Accessibility links

Талдықорғандағы сотта кәулардан жауап алу басталды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Талдықорғандағы Алматы облыстық сотта оппозиция көсемдерінің бірі – Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісі шілденің 3-күні куәлардан сұрақ-жауап алуды бастады. Дүйсенбі күні жоспарланған 12 куәның 9-ы жауап беріп үлгерді. «Арыстан» бастығының бірінші орынбасары Виктор Стороженко мен тағы екі жауынгерден сұрақ-жауап 4-шілдеде жабық есік жағдайында өтетін болып шешілді. Мамандар дүйсенбі күнгі куәлардың сот ісіне айтарлықтай жаңалық қоспағанын айтады. Ал айыпталушылардың бірі Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов мырза куәларды сот алдын ала тергеу барысында тергеу тәртібін өрескел бұзды деген пікір айтса, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек мырза «Арыстандықтар» автоматты жоғарыдан бұйрық болмаса алып шыға алмас еді деген күдік айтады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сотта 3-шілде күні жауап беруге шақырылған куәлар - қаза болғандардың ұялы телефондарын сатқан не сатып алғандар және автокөлікті алғаш көріп, полицияға хабарлаған, сонымен қатар, Ержан Өтембаевтың келіні жеткізген пакетті Ибрагимовқа табыстаған келіншек, оқиға орын алған күні «Арыстандықтар» бөлімшесіндегі кезекші болған офицерлер, Медеу шатқалындаға торуылды көрген полиция патруль қызметкерлері болды. Сотқа қатысушы жақтардың өкілдері куәлар ешқандай да мардымды мағлұмат бермегенін айтады.

- Куәлар ешқандай жаңалық ашпады, тек телефондар ұрланған ба, жоқ па деген анықтаманы толықтырғаны болмаса. Сот оны ұрланған деп таныса, айыпкерлерге бопсалау бабын да қоспақшы ниеті барлығы байқалады, бірақ айыпкерлер оны ұрланған деп айтқандағы мақсаты - сатылып кетпес үшін алдын ала айтылған амал деп түсіндіріп отыр. Бұл орыс тілі бай ғой, былай да айтуға келеді, басқаша деп те айтуға келеді, - дейді айыпталушы Ержан Өтембаевтың жақтаушысы Виктор Семин мырза.

Ал айыпталушы Рустам Ибрагимовтың жақтаушыларының бірі Серік Сәрсенов мырза патрульдік полициялар болмаса басқалары қосалқы куәлар, оларды тергеу барысы заң шеңберінде болғанмен полицияларды тергеу барысында заң бұзылған деп отыр.

- Патрульдік полиция қызметкерлеріне «Арыстандықтардың» суретін тергеу алдында көрсеткен, cөйтіп олардың көзін үйреткен, өйтпесе полициялар «Арыстандықтарды» суреттен танымас та еді. Бұл тергеудің тазалығын өрескел бұрмалау болып табылады, - дейді адвокат Сәрсенов.

Куә ретінде сотқа шақырылған патрульдік полицияның бірі сот залында өзіне алғашқыда Әбікеновты көрсетіңізші дегенде, ол оны біресе Ибрагимовпен, біресе Тәжімен шатастырып, көпшілікті күлдірген оқиға да орын алды. Ал Алтынбектің ағасы Рысбек мырза куәлардың бәрі де белгілі бір мүдде үшін алдын ала дайындалған сияқты деген күмәнін айтады.

- Белгілі жағдайлар, «Арыстанның» адамдарымен полициялардың кездескені рас. Бір-бірін көрген, бірақ ар жағын толық бұлар да айтып тұрған жоқ. Менде осы полицияларды бәлкім біреулер, «барып көріп келіңдер» деп жіберді ме екен деген күдік те қалды. Бәлкім, кездейсоқтық болуы да мүмкін, ал осы жайды ажырататындай олардың жауаптары нақты шыққан жоқ, - дейді Р.Сәрсенбайұлы.

Рысбек мырза автоматтарды әскери бөлімшеден алып шығуға жоғарыдағы біреу рұқсат беруі де мүмкін деген күдік білдіреді.

Сейсенбі күні сот «Арыстан» басшысының бірінші орынбасары Виктор Стороженко мен оқиға орын алған күнгі бөлімшеде кезекші болған екі офицерден жауапты жабық есік жағдайында алмақшы.
XS
SM
MD
LG