Accessibility links

Қазақстан территориясындағы қытайлық «PetroKazakhstan» мұнай компаниясының үлесін «Қазмұнайгаз» компаниясы сатып алды


Астанада шілденің 5 күні қол қойылған келісімде жазылғандай, Қазақстан территориясындағы қытайлық «PetroKazakhstan» мұнай компаниясының құнды қағаздарының 33 пайызы енді Қазақстан меншігінде болады.

Қазақстандағы «PetroKazakhstan» компаниясы бұрын Канаданың меншігінде болған. Кейін үндістандық миллиардер Лакшми Митталдың ONGC компаниясы саудаға түсіп, Қазақстандағы кәсіпорынды сатып алуға ниет білдірді. Бірақ ол қытайлықтар бергелі отырған қаражаттан аз ұсынған болатын. Сөйтіп, Қытайдың «China National Petroleum» корпорациясы «PetroKazakhstan» кәсіпорнын сатып алды. Ал, енді қазақстандық «Қазмұнайгаз» компаниясы бұл кәсіпорын құнды қағаздарының үштен бір бөлігіне ие болды. Оның сыртында «PetroKazakhstan» компаниясының меншігіндегі Қазақстандағы ең ірі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының 50 пайыз акцияларын сатып алды. Келісім құны - 1 миллиард 372 миллион доллар. Компанияның әр акциясы 55 доллардан сатылды. Бұл қытайлықтар канадалықтардан алған бағадан жоғары емес деп хабарланып отыр.

- Қазақстандық компания келісімге қажет қаржыны қарыздық құнды қағаздарды шығару арқылы таптық, - деді «Қазмұнайгаз» компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин.

Ресми мәлімет бойынша «PetroKazakhstan» компаниясы «Құмкөл» кен орнында жұмыс жүргізіп келеді. Тәулігіне кәсіпорын орта есеппен 150 миллион баррель мұнай табады деп хабарланған. Компанияның таза табысы жылына шамамен жарты миллиард долларды құрайды. Қазір «PetroKazakhstan» компаниясының құрамында 11 кеніш бар, оның жетеуі белсенді игерілуде.

Саясаткер Дос Көшім, Қазақстан біртіндеп осындай құнды қағаздарды көбейте бергені абзал деген пікір айтады:

- Әр халық өз жерінен шыққан пайдасын өзі көру керек. Шама келгенше үлкен өндіріс орындары Қазақстанда қалғаны дұрыс. Сонда ақша көбірек түседі, шетелдіктердің салығынан да көп. Басында қиын жағдайда басқаларға сатуға тура келген. Қазір жағдай басқаша.

Жалпы мұнай көлемі бойынша, Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр, бірақ, өңделетін мұнай көп емес, дейді сарапшылар. Осылайша, мұнайдың көп көлеміне қарамастан ішкі базарда оның тапшылығы байқалады. Статистика мәліметіне сүйенсек, «Қазмұнайгаз» елде табылатын барлық мұнайдың небәрі 20 пайызын игеруге құқылы. Қалған 80 пайызы - шетелдік компаниялардың меншігі. Олар өз кезегінде салықты төлеп болғаннан кейін, өз өнімін қайда сатам деседе құқылы. Бірақ, «PetroKazakhstan» компаниясымен жасалған соңғы келісімнен кейін бұл көрсеткіштер ұлғаюы мүмкін, дейді бақылаушылар.
XS
SM
MD
LG