Accessibility links

Қазақстан президенті заңсыз еңбек мигранттарын легализациялау туралы заңға қол қойды


Аталмыш заңда шетелдіктерді ішкі істер мекемелерінде тіркеу және айырықша үлгідегі көші-қон карточкасын беру арқылы легализациялау қарастырылған. Енді осы заңға сәйкес легализацияланған еңбек мигранттары мен оларға жұмыс берушілер туралы мәліметтер арнаулы реестрге енгізілмек.

Алматы қаласындағы орталық базарда сауда-саттықпен айналысып жүрген қырғыз саудагері Тамара Құбашева үшін бұл заң күтпеген жаңалық болыпты. Еңбек мигранттары туралы Қазақстан заңына сәйкес жергілікті жердегі ішкі істер министрлігінде 3 айға тіркеліп еңбек етіп жатқан Тамара Құбашева қуанышын жасыра алмады.

- Заң қабылданса бізге жақсы ғой. Осы Қазақстанда жүре береміз. Бұл жерде бізге жақсы. Осы жерден нан жеп отырмыз. Рахмет қазақ бауырларға. Осында келгелі жағдайымыз көтеріліп, Қырғызстаннан үй алдық. Сауда жасап жүргенімізге 10 жыл болды. Біздің еркін жүріп-тұруымызға жағдай жасалатын болса балаларымызды осында оқытқымыз келеді, - дейді Тамара Құбашева.

Тамара өзі мен өзге де сауда жасайтын шетелдік азаматтарға базарда полиция қызметкерлерінің жиі тексерулер жүргізіп тұратындығын айтады.

- Полиция тұрмаңдар деп қуалап, бізден ақша талап етеді. Ақша беріп қайта саудаға шығамыз. Кейде құжаттарың дұрыс емес деп ұстап алып кетіп, шекарадан шығарып тастайды. Енді мұндай әрекеттер болмаса жақсы болар еді, - дейді қырғыз мигранты.

Жоғарыда президент қол қойған заңға сәйкес, Қазақстан үкіметі осы жылдың тамыз айының 1-інен желтоқсан айының 31-іне дейін заңсыз еңбек күштеріне рақымшылық жасау акциясын жүргізбек. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда қазіргі кезде 300 мыңнан астам заңсыз жүрген шетел азаматтары бар екен. Егер мигранттарға рақымшылық жасалатын болса олардың кемінде 100 мыңға жуығы заңдастырылмақ.

Алайда қатардағы тұрғындардың арасында мигранттарды заңдастыруға қарсылар да бар.

- Өзіңіз ойлаңызшы, біз жаңадан дамып келе жатқан мемлекетпіз. Өзіміздің қаншама адамымыз жұмыссыз жүр. Ал сырттан келетіндерді заңдастырса, олар келеді де бағаны екі-үш есеге дейін төмендетіп, жұмысты тартып алғандай болады. Ал біздің өзіміздің азаматтар тағы да көшеде қалады. Сондықтан мен мұндай заңға қарсымын, - дейді Азамат Нұрпейісов есімді тұрғын.

Келесі бір Ерлан Асқаров есімді жігіт:

- Заңдастырғаны жақсы ғой. Осы кезге дейін олар өз беттерінше өтіп білгендерін істеп жүре берді. Егер заңдастырылса, онда қылмыс та, басқа да азаяр еді. Олар белгілі-бір бақылауда болады деп ойлаймын, - дейді.

Сарапшылар елдегі еңбек базарында қордаланған проблемаларды шешу үшін кешенді жұмыстар атқаруы керектігін айтады.

- Мигранттар проблемасына біржақты қарауға болмайды. Бұл мәселені қарастыратын заңның өзі таңдамалы болу керек. Қазір келем дегені де, келмеймін дегені де - бәрі кіріп жатыр. Олармен ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Өзімізде де ішкі миграция бар. Алдымен соларды жұмыспен қамтуымыз керек. Алайда, оларды ешкім ойлап жатқан жоқ. Біріншіден, ішкі миграцияны шешіп алуымыз керек. Сыртқы миграцияға, менің ойымша, осындай көзқарас болу керек. Олардың бәрін қабылдай беруге болмайды. Басқа жақтардан кейде тек қара жұмыс істейтін азаматтар емес, сол мигранттардың арасында аурулары да, нашақорлары да, қылмыс әлеміне жақын адамдар да келуі мүмкін. Ондайларға тосқауыл да болуы керек, - дейді қазақстандық саясаткер Сейдахмет Құттықадам.

Ал Алматыда тұрып жатқан қырғыз саудагері Тамара Құбашева егер Қазақстан үкіметі қабылдайтын болса, өзінің бұл елде түпкілікті қалуға дайын екенін айтады.

- Біз өз еліміздегі тұрақсыздықтан қорқамыз. Балаларымызды да осында оқытқымыз келеді. Өз елімде мен не істеймін - жұмыс жоқ, - дейді қырғыз мигранты.
XS
SM
MD
LG