Accessibility links

Омбудсмен шетелдік компанияларда Қазақстан азаматының құқығы бұзылып отыр деп есептейді


ҚР Адам құқықтары жөніндегі өкілетті өкілі Болат Байқадамов шетелдік кәсіпорындарда және шетел қатысатын компанияларда жұмыс істейтін адамдардың құқығын қамтамасыз ету саласындағы ахуалға көңіл аударту мақсатымен Қазақстанның Үкімет басшысы Даниял Ахметовтің атына өтініш білдірді. Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың сарапшылары «Омбудсменнің атына келген хаттарда көбінесе шетелдік кәсіпорындарында қолданылатын заңсыз жұмыстан шығару оқиғалары көп» дейді.

Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі өкілетті өкілі Болат Байқадамов дүйсенбі күні Премьер-министр Даниял Ахметовтің атына ресми хат жолдады. Онда шетелдік менеджерлердің қазақстандық заңнама нормаларын өрескел бұзғандығы, қазақстандық жұмысшылардың ауыр халі жазылған. Астанадағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Марал Қасенова соңғы уақытта Омбудсмен Болат Байқадамовтың атына келіп жатқан хаттардың дені шетелдік компанияларда жұмыс істейтін жұмысшылардан дейді:

– Бұл өтініштердің мәні өте терең болып тұр. Мысалы Азамат Рақымбаев деген азамат «Паркер Дриллинг» деген америкалық компанияға шағымданған. Осы кәсіпорында жұмыс істеп жүргенде мерттігу салдарынан көзінен мүгедек болып қалған.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бас сарапшысы Марал Қасенова «Азаттық» радиосына шетелдік компанияларда заңсыз жұмыстан шығару оқиғалары көп орын алатындығын айтты:

– Мысалы «Петро Қазақстан Құмкөл» АҚ-да жұмыс істейтін Оразова деген азаматшаны бала туғаннан кейін жұмыстан шығарып жіберген. Ал «Эйр-Астана» ЖАҚ-ның қызметкерінің жеке еңбек шартын ұзартпаған.

Ал Алматыдағы түріктердің құрылыс компаниясында жұмыс істейтін Қонысбай деген азамат өзінің жұмысының ауыр екенін «Азаттық» радиосына былайша баяндайды:

– Бір ай ертемен кешке дейін жұмыс істейсің. Ал түскі ас бар болғаны жарты сағат. Айына алатының 90-80 доллар. Ал жұмысы өте ауыр. Өздері ондайға жоламайды. Бастығы көп.

Бүгінде Қазақстан парламентінде Үкіметтің жаңадан әзірленген Еңбек кодексінің жобасы қаралып жатыр. Бұл жобаға балама ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Шәймерден Оразалинов те өзінің Еңбек туралы заңның жобасын әзірлеген еді. Шаймерден Оразалинов өзінің әзірлеген заң жобасында шетелдік компанияларда жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың құқығы егжей-тегжей жазылған. Ал Үкіметтің ұсынып отырған заң жобасында кемшіліктер көп, әсіресе жалақы мәселесінде дейді.

Ал Астанадағы Адам құқықтары жөніндегі үкіметтік ұйымның жетекшісі Марат Башимов Омбудсменнің негізгі атқаратын қызметі үш сала бойынша. Бірақ осы үш саланың өзін тиісінше атқарып отырған жоқ дейді:

– Бірінші Адамның құқықтарын қорғау. Екінші, Қазақстан заңдарын халықаралық шарттарға сәйкес келтіру. Үшінші, құқықтану насихаттарын жүргізу. Біздің Омбдусмен бірінші, екінші мәселе бойынша жұмыс істемейді деп айтса да болады.

Марат Башимов сонымен бірге елдің Омбудсмені халықаралық тәжірибеден көп үйрену керек деп есептейді:

– Омбудсменнің қазіргі Үкімет басшысына жазған хаты жөн. Бірақ ол жетіспейді. Ол премьер-министрге хат жазды. Енді одан әрі не істеу керек? Ол журналистерді жинап алып айту керек еді. Өткен жолы өзінің баяндамасында бір жылдың ішінде Үкімет басына екі-ақ рет хат жазғанын айтты. Ол күлкі емес пе? Ал шетелдерде Омбудсмендер хатты күнде жіберіп отырады. Олар да депутат сияқты ғой, Үкімет басшысынан талап ету керек.

2005 жылы прокуратура мекемелері мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген тексерістер нәтижесінде шетелдік компаниялардың еңбек заңнамасын бұзғандығы анықталған еді. Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі өкілетті өкілі Болат Байқадамов Үкімет басшысына жолдаған хатында Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылғандай Қазақстан азаматының азаматтық құқықтары мен бостандықтарды басым болуы керек дейді. Бірақ әзірге Омбудсменнің атына Үкімет басшынан әлі жауап келмеген көрінеді.
XS
SM
MD
LG