Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.04.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз «бұдан былай қазақтың қара алтынын Назарбаевтың екінші күйеубаласы Тимур Құлыбаев басқарады» деп жазды. Сонымен бірге басылымдар Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы «Отан» партиясымен қосылғандығына мән берсе, газеттердің бірі герцог Йоргский мұнайлы Орал өңірін аралап жүргендігіне назар аударған.

Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы «Отан» партиясымен біріккендігі «Жас Алаш» газетінде айтылған. Мұндай шешімді асарлықтар шілденің 3-күнгі кезектен тыс құрылтайында қабылдапты. Осы тақырып төңірегінде «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазды: «Асар» партиясының төрағасы Дариға Назарбаева Президент сайлауының алдында коалицияға кірген партияларды бірігуге шақырған еді. Жаңа партиялық жүйе құру – тек қана саяси, идеологиялық мәселе емес, сонымен қатар заңдылық. «Асар» партиясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ұзаққали Елеубаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында топтасып жұмыс істеу екі жаққа да тиімді деп есептейтіндігін айтқан. «Партия пәрменділігі бірлікте екенін қаперде шығармаған жөн. Егер «Отан» партиясының туы астына өтсек, онда барлығым отандықтар болып шығамыз» деген «Асар» партиясының мүшесі Ұзаққали Елубаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

«Жас Алаш» газетінің «Тимур таққа отырды» атты бағанамен басталатын мақаласында президент Назарбаевтың екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің төрағасы болғандығы туралы баяндалған. «Бұдан былай қазақтың «қара алтынын» бұрындары да «сұр кардинал», «мұнай падишасы» деп аталып жүрген Құлыбаев басқарады десек, артық айтқанымыз емес» делінген мақалада. «ҚазМұнайГаз» қоластында 30 мың адам жұмыс істейтін жәй ғана мұнай компаниясы емес. Ол – Қазақстанның мұнай және газ саласындағы саясатты айқындап, жүргізіп отыратын жалғыз мекеме. Құлыбаевтың банк саласында да ықпалы күшті. Таяуда Қаржылық бақылау агенттігі «Халық банкі» акционерлік қоғамының қожайындары кім екендігін жария етті. Сонда белгілі болғандай, Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы Динара Құлыбаева «Алмэкс» холдингінің негізгі акционерлері екен. Бұл компанияны Динара Нұрсұлтанқызы басқарады екен. Ал өткен жылы президент Н.Назарбаев ортаншы қызының кәсіпкерлікпен айналыспайтынын айтқан болатын» деп жазды «Жас Алаш».

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жалғыз акционері «Самрұқ» холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы болып Әділбек Жақсыбеков тағайындалғаны туралы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды. Тағайындау туралы Үкіметтің қаулысында Әділбек Жақсыбековтың бұл жұмыспен қоса Президент әкімшілігінің басшысы міндетін атқара беретіндігі көрсетілген.

Арал теңізінің түстік-батыс қапталындағы Құланды түбегінде 37 миллион тонна мұнай мен 27 миллиард текше метр газ қоры бар екендігі туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазды. Аталған өңірдегі барлау жұмыстары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына жүктелген. Жақында «Арал өңірі» жобасы бойынша жүріп жатқан сол жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталған. Қазіргі күндері мұнда бірінші ұңғыманы орналастыру жұмыстары жүріп жатыр» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта Қазақстанның мұнайлы өңірі – Оралға Ұлыбритания ханзадасы Эндрю мырзаның келгендігі «Литер» газетінде жазылды. «Ұлыбританияның сауда және инвестиция мәселелері жөніндегі арнайы өкілі герцог Йоргский Қазақстан мен Британия арасындағы коммерциялық байланыстарға мән беріп отыр» делінген мақалада. Екі күнге созылатын сапары барысында ағылшын ханзадасы Қарашығанақ мұнай кенішін аралап, қаланың мәдени орындарына барады. Әрі қарай Астана барып, Дженкинстың «Тлепа» қойылымын тамашалайды» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» газетінде 15 күннен кейін қазақтың саны 9 миллионға жететіндігіне мән берілген. «Осы жылдың маусымындағы дерек бойынша Қазақстандағы қазақтар 8 млн 993103 адамға жетті. Қазақстандық демограф Ерболат Мұсабектың айтуынша, осы жылғы шілде айының орта шенінде Қазақстанда тұратын қазақтардың саны 9-миллионға жетеді» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG