Accessibility links

Адвокат Н.Өстеміров айыпталушы Рустам Ибрагимовтың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді сұрады


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өлтірілуіне байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісінің жұма күнгі отырысында, осы қылмысқа қатысы бар деп күдіктелінген «Арыстан» арнайы бөлімшесінің 4 жауынгерінен сұрақ-жауап алынып болды. Олардың соттағы айтқандары алдын-ала тергеу барысындағы айтқандарынан айтарлықтай алшақ кетпеді. Сот отырысының соңында негізгі қылмыскерлердің бірі делінген күдікпен қамауда отырған Рустам Ибрагимовтың әкесінің сөзіне сілтеме жасап, оның жақтаушысы Нұрлан Өстеміров «Жәбір көрушілер жағы Рустам Ибрагимов пен оның туыстарына қауіп-қатер төндіріп, қоқан-лоқы көрсетуіне орай олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қарастыруды соттан талап етемін» деп мәлімдеп еді, сот төрағасы біраз пікірталастан соң оған негіз жоқ деп тапты.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты Талдықорғандағы соттың 23 маусымындағы отырысын сот, оппозицияның белді мүшелерінің бірі - Төлеген Жүкеевті Алтынбектің әкпесі - Рая Сәрсенбаеваның соттағы өкілі деп тану туралы шешімін жариялаумен бастап, айып тағылып отырған «Арыстандық» офицерлер - Ерлан Ералиев пен Разхан Еспенбетовтен сұрақ-жауап алды. Олардың соттағы жауаптарында айтарлықтай жаңалық болған жоқ.

Бірақ, көпшілікті елең еткізген оқиға, 23-маусымдағы сот аяқтала бергенде Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Өстеміровтің ресми мәлімдемесі болды.

- Кеше Рустам Ибрагимовтың әкесі Ташболат Ибрагимов, реті келгенде Алтынбек Сәрсенбайұлының ағалары мен әкпесіне көңіл айтқан екен, қарсы жауап ретінде өзі және туыстарына деген қорқыту, үркіту естіпті. Мен бұл қорқыту негізсіз емес деп есептеймін. Үлкен ағасы Рустем Ибрагимовтың ағайындарынан кек алатынын айтыпты. Әкпесі Рустемді түрмеде улап өлтіретінін айтыпты. Сондықтан мен мұны ашық мәлімдеп, соттан қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді сұраймын, - деді Өстеміров мырза.

Бұл мәселеге орай «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Алтынбектің ағаларының бірі Қайнарбек былай деді:

- Менің одан сұрағаным: балаңыз шындықты айтсын, Алтынбектің өліміне кімдердің кінәлі екенін соттың алдында дәлелдесін. Онда сол іске қатысы болса да, біз оны кешіреміз, кешіріммен қараймыз дедік. Ал, егер осы қылмысқа қатысы бола тұра, негізгі тапсырыс берушілерді біле тұра, оларды сотта айтпай, жасырып, бар ауыр қылмысты өз мойнына алса, онда – құдай жазасын берсін дедім.

Алтынбектің апайы Рая болса, адвокат Өстеміровтың айтқаны шындыққа жанаспайды дейді:

- Ол өздерінің бізге қарсы жүргізіп жатқан іс-әрекеті шығар, мен ешкімді қорқытпаймын, ешкімде жұмысым жоқ. Сот әділ өтсе болды.

Осы жағдайларды тікелей сот барысында сұрастырған сот төрағасы Лұхмат Мерекенов адвокат Н.Өстеміровтің арызын қанағаттандыруға негіз жоқ деп тауып, екі жақты да сабырлыққа шақырды. Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесін бастан-аяқ бақылап жүргендердің бірі Мекемтас Тлеулесов, «Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде, сот барысында туған осы жайтқа қатысты өзі куә болған жайт жайында баяндап берді.

- Мына «Арыстанның» төрт адамы шындықты көп айтқан жоқ. Шындықты білетін адамдарға жақындап келе жатыр. Жақындаған сайын бұлар басқа жүріс жасап жатыр. Мына адвокат Өстеміровтың мәлімдемесі соны білдіреді. Меніңше, осы шындықты білетін адамдарға қауіп басқа жақтан төніп тұрған сияқты. Мүмкін, оларға қарсы қандай да бір арандату-қастандық ұйымдастырып, кейін соның бәрін Алтынбектің туыстарына жауып жіберу мақсаты да болуы мүмкін. Кеше бұлар Ибрагимовтың әкесімен сөйлескен кезде мен олардың қасында болғанмын, олардың сөздерінің бәрін естігенмін. Ең үлкен әкпесі былай деп айтты: «Егер сот жазасын бермесе – құдай жазасын береді!» деді. Ол ешқандай қорқыту-үркітуге жатпайды ғой? Ағалары да қорқытатындай сөздер айтқан жоқ ол жерде. Ибрагимов шындықты білетін адам, ол Алтынбектің туыстарының алдында шындықты айтамын деген. Сол шындықты айтқызбау үшін, оларды бір-біріне қарсы қою үшін жасалып жатқан іс болуы мүмкін деп ойлаймын, - деді Мекемтас Тлеулесов.

Келесі аптада сот «Арыстандық» жауынгерлерден сұрақ-жауапты жалғастырмақшы.
XS
SM
MD
LG