Accessibility links

Тимур Құлыбаев «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды

  • Досан БАЙМОЛДА

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің бұрын сайланған мүшелерінің өкілеттік мерзімдері уақыты жетпей тоқталығандығына байланысты маусымның 27-сі күні осы компанияның директорлар кеңесіне жаңа мүшелер сайланды. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің жаңа төрағасы болып Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев сайланды. Ол сондай ақ биыл құрылған «Самұрық» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Халықаралық экономика саласының маманы,дипломат Болатхан Тайжанның пікірінше мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» секілді ұлттық компанияны басқаратын директорлар кеңесіндегі бұл өзгеріс біріншіден, Т.Құлыбаев секілді Қазақстанның газ-мұнай саласында ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан адамның мемлекеттік компания басына келуі құптарлық болса, ал екіншіден, бұл президент Н.Назарбаев отбасы Қазақстанның мұнай-газ саласын тікелей өз қолдарына алғанын білідірмекші.

Белгілі экономист, «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Ораз Жандосовтың айтуынша, президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев елдегі мұнай-газ саласына президент отбасы атынан бұрын да бақылау жасап келген болса, енді ол өзінің сол бақылауын әлі де жасай беретінідігін осы жаңа жұмысы арқылы көрсетеді.

«Алайда, Т.Құлыбаевтың жаңа жұмысты қолға алуы нәтижесінде елдегі мұнай-газ саласында қандай бір өзгерістер мен жақсы нәтижелер бола қояды деп күтуге әлі ертерек, сол бұрынғы қалыптасқан жағдай жалғасып жүре береді», дейді Жандосов мырза.

О.Жандосовтың айтуынша, Т.Құлыбаевтың бұл жаңа жұмысына байланысты екі нәрсені еске салу қажет болмақ.

«Біріншіден, ол - мүдделер қайшылығы, яғни Т.Құлыбаев өзінің Қазақстанның мұнай-газ саласындағы акциялары мен үлестерін сатып, олардан құтылды ма, жоқ па деген сөз. Егер олай болмаса, онда мүдделер қайшылығы бар болмақ. Ол өзінің «Nelson Resources» мұнай компаниясындағы үлесін сатқандығы туралы айтылса да, оның қаншалықты шындыққа сай екендігі тағы да беймәлім. Менің білуімше, оның Қазақстанның мұнай-газ саласындағы активтері әлі бар болып отыр, бұл - мүдделер қайшылығы», дейді О.Жандосов.

О.Жандосовтың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ саласы соңғы 5 жылда алға жылжыған жоқ, яғни ел үшін пайдалы әрі тиімді жұмыс істелген жоқ. Әсіресе, Қазақстан мұнайын өндіретін шетелдік мұнай компанияларының жұмысын тиімді деп айту қиын дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Т.Құлыбаевтың «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болуының екі түрлі - экономикалық және саяси себептері бар.

"Экономикалық себеп - мұнайдан түскен қыруар ақшаны президент отбасы өзі бақылағысы келіп отыр, ал саяси себеп - президент соңғы кезде өзінің бірінші күйеу баласы Рахат Әлиевке қарағанда, осы екінші күйеу баласын өзіне жақын ұстауға ден қоя бастаған. Соның бір көрінісі осы жолғы Т.Құлыбаевқа ұсынылған жаңа қызмет болмақ", дейді саясаттанушы.
XS
SM
MD
LG