Accessibility links

Қазақстанда алкогольді ішімдік көлемі ұлғайып отыр

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Ресми деректер бойынша, соңғы жылдары Қазақстанда алкоголь өнімдерін шығару көлемі ұлғайып отыр. Оның басым бөлігі шарап, сыра тәрізді ішімдік түрлерінің үлесіне тиеді. Тұтынушылар арасында жүргізілген қоғамдық зерттеу көрсетіп отырғандай, 2005 жылы елде өндірілген ішімдіктің жалпы көлемі 2004 жылмен салыстырғанда, 22,5 пайызға немесе 9 млн декалитрге артқан. Сонымен бірге, арақ тәрізді, құрамында алкоголі жоғары ішімдіктердің шығарылуы, 1998 жылмен салыстырғанда, 24 пайызға төмендепті. Ал есесіне, сыра өндірісі 300 пайызға артқан

Алматының ірі дүкендер жүйесінің бірінде соңғы 3 жылда әкімшінің көмекшісі болып істеген Әсел осы уақыт ішінде алкогольді ішімдіктер нарығында өзі байқаған өзгеріс жайында айтады.

- Қазір, бұрынғымен салыстырғанда, шарап өнімдерінің өтуі 20 пайызға артты. Ал тәулігіне арақтың 150 бөтелкесі өтеді. Демалысқа жақын, әрине, бұл көрсеткіш ұлғайып, кейде 400-ге дейін өткен кездері болған.

2005 жыл бойына Қазақстанның 11 қаласында тұтынушылар арасында маркетингтік зерттеу жүргізген ТНС-Глобал агенттігінің жуырда жариялаған деректерінде, жастар сыраны аса құмартып ішетіні жазылған. Оның себебі, сыра - бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалануға тыйым салынбаған өнім екендігінде дейді зерттеушілер. Алайда мамандарды жастар арасындағы ішімдікке әуестіктің салдары алаңдатады. Нарколог-дәрігер Индира Құрманбекқызы сауда орындарында ішімдікті тұтынушыға жас шамасына қарамай сатуды тию керек дейді.

- Бұрынғы кездері шектеу болатын. Талонмен, бәленбай жастан асқан адамдарға ғана сатылатын. Ал қазір барлығына шектеусіз сатылады. Қазір заң бар – жасы 18-ге толмағандарға арақ сатпау керек деген. Бірақ, оны кім бақылап жүр? Рас, кейде бермей жатады, ал бірақ кейбіреулер арақты да, темекіні де ұстата салады балаларға. Содан шығар, жастарымыз арақты да, басқаны да іше салады.

Дегенмен, сауда жүйесі әкімшісінің көмекшісі Әсел дәрігердің мұндай уәжіне толық қосыла алмаймын дейді.

- Енді, жас шамаларына қарап басымдық беретіндей емес, барлығы алады. Ерлер, әйелдер, жастар.. Жасы 18-ден асқандарға ғана береміз, дегенмен, барлық жас өкілдері бірдей көлемде ала береді деп айтар едім.

Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, жастардың көп ішетін ішімдік түріне сыра жатады. Бұл жайында Алматы көшесінде біз микрофон ұсынға жастар мынадай пікір білдірді:

- Иә, мен ішем, достармен жиналғанда.

- Біз достарымызбен серуенге, қыдыруға шыққанда үнемі басқа емес, сыра аламыз. Сол ғана жақсы сияқты болып тұрады өзімізге.

- Ішетін кездер болады, дос-жарандармен отырғанда - көңілді болу үшін.

- Мен мүлдем ішпесем – періште болып кетем ғой!..

ТНС-Глобал агенттігі мамандарының бақылауынша, Қазақстан халқының табысы өскен сайын, олардың қымбат ішімдіктерге деген сұранысы да артып отыр екен. Сонымен қатар, сыртқа шығарылатын ішімдік көлемі де артқан. Мұндай құбылыстың бар екендігін сауда жүйесі әкімшісінің көмекшісі Әсел де растайды.

- Соңғы уақытта алкогольдің қымбат түрлеріне сұраныс та ұлғайды. Ликер, текила, секілді ішімдіктердің өтімділігі тұрақты - аптасына он шақты жәшік өтеді.

Қазақстанның қаржы министрлігі жария еткен деректер бойынша, елде өндірілетін сыраның көлемі 1998 жылмен салыстырғанда 300 пайызға дейін өскен екен. Қаржы министрі Наталья Коржова бюджетке алкогольді ішімдіктерден түсткен акциз көлемі 17 пайызға артып, 1 млрд теңгеге жуық соманы құрағандығын хабарлады. Мұны сауда жүйесінде істейтін Әсел де айтады.

- Сыра енді.. бәсеке бермейтін ішімдік түрі ғой ғой, оның өтімділігі ерекше. Жылдың кез-келген уақытында ала береді оны жұрт. Алкогольді өнімдер секциясының 40 пайызын осы сыра ішімдігі құрайды. Мына әлемдік футбол додасы кезінде де осы сыра біздің сөрелерімізде тұрып қалмайды, - дейді сауда жүйесінің қызметкері.

Зерттеу агенттіктерінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда қазақстандықтардың 61 пайызы алкоголді ішімдік тұтынады екен. Олардың басым бөлігі, яғни 74 пайызы сапаға назар аударса, қалғандары тек бағасына көңіл бөлетін көрінеді.
XS
SM
MD
LG