Accessibility links

Алматыда өзбек босқынын әлдекімдер ұстап әкеткен

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Өткен сенбі күні Алматыда белгісіз жағдайда өзбекстандық босқын Ғабдурафих Темірбаев жоғалып кетті. Оның тағдырына алаңдаушылық білдірген БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы аймақтық басқармасы Қазақстанның құзырлы орындарына оның қайда, не үшін ұсталғанын сұрап қайырылғанымен, әзірге босқын жөнінде ешбір дерек болмай отыр.

Бұл туралы дүйсенбі күні “Азаттық” радиосына БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының басшысы қызметін атқарушы Сезар Дюбон мырза хабарлады.

- Маусымның 24-і күні өзбек босқыны Ғабдурафих Темірбаевтың жоғалып кеткендігі жөнінде БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы аймақтық басқармасына оның туыстары қайырылды. Ғабдурафих Темірбаев үстіміздегі жылдың маусым айында ғана босқын мәртебесіне қол жеткізген болатын. Алматы қаласында отбасымен тұрып жатқан Ғабдурафих Темірбаевтың үйіне сенбі күні өздерін заң орындарының қызметкерлері деп таныстырған адамдар келіп, оны ұстап, белгісіз жаққа алып кеткен. Алайда, бұл ақпаратты әзірге ешбір мемлекеттік орындар растамай отыр. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта біз босқын Ғабдурафих Темірбаевтың қайда екендігін біле алмай отырмыз,” деді Дюбон мырза.

Өткен сенбіден бері ұшты-күйлі жоғалып кеткен босқын Ғ.Темірбаевтың тағдырына алаңдаушылық білдірген БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының басшысы қызметін атқарушы Сезар Дюбон оның не үшін ұсталғанын және оның қайда екендігіне сұрау салып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне қайырылып, нақты жауап күтіп отырғандарын айтады.

Ал кейбір қазақстандық ақпарат құралдары өзбекстандық босқын Ғабдурафих Темірбаевты Алматы қаласының Медеу аудандық полиция қызметкерлері Медеу ауданына қарасты Горная көшесіндегі өзбекстандық босқындар тұрып жатқан №175 үйден ұстап алып кеткендігін жазды. Басылымдардағы ақпаратта, осы үйге баса-көктеп кірген полиция қызметкерлері аталмыш ауданда ұрлық болғандығын алға тартып, соны тексеріп жүргендерін айтып, күдікті ретінде Ғ.Темірбаевты ұстап алып кеткені жазылған. Алайда, әлгі полцейміз дегендер оны қайда апаратындарын, өздерінің кім екендерін толық таныстырмаған. Осы мәселеге байланысты маусымның 26-күні Алматы қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне аталмыш департаменттің баспасөзбен байланыс жөніндегі қызметкері Арман Жусанбай:

- Бізде ол жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. Адам жоғалды деп ешкім шағым түсірген жоқ. Мүмкін, олар өз еліне қайтадан кетіп қалған болар, - деген жауап берді.

Өзбек босқынын іздеу ісіне қазақстандық адам құқығын қорғаушы ұйымдар да араласа бастады.

- Бізге босқын Ғабдурафих Темирбаевтың жоқ болып кеткендігі ғана белгілі болып отыр. Біз де өз тарапымыздан оның қайда екендігін білу үшін арнаулы орындарға сұрау салып, жауап күтіп отырмыз, - дейді Алматыдағы адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро қызметкері Виктория Тюленева дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына.

Өзбекстандық босқындарға қатысты бұндай жағдай осыған дейін де болған еді. Былтыр күзде Қазақстанның оңтүстігін паналап жүрген өзбекстандық тоғыз босқынның жоғалып кеткені және оларды Қазақстанның заң орындары ұстап алып, Өзбекстанға бергені туралы хабарлар тараған еді. Алайда, қазақстандық құзырлы орындардың ешқайсысы мұны растаған жоқ. Кейіннен әлгі босқындар Ташкендегі түрмеде жатқаны мәлім болды. Өзбекстандық билік оларды діни экстремизмге айыптап, сотқа тартты.

Халықаралық адам құқығын қорғаушы «Human Rights Watch» ұйымы Өзбекстан билігіне ұстап берген Қазақстанның іс-әрекеті халықаралық келісімдерге қайшы келетінін айтып, бұл жайтқа байланысты түбегейлі зертеу жүргізіп, кінәлі адамдарды жауапқа тартуды сұрап, биылғы жылғы наурыз айында қазақ президенті Н.Назарбаевтың атына үндеу хат жолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG