Accessibility links

Испания халқы метродағы апат кезінде қаза тапқандар рухына аза тұтуда


Шілденің 3-і күні Валенция қаласындағы метрода апат болып, 41 адам құрбан болды. Испанияда марқұмдардың рухына арналған 3 күндік аза жарияланды. Ресми орындардың хабарына қарағанда, дүйсенбі күні Валенция қаласындағы метро пойызы аялдама бекетіне жақындап қалғанда, бірден екі вагон жолдан шығып кеткен.

Таратылған мәліметке қарағанда, пойыздың жүру жылдамдығы межеден асықтау болған, тіптен алдыңғы вагонның бірер дөңгелегі сынып кеткен де болуы керек.

Апат жөнінде дабыл қағылысымен-ақ, төтенше жағдай қызметінен құтқарушылар көмекке асыққан. Қаза тапқандардың денелеріне қоса қираған екі вагоннан жарақат алғандарды сыртқа алып шығылған. Артынша анықталғанындай, ол апаттан 41 адам қаза тапқан. Кемінде 40 кісі жарақат алған.

Жолы болып аман қалған жолаушының бірі Хасе Антонио Муноз қолы сынса да қалайша тірі қалғандығын былайша суреттейді:

- Біз мінген вагон төңкерілп түсті. Тас қараңғыда қалдық. Ол сұмдық жағдайдан қалайша аман қалғанымды білмеймін.

Осыдан екі жыл бұрын ел астанасы Мадрид қаласының маңайында екі бірдей теміржол пойызына террорлық шабуыл жасалып, онда 191 жолаушының қаза тапқандығы дер кезінде хабарланған болатын. Жұрт бұл күндері, әрине, ол апатты алдымен еске алары кәдік.

Бірақ, ресми орындар бірден-ақ, Валенциядағы бұл метро апаты лаңкестік шабуылының нәтижесі емес, деп халықты тыныштандыруға тырысты. Дәйекті дерекке қарағанда, қаланың орталық ауданында жылдам келе жатқан кезде ол пойыз Иссус аялдамасына жақындағанда, қазіргі мәлімет бойынша, алдыңғы вагонның дөңгелегі сынып, тіркеме жолдан шығып кеткен, екі вагон төңкерілген.

Бірақ, аймақтық көлік министрлігінен Хосе Гарсия Антонның кейінірек айтуынша, вагон дөңгелектері сап-сау, жақсы жағдайда болған көрінеді.

Хосе Антонның айтуынша, өзінің ондай болжамына негіз болар дерек ұсыну үшін метро пойызындағы қара қораптағы жазба мәліметтерін зерттеу қажет екен. Ал ол қорап сейсенбі күні табылған.

Бұл арада метро апатынан кейін арадан бір күн өтпей жатып, Испания үкіметі қаза тапқан марқұмдар үшін 3 күндік аза жариялады. Прага уақытымен сейсенбі күні түс шамасында қаза тапқандардың рухына 5 минуттық үнсіздік сақталды.

Қазіргі кезде Валенциядағы мәйітханаға марқұмдардың отбасы мүшелері, туыстары келе бастаған. Кешке қарай Валенциядағы шіркеуде қаза тапқандар рухына арналып, дұға оқылады.

Испанияның бас министрі Хосе Луис Родригес Запатеро өзінің Үндістан сапарын тоқтатып, елге қайта оралып, Карол Хуан Карлос және Королева Софиямен бірге шіркеудегі ол еске алу рәсіміне қатыспақ.
XS
SM
MD
LG