Accessibility links

Ақ үй Иранды айыптап отыр


АҚШ президенті Джордж Буш осыдан бірнеше күн бұрын 1996-шы жылы Сауд Арабиясының Хобар мұнарасында болған бомбалық шабуылдарға Иранның қатысы бар, деді. Ол сондай-ақ әлгі оқиғаға қатысы барларды іздеп табуға шақырды. Иран үкіметіне қарсы қозғалған сот ісі дәлелдердің жеткіліксіздігі себепті осының алдында ғана АҚШ-та тоқтатылған болатын. Кейбір сарапшылардың айтуынша, халықаралық тараптан Иранға ұсынылған ынталандыру ұсыныстарына Техранның жауап беруіне мәжбүрлеуді ресми Уашингтон көздеуде.

Жарылғыш заттар тиелген жүк машинасы, Сауд Арабиясының Даранындағы, Хобар әскери құрылымына жақын жерде, 1996-шы жылдың 25-ші шілдесі күні, жарылған болатын. Ол жарылыстан Құрама Штаттардың 19 әскериі қаза болып, 350-дей адам жараланған еді. Осы оқиғаға орай АҚШ тарапының айыптаулары 6 жылдан кейін жарияланды. 2001-ші жылғы ол айыптау тізімінде 13 саудиялық және бір ливандық азамат есімі бар еді. Бірде-бір ирандық айыпталмаған болатын. Алайда, АҚШ ресми өкілдері сол оқиғаларға рух беріп, қолдап, басшылық жасаған адамдар Иран үкіметінің ішінде, деген күдіктерін көптен бері айтып келеді.

Хобар жарылысының 10 жылдығын атап өту тұсында Құрама Штаттар президенті Джордж Буш ол жолғы жарылыстарды Иран ресми өкілдерімен байланыста болған лаңкестер жүзеге асырды, деді. Ол сондай-ақ әлгі оқиғаға айыптыларды заң алдына тартуды Құрама Штаттардың мақсат тұтауда екендігін ескертіп өтті. Мұндай айыптауларды ресми Техран болса, негізсіз, деп жоққа шығарды.

Иран мәселесіне байланысты сарапшы Әли Ансаридің пікірінше, бұл жолғы осы айыптаулары арқылы Буш әкімшілігі Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Техранға қысым көрсетпекші.

Ал, АҚШ-та орналасқан Ратгерс университетінің профессоры Хушаң Әмірахмади болса бұл жөнінде, “Бұл-Иранға жолданып отырған ескерту. “Бізде проблема бар. Ол проблеманың сендерге қатысты мәселелерін кез-келген уақытта көлденең тарта аламыз” деп отыр. Менің ойымша бұл жерде екі мақсат бар. Біріншісі, Иранның уранды байыту үдерісін тоқтатуына мәжбүрлеу. Екіншісі, Буш әкімшілігінен игілікті дәрежедегі қорытындыларды күтуден Иранды сақтандыру. Яғни, Құрама Штаттармен келісімге келген жағдайда барлық проблема шешіле қалады, деп Иран ойламауы керек,”-дейді сарапшы Әмірахмади. Оның пікірінше, осы айтылғандарға қоса, Иранмен тікелей сөйлесулер жүргізуді талап етіп келе жатқан Уашингтондағы қарсыластарының талабынан осы мәлімдемесі арқылы президент Буш қашқақтауға тырысып отыр.

Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи маусымның 27-сі күні сөйлеген сөзінде тікелей сөйлесулер жоспарының маңызын төмендете көрсетті. Ол сөйлесулерден Иранға пайда жоқ, дегенді айтты. Профессор Әмірахмадидің айтуынша, осы мәлімдемесі арқылы Хаменей мырза АҚШ-тың Иранмен арадағы түсініспестікті жойғысы келетіндігіне күманы бар екендігіне мегзеп отыр. АҚШ-пен сөйлесулер мағыналы болуы үшін Иран біраз қадамдарға баруы тиіс, дейді Хаменей мырза. Сыртқы істер бойынша кеңестің құрылуы да сол қадамдардың бірі, дейді Әмірахмади сарапшы.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, халықаралық тараптан Иранға жасалған ынталандыру ұсыныстарына жауап беруіне Техранды мәжбүрлеуді ресми Уашингтон көздеуде.
XS
SM
MD
LG