Accessibility links

Шілденің 6-сы биыл Астана қаласының күні ретінде де атап өтілді. Бұл күні Алматыда "Қайсар" жастар ұйымы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған құттықтаулар жинау акциясын өткізді. Кейбір саясаткерлер президент Назарбаев Қазақстанда жеке бір адамға табынушылық билік жүйесін құрды және өзі де соның тұтқынына айналып отыр деп есептейді.

Шілденің 6-сы күні жастардың «Қайсар» қоғамдық-саяси ұйымы таңертеңнен бастап Қазақстан президентін құттықтағысы келетін алматылықтардың дауыстарын жинауға кірісті. Олар орталық көшелердің бірінде өткен-кеткен жұртқа ел президентінің атына құттықтау жазуларын сұрап, ашық-хаттар ұсынып, президентке тілек жазғысы келетіндерге арнайы тақта орнатқан. Бұл акцияның мақсаты – президентті құттықтау әрі алматылықтардың президентке деген көзқарасын анықтау дейді «Қайсар» ұйымы жетекшілерінің бірі Арсен Сәрсенов.

- Құттықтаулар мен ашық-хаттарға қарағанда, көбіне «біз сізге сенеміз, біз сізді жақсы көреміз», деп жазылған. Студенттер негізінен президентке «Болашақ» бағдарламасы үшін алғыстарын айтса, ересек адамдардың дені елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін ризашылықтарын білдіреді, - деді «Қайсар» ұйымының өкілі.

Ол бұл күні өздерінің 800 құттықтау жинауды жоспарлағандарын, алайда, таңертеңнен бері миллионнан астам тұрғыны бар Алматының тек 500-дей адамның ғана Қазақстан президентін туған күнімен құттықтағанын айтты. Президентті құттықтау акциясының баяу жүруінің себебін, «Қайсар» ұйымының мүшесі, нөсерлетіп жауған жаңбырдан көреді.

- Әйтпесе, қазіргі президенттің саясаты көпшіліктің ойынан шығатын нағыз алдыңғы қатарлы, мемлекетке қажетті саясат, - деп есептейді жастар ұйымының мүшесі Арсен Сәрсенов.

Дегенмен, Қазақстан президентінің қазіргі жүргізіп отырған саясатымен келіспейтіндер де бар. Соңғы президент сайлауында Назарбаевтың басты бәсекелестерінің бірі, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай Қазақстанда бір адамға табыну билік жүйесін құрды деп, Н.Назарбаевты сынайды.

- Бүгін президенттің өзі - сол жүйенің тұтқынына айналып отыр. Соның жүргізген саясатынан біздің елімізде көптеген келеңсіздіктер орын алуда. Ол – жаппай ұрлық пен әділетсіздік. Ол – шенеуніктердің бақылаусыз ойларына келгендерін жасау жүйесі. Үшінші – ол аяқ астынан шырмауықша жабысатын сыбайласқан жемқорлық. Мұның барлығы - бүгінгі Назарбаевтың құрған жүйесінің салдарынан болып жатқан жағдайлар. Сондықтан, Назарбаевты ақылды, кемеңгер адам деп бағалағанмен, екінші жағынан тағдыры өте күрделі әрі қайғылы деп айту керек. Ол – сол жүйені өзгертуге Назарабевтың күші келмей жатқандығында, - дейді оппозиция қайраткері Ж.Тұяқбай.

Былтырғы жылы өткен президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 91 пайыз дауыспен үшінші рет мемлекет тізгінін қолына алды. Назарбаев - қазақстандықтардың алдында ғана емес, халықаралық деңгейде де беделі жоғары саяси тұлға деп есептейді Қазақстанның алғашқы ғарышкері, Парламент депутаты Тоқтар Әубәкіров:

- Бүгін – ерекше күн. Себебі, елбасымыздың туған күні. Астана қаласының туған күні де бүгінге жарияланды. Астана – Нұрсұлтан, Нұрсұлтан – Астана. Екеуін бөлуге болмайды! Бүкіл әлем осы кісі арқылы біздің елімізді біліп келе жатыр, сондықтан, оның саясаты өте тамаша!

Ал зейнеттегі бұрынғы дипломат, саясаткер Болатхан Тайжан қазіргі президентті 26 жылдан бері танитынын, бірақ оның ісіне көңілі толмайтынын айтады:

- Оны қазақ деп, ауылдан шыққан азамат деп көп үміт арттық. Бірақ, соңғы кезде қазақ мәселесіне, қазақтың мемлекеттілігін нығайтуға билік тарапынан көңіл азайып жатыр.

Қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев болса, Назарбаевты Қазақстанның дербестік алуына, мемлекеттің қалыптасуына көп еңбек сіңірген үлкен саясаткер деп бағалағанымен, кейінгі кезеңде президенттің көлеңкелі тұстары көп көрініс бере бастады деп сипаттайды.

- Елдің, халықтың мүддесін қорғау тұрғысынан алатын және жеке мүддеден туындайтын саясат бар. Өкінішке орай, қазіргі кезде Назарбаев жеке мүддені күйттейтін саясатты көбірек ұстануда. Бұрын ол өз оппоненттеріне төзімдірек болатын. Қазір эмоцияның жетегінде жиі кетеді. Демократиялық мемлекет құрғысы келеді, бірақ авторитарлы диктатор күйінде қалып отыр. Оған оның егде тартқан жасы әрі билікте тым ұзақ отыруы әсер еткен болар, - дейді саясаттанушы.

2006-шы жылдың 6-шы шілдесінде жасы 66-ға толған Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 16 жыл бойы Қазақстан президенті қызметінде елді үздіксіз басқарып отыр.
XS
SM
MD
LG