Accessibility links

Алматыда жоғалып кеткен өзбек босқыны Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қамауда отырғаны мәлім болды


Осыдан бір апта бұрын Алматы қаласында ұшты-күйлі жоғалып кеткен өзбекстандық босқын Ғабдурафих Темірбаевты Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстағаны белгілі болып отыр. Бұл туралы маусымның 30-ы күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының басшысы қызметін атқарушы Сезар Дюбон мырза мәлімдеді. Ал Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты растамай отыр.

“Өзбекстандық босқын Ғабдурафих Темірбаевтың қазіргі жағдайы қандай күйде екені бізге беймәлім. Сұрау салуымызға орай, телефон арқылы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің бізге берген ақпаратынан оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстағаны белгілі болып отыр”, - деді Сезар Дюбон мырза жұма күні «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында.

Ал Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров:

“Бұл оқиға туралы естігенмін. Бірақ, менде ешқандай мәлімет жоқ”, - деп жауап берді.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының басшысы қызметін атқарушы Сезар Дюбон мырза болса өзбек босқыны Қазақстанда қамауда екенін айтады.

“Қазақстанның құзырлы орындарына қайырылып, олардан босқын Ғабдурафих Темірбаевтың бүгінгі хал-жағдайының қалай екендігін білу үшін онымен жолықтыруды сұрағанбыз. Қазір жауап күтіп отырмыз. Жүргізілген келіссөздер кезінде Қазақстан үкіметі Ғ.Темірбаевтың қазірге Қазақстанда екендігіне сендіріп отыр. Алайда, ресми орындар босқын Темірбаевты не үшін ұстағандары түсініксіз. Құзырлы орындарға оның не үшін ұсталғандығын білу мақсатында жазбаша сұрау салдық. Осы мәселеге байланысты Алматы және Астана қалаларындағы жоғары шенді шенеуніктермен кездеспек ойымызда бар”, - деді Дюбон мырза.

Өткен сенбіден бері Алматыда із-түссіз жоғалған өзбек босқынын іздеу ісіне қазақстандық адам құқығын қорғаушы ұйымдар да араласқан болатын.

“Бізге Темірбаевты Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ұстағаны, оның бүгінгі күні Алматы қаласындағы аталмыш комитеттің тергеу абақтысында отырғаны мәлім. Құзырлы орындар онымен не әйелін, не адам құқығын қорғаушыларды, не БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының қызметкерлерін кездестірмей отыр. Босқындар мәртебесі жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойған Қазақстанның босқындарды өзге елдерге ұстап беруге құқығы жоқ. Бұл - халықаралық нормаларды бұзу болып табылады”, - дейді Алматыдағы Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро қызметкері Денис Жеваго.

Маусымның 25-і күні өзбек босқыны Ғабдурафих Темірбаевтың зайыбы, екі баланың анасы Бақтыгүл Оманова электронды басылымдар арқылы Қазақстан президентінің атына ашық хат жолдап, онда белгісіз жағдайда жоғалып кеткен ерін табуға көмек сұраған еді. Қазақстанға бассауғалап келген өзбекстандық босқындарға қатысты бұндай жағдай осыған дейін де болған-тын. Былтыр күзде Қазақстанның оңтүстігін паналап жүрген өзбекстандық тоғыз босқынның жоғалып кеткені және оларды Қазақстанның заң орындары ұстап алып, Өзбекстанға бергені туралы хабарлар тараған еді. Алайда, қазақстандық құзырлы орындардың ешқайсысы мұны растаған жоқ. Кейіннен әлгі босқындар Ташкендегі түрмеде жатқаны мәлім болды.
XS
SM
MD
LG