Accessibility links

26-маусым – нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы халықаралық күрес күні


Заңсыз есірткі тасымалы өтетін ел қатарына жататын Қазақстанда, ресми деректерге сүйенсек, былтыр 20 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, қылмыстың осы түріне қатысты 9 мыңнан астам іс тіркелген. Сонымен бірге, есірткі саудасымен ұсталған заң қызметкерлері жайлы деректер де жиі кездесіп отыр.

Заңсыз есірткі тасымалы жолында орналасқан Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда өткен аптада заң орындары жиыны 20 келіден астам героинды тәркіледі. Полиция қызметкерлері қалада есірткі саудасын кәсіп етіп, оңай пайдаға кенелмек болғандардың саны да жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады.

- Егер бұрын есірткі сатумен саудагерлердің өзі айналысқан болса, қазір олар бұл қылмыстық іске тамыр-таныстарын немесе есірткіге басыбайлы жандарды тартып, өздері тасада қалып қояды, - дейді Алматы қалалық ішкі істер департаментінің есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы Станислав Ридный.

Биылғы жыл басынан бері Алматыда есірткі саудасы мен тасымалына қатысты ұсталғандардың саны 60 адамды құраған. Ал алты айда елде есірткі тасымалына қатысты тіркелген қылмыс саны 480-ке жетіп отыр. Ұсталғандар арасында заң қызметкерлері де құрыққа ілігетіні үйреншікті жайтқа айналды. Өткен аптада Алматыда осындай қылмысқа қатысы бар деген күдікпен полицияның қылмыстық іздестіру бөлімінің 3 қызметкері қолға түскені хабарланып отыр. Соңғы жылдары бұндай қылмыс түрі, әсіресе, оңтүстік Қазақстан облысында жиі кездесетін болды. Былтыр облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының лауазымды қызметкерінен 40 кг жуық героин мен 2,5 центнердей апиын тәркіленген болатын. Ал осы Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық полиция басшысының орынбасары жақында алдымен 15 жыл мерзімге сотталып, кейіннен облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы оның жазасын тағы екі жарым жылға көбейтті. Полковник шеніндегі ол адам үлкен көлемде героин саудалап жатқанда қолға түскен болатын. Дәл сондай іспен осы облыстағы Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы да ұсталған.

Қазақстанда есірткі саудасына қатысты заң жауапкершілігі күшейтілгенімен, елде қылмыстың бұл түрімен айналысатындар саны азаймай келе жатқанын қарапайым азаматтар былай түсіндіреді:

- Дәл қазіргі таңда есірткі бизнесі тез әрі үлкен табыс әкелетін іске айналды. Сондықтан, мұндай мол қаржыдан қылмыстық топтар, солармен байланыстағы заң адамдары да сырт қалмайды.

- Қаладағы есірткі саудалайтын орындар полициямен сыбайлас болмаса, бірден жабылар еді. Ал жұрттың бәрі білсе де, заң құрығына ілінбей, көпе-көрнеу есірткі саудасымен айналысып отырған әлгіндей орындардың болуы – бұған полицияның тікелей қатысы бар екенін дәлелдейді.

Мамандар жыл өткен сайын Қазақстанда есірткіге тәуелді жандар саны да көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Қазіргі таңда елде нашақорлық дертіне шалдыққан 52 мыңнан астам адам ресми тіркеуде тұр. Олардың 60 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтар. Дегенмен, нақты сан мен ресми дерек арасында айырмашылық бар, дейді Алматы қалалық наркологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары Индира Құрманбекқызы:

- Тіркеудегілер тек 20-30 проценті ғана. Дәрігерге келіп қаралуға, тіркелуге қорқады азаматтардың көбі.

Сондай-ақ, дәрігерлер есірткіден қаза болатындар саны да жыл өткен сайын жиілеп бара жатқанын айтады. Ресми деректерде, былтырғы жылы ондайлардың саны 211 адам болғаны келтірілген. Алайда, олардың нақты саны бұдан көп болуы мүмкін дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG