Accessibility links

Әкелі-балалы Назарбаевтар басқаратын саяси партиялар неліктен бірікті?


Шілденің 4-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Отан" партиясы мен оның қызы Дариға Назарбаева басшылығындағы "Асар" партиялары бір саяси ұйымға қосылды. Мұны бірқатар сарапшылар алда кезектен тыс өтуі мүмкін парламент сайлауына дайындық деп қабылдап отыр.

«Асар» партиясының «Отанға» қосылуын оппозциялық саясаткер Ғалымжан ЖАҚИЯНОВ президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның тәуелсіз саясаткер ретіндегі мансабының құлдырауы ретінде қарастырады:

- Назарбаеваның ерекше саяси тұлға ретінде бола алмайтындығын көріп тұрмыз. Алдында қанша саясаткер боламын деп, қоғамдық қызметке араласып жүргеніне қарамастан, міне, ақыр аяғы өзінің әкесінің партиясына қосылып, өзі тәуелсіз саясаткер бола алмайтындығын көрсетіп тұр.

Сонымен бірге, Ғалымжан Жақиянов, Қазақстандағы президентшіл екі үлкен партияның бірігуінің бұдан өзге де себебі бар деген ойын айтады. Оппозиция қайраткерінің пікірінше, бұл - Дариға Назарбаеваға ғана емес, ол депутат болып есептелетін қазіргі Парламентке де тікелей қатысты мәселені айқындап отыр.

- Қазіргі Парламенттің, Мәжілістің сайлануы қоғамда көптеген сұрақтар туғызғаны мәлім. Кезінде ол «заңсыз сайланды» деп, «сайлау заңы бұзылды» деген әңгіме шыққан. Осының бәрін ескере отырып, қазіргі Парламент таратылып, Конституцияға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Және Парламент сайлауын биылғы жылдың аяғында өткізіп жіберуі де ықтимал. Бүгінгі екі партияның қосылуы осыны аңғарта ма деп ойлаймын... Сайлаудан кейін Парламенттегі барлық орындарды осы партия алуға ұмтылып отыр ғой. Ал бұл қоғамдағы дағдарысты жағдайды одан сайын шиеленістіруі мүмкін, - дейді Ғ.Жақиянов мырза.

«Отан» мен «Асардың» қосылуының алдағы сайлау науқанымен байланысты болуын саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының жетекшісі Досым СӘТПАЕВ та жоққа шығармайды. Оның айтуынша, қазір екі белгілі болжам бар: оның бірі партиялардың қосылуы – кезектен тыс өтуі мүмкін парламенттік сайлауға дайындық болса, екіншісі - президенттің мұрагері жобасын әзірлеуді басы болуы мүмкін.

- Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлының орнын басатын адамның тірегіне айналатын қуатты партиялық құрылым жасақталып жатыр деген пікір бар. Бұл жерде Дариға Назарбаеваның аты аталады. Бірақ, саяси және бизнес элитаның саяси қызметінде күйеуі Рахат Әлиевпен қоян-қолтық жүретін Дариға Назарбаеваны жөн көруі екі талай. Сондықтан, бұл жерде кезектен тыс парламенттік сайлаудың болу мүмкіндігі зор. Байқасаңыз, ақпараттық науқан басталып кеткен де тәрізді. Ал бұл сайлау – жаңадан қосылған партия үшін сынақ болмақ. Содан кейін барып бұл партияның президент таңдап алатын мұрагерге тірек болу-болмауы айқындалады, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Бірақ, «Асар» партиясының бұрынғы басшыларының бірі, қазіргі біріккен «Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі, генерал-майор Мұрат ҚАЛМАТАЕВ «Азаттық» тілшісіне бұл екі партияның бірігуі ешқандай саяси науқанмен байланысты емес деді:

- Оған дайындық емес! «Асар» партиясының бастамасымен, партия лидері Дариға Нұрсұлтанқызы партияларға: «Көтерген жүгіміз - бір, алған бағытымыз – бір. Сондықтан, бірлесіп жұмыс істесек» дегендей ұран тастаған. Соған байланысты қосылып отырмыз. Ешқандай Парламент сайлауы деген әңгіме жоқ! Бүгін сөйлеген сөзінде президент айтты ғой парламент сайлауы өз уақытында болады деп.

Парламенттік сайлаудың кезектен тыс жағдайда өтпейтіні рас, бірақ екі жылдан кейін болатын сайлауға дайындық қазір басталды деген пікірді Ұлттық саяси зерттеулер орталығының директоры Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ айтып отыр.

- Ресейдегі саяси процестерге ұқсас оқиғалар болып жатыр. Олардағы президенттік «Единая Россия» деген партия 3-4 жыл бұрын құрылған. Олар сайлауға дайындық 3-4 ай, жарты жыл бұрын емес, 2-3 жыл бұрын басталады дегенді бұрын көтерді. Қазақстанда соған ұқсас процесс жүруде. Ал дүние жүзінің тәжірибесіне қарайтын болсақ, Индонезия, Қытай сияқты елдердің үлгісіне бара жатырмыз. Үлкен бір партия болу - соның белгісі. Басқа партиялар ұсақталады немесе саяси ахуалға ықпалы тимейтіндей болады, - дейді Б.Нұрмұхамедов.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның саяси алаңында 12 саяси партия қызмет етіп келген. Олардың тек 3-і ғана оппозициялық болып есептеледі.
XS
SM
MD
LG