Accessibility links

Оппозиция қайраткері президентке тіл тигізді деп айыпталып, қылмыстық жауапқа тартылды


Алматы қаласының Медеу аудандық сотында оппозиция саясаткері Жасарал Қуанышәліге қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тыңдауы өтпекші. Ол ҚР қылмыстық істер кодексінің 318 бабының 2-бөлігіне сәйкес, Қазақстан президентінің ар-ожданына нұқсан келтіргені үшін жауапқа тартылып отыр.

Жасарал Қуанышәліні «Қазақстан президентінің ар-намысы мен абыройына тіл тигізді» деп айыптап, оны қылмыстық жауапқа тартуды сұраған Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Сейіткерім Қожаназаров 2005 жылдың қараша айының 18-і күні Бас прокуратураға арыз түсірген еді. Оның арыз жазуына 2005 жылғы “Апта kz” басылымының 28-інші және “Азат” газетінің 34-інші сандарында, оппозиция белсендісі Жасарал Қуанышәлінің Қазақстан президентін сотқа бергендігі туралы өткізген баспасөз мәслихатынан “Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке сатқындығы және ұлтқа опосыздығы үшін жауап беруі тиіс” деген тақырыппен жарияланған мақала түрткі болды.

Шілденің 4-күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Жасарал Қуанышәлі:

“Президент Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылы тамыз айының 24-і күні тікелей эфир арқылы халықпен сұхбатында “қазақта ешуақытта шекара болмаған” деп атышулы мәлімдеме жасады. Осыған байланысты мен президентті жауапқа тарту жөнінде 2005 жылдың қазан айының 5-і күні Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа “Назарбаев мемлекетке сатқындық жасап отыр” деп арыз түсірдім. Президент өз мәлімдемесі арқылы Жириновский, Солженицын сияқтылардың «қазақта мемлекет болмаған, қазақ деген ұлт емес - тобыр, тілі де жоқ» деген сөзін растады. Сондықтан мен қылмыстық кодекстің негізінде Назарбаевты жауапқа шақыру жөнінде мәселе қойдым. Бірақ, өкінішке орай, мен ұзақ уақыт үнсіздіктен кейін биыл қаңтар айында өзіме қарсы қылмыстық іс қозғалғанын білдім. Арыз Қожаназаров деген азаматтың атынан берілген екен. Жоғарғы органдардан жауап күтіп жүрсем жауап басқа жақтан келді. Алайда, мен шағым түсірген өткен жылдың қазан айынан бері жарты жылға жуық уақыт өтті. Бірақ Қазақстанның ең жоғарғы құқық қорғау органдары - Бас прокуратура мен Жоғарғы соттан күні бүгінге дейін менің талап-арызыма ешбір жауап жоқ,” - деді.

Ал Ж.Қуанышәлінің үстінен сотқа арызданған зейнеткер Сейіткерім Қожаназаров болса Жасарал мырзаның кінәсы бар деп отыр.

«Қуанышәлі Нұрсұлтан Назарбаевтың: “қазақта шекара болмаған” деген сөзіне жабысып, мемлекетке сатқындық, ұлтқа опасыздық жасады дегені үшін заң алдында жауап беруі тиіс. Ал президентімізді қылмыскер деп негізсіз айыптау, оны бүкіл газеттерде жариялау мен үшін қылмыс болып саналады. Мен сондықтан Бас прокуратураға арыз жазғанмын. Президент Н.Назарбаевты қазақтарда шекара болмаған деген пікірі үшін айыптауға болмайды. Президент қазақтарда шекара болмаған деп дұрыс айтты. Мен де сол пікірдемін», - дейді С.Қожаназаров.

Алайда оппозиция өкілі өзін айыптымын деп санамайды.

«Маған тағылып отырған айыптардың ешқандай негізі жоқ. Егер шекарасы, мемлекеті болмаса ол халық емес - тобыр ғой. Осындай ақылға сыймайтын әңгімені Назарбаев айтады. Мен ол жауапқа тартылсын деймін. Бірақ, сот, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті енді менің өзімді жауапқа тартып жатыр», - дейді Жасарал мырза.

Аталмыш іс Алматы қаласының Медеу аудандық сотында шілде айының 10-ы күні қаралмақшы.
XS
SM
MD
LG