деп жариялады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Әлемдегі ең күрделі проблеманың біріне айналып отырған бұл мәселе жер шарындағы 110 елдің 1 миллиард 200 миллиондай халқына кері әсерін тигізбекші дейді мамандар. Аталған мәселені талқылау мақсатында халықаралық сарапшылар Туниске үш күндік конференцияға жиналды.

Құрылықтардың 40 пайыздайын көлемін шөл және шөлейт жерлер алып жатыр. Орталық Азия және Солтүстік Африка елдерінде бұл көрсеткіш- тіпті жоғары. Жер беті үлкен шапшаңдықпен кебуде. Өткен 40 жыл ішінде әлемдегі игерілген жерлердің үштен бір бөлігі, тиімсіз пайдаланылғандықтан, эрозияға ұшырап, жарамысыз болып қалған. Жыл сайын 200 мың шаршы метрдей егістік жерлер мен орманды алқаптар қуаң далаға айналады екен. Демек жыл сайын Қырғызстанның көлеміндей жерден адамзат баласы айрылып жатады.

БҰҰ жанындағы Шөлейт жерлермен күрес кеңесінің секретариат мүшесі Ражеб Булхарофтың айтуынша, шөлейтті жерлердің көпшілігі адамдар әрекеті кесірінен пайда болады екен. Совет өкіметі билігінің 1950-60-шы жылдарында, Ресейдің оңтүстігі мен Қазақстанда тың жерлерді шұғыл түрде игеруге байланысты жүргізілген солақай саясаттың кесірінен құнарлы дала эрозияға ұшырап, аз ғана жылдар ішінде жарамсыз алқапқа айналды. Сондай-ақ Түркменстан мен Өзбекстандағы мақта егу науқаны тұсында, жаппай суландыру мен тыңайтқыштарды көп қолдану әсерінен, жер бүлініп, шөлейт жерлер көлемі көбейе түсті. Африка мен Оңтүстік Америкада халықтың тығыз орналасуы да фермерлердің жартылай шөлейт жерлерді пайдалануына итермелеген болатын. Себеп қандай көп болса, одан туындаған салдарлар да соншалықты мол болып тұр.

Қауіпсіздік сарапшыларының айтуынша, алдағы болашақта судың тапшылығы жаңа соғыстардың шығуына себепші болуы мүмкін. Булхарофтың сөзіне қарағанда, бұған орай тіпті НАТО да алаңдаушылық танытып отыр екен.

Шөлейт жерлердің көбеюі халықтың ауа көшуіне де түрткі болмақшы.

“Бүгінгі таңда табиғат жағдайымен ғана байланысты емес, сондай-ақ шөлейт жерлердің көбеюіне орай миграция үдерісінің ұлғайғандығын көптеген сарапшылар айтуда. Тұтастай алғанда, миграция ағымына алып келіп отырған жаңа үдерістер тұсында кейбір сарапшылар тіпті жан түршігерлік мәліметтерді келтіріліп отыр. Бүгіннен бастап 2020-шы жылға дейін Сахараның маңындағы даладан Солтүстік Африка арқылы Еуропаға беттеген босқындар саны 30 миллионды құрауы мүмкін. Бұл - ресми емес мәліметтер. Алайда ол мәліметтерді академиктер мен осы проблеманы 20 жылдан бері зерттеп келе жатқан азаматтар ұсынып отыр”, - деді Булхароф мырза.

Бұған орай арнайы шаралар қолданбаудың қорытындысы қиын болмақшы, дейді ол. Жыл сайын шөл және шөлейт жерлердің көбеюі экономикаға 42 миллиард доллар шамасында зиянын тигізуі мүмкін. Жаппай жылымықтану проблемасымен салыстырғанда, шөлейт жерлер проблемасына орай арнайы халықаралық келісім де бар. Сонымен шөлейт жерлер проблемасын арнайы әрекеттер арқылы тоқтатуға болады. Олай болмаған жағдайда, шөлейт жерлердің пайда болу үдерісі одан әрі ұлғая түсуі мүмкін. Тунисте осы аптада бас қосып отырған сарапшылардың пікірінше, проблемамен күрескеннен гөрі оның алдын-алу оңайырақ.
XS
SM
MD
LG