Accessibility links

Қазақстан Журналистер Одағының биылғы сыйлығына елдегі оппозициялық басылымның өкілдері де ие болды


Осыған дейін 28-маусым Қазақстанда журналистер күні ретінде аталып өтілетін. Ал қазір маусым айының соңғы жексенбісі журналистер күні ретінде мерекеленетін болып жүр. Қазақстанның Журналистер Одағы 28-маусым күні қазақстандық қырыққа жуық журналистері төл мерекелерімен құттықтап, сыйлықпен мараппаттады. Оның ішінде оппозициялық баслымның да өкілдері бар. Ал дәл осы күндері Парламент Сенатында елдегі баспасөз туралы заңға түзетулер енгізетін заң жобасы қаралып жатыр. Қоғамда даулы тақырыпқа айналып отырған бұл жоба маусымның 29-күні Сенаттың жалпы отырысында қаралмақшы. Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, қазіргі таңда «екі жарым мыңнан астам журналист президенттің атына хат жолдап, аталған заң жобасына оның вето жариялауын сұрап отыр».

1998 жылдан бері оппозициялық басылымдарда жұмыс істеп келе жатқан журналист Ермұрат Бапи, тоғыз жылдан кейін бірінші рет шығармашылық жұмысы үшін республикалық деңгейде марапатталып, Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты атанып отыр. Қазірде «Тас жарған» тәуелсіз апталық басылымында оның есімі «газеттің бас оқырманы» деп жазылады. Ол 2003 жылы президенттің атына сыни мақала жазғаны үшін сотқа тартылып, сот шешімімен оған бес жыл бойына баспагерлік қызметпен айналысуына тиым салынған еді. Ал енді биыл оппозициялық журналист Журналистер Одағының лауреаты атануы өзі үшін күтпеген жағдай болғанын айтады. Бірақ, қазір ол бұл сыйлықтан гөрі, маусымның 29-күні Сенат депутаттары қарайтын «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасы маңыздырақ деп санайды.

– Журналистерге мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық дегенде, мен айтар едім, қазір Сенатта талқыланып жатқан заңды оңды, дұрыс қабылдаса, сол ең бірінші кезекте көмек болар еді, - деді Е.Бапи «Азаттық» радиосына.

Журналистер Одағының сыйлығын алып отырған тағы бір журналист – «Қазақстан» телеарнасының бұрынғы қызметкері, бүгінде Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаевтың қызметінен кетуін талап етіп отырғандардың бірі Қасым Аманжол.

– Қазіргі кезең журналистер үшін өте күрделі кезең. Себебі, қазір Қазақстандағы болашақ билікке таласушы олигарх топтар өздерінің журналистік ұйымдарын құрып, тықпалау арқылы саясатқа ықпал етуге тырысып жатыр.

Ал мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есалы Қасым Аманжолдың жоғарыдағы пікірлерімен келіспейді. Есалы Қазақстанды сөз бостандығы дамыған, демократиялық мемлекеттер қатарына жатқызады:

– Мен өзім мемлекеттік басылымда жұмыс істеймін. Ал бірақ біздің қоғамда оппозициялық басылымдарда жұмыс істеп жатқан менің әріптестерім бар. Олар өздерінің ойларын толық айта алады. Сондықтан да «бізде сөз бостандығы жоқ, ойларымыз тұншығып жатыр» деген - бос сөз.

Дегенмен мемлекеттік телеарнаның бұрынғы қызметкері, ал қазірде жұмыссыз жүрген журналист Қасым Аманжол «журналистерге мемлекет тарапынан қолдау жоқтығын қазіргі Парламентте қаралып жатқан БАҚ туралы заң жобасынан білуге болады» деген уәж айтады.

Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев журналистер мерекесі тұсында, елдегі баспасөз бен журналистердің қызметіне тұсауды қатайтатын заң жобасы парламенттің төменгі палатасында асығыс-үсігіс қаралып, қабылдануына өкініш білдіреді.

– Біздің ойымызша, Сенат та бұл заң жобасын қабылдайды. Өйткені, үстінен сондай тапсырыс бар. Бірақ, біз де жай отырған жоқпыз. Бірнеше баспасөз мәслихатын, Алматыда шеру ұйымдастырып өткіздік. Бүгін 2540 журналист қол қойып, президенттің атына хат жолдадық, - дейді С.Матаев.

Алматыда Қазақстан Журналистер Одағының сыйлықтары тапсырылып жатқан кезде, Астанадағы Парламент үйінде Сенаттың мәдениет және әлеуметтік даму комитетінің депутаттары «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын тұтастай қолдап, оны маусымның 29-да болатын Сенаттың жалпы отырысына шығару жайлы ұйғарымға келді. Егер аталған заң жобасын Сенат қабылдаса, оған қол қою не қоймау тек президенттің құзырында болады.
XS
SM
MD
LG