Accessibility links

6 шілдеде Астана күніне орай қалада бірнеше ғимарат пайдалануға берілді. Олардың ашылу салтанатына қатысқан президент Назарбаевтың айтуынша, 2030 жылы Астана сәулет өнерінің арқасында әлемдегі таңдаулы 10 қаланың тізіміне қосылады. Қала тұрғындарының бір бөлігі болса, пәтер құны барған сайын қымбаттап бара жатқан Астанада шаңыраққа ие болу арман болып қалатын түрі бар деген пікірлерін білдірді.

Астана күні осымен 9-ші рет тойланып отыр. Былтыр қала күні маусымның 10-күні аталған еді. Ал, биыл бұл мереке президент Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс етіп өзгертілді. Назарбаевтың айтуынша қала маслихатының депутаттары Астана күнін 6-шілдеге ауыстырды. Өйткені 1994 жылы осы күні Қазақстанның Жоғары кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыруға келісімін берген, деді ол. Президенттің айтуынша, сол уақыттан бері қала аумағы екі есеге ұлғайып, тұрғындар саны 600 мыңнан асқан, ал, қаладағы көлік саны 20 мыңнан 200 мыңға дейін көбейген. Астана күні қарсаңында қаладағы ең биік тұрғын үй - мәскеулік жобамен салынған 36 қабаттық «Астана триумфы» ғимараты пайдалануға берілді. Бұл қаладағы ең үлкен кешен. Мұнда 433 пәтер бар, оның әр шаршы метрі кем дегенде 3 мың доллар тұрады. Осы ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан президент Назарбаевтың айтуынша 2030 жылы Астана сәулет өнерінің арқасында әлемдегі таңдаулы 10 қаланың тізіміне қосылмақ.

Астанадағы әлемдік банк өкілі Лу Брефордың айтуынша, Астанаға тартылған инвесторлардың көбі көбінесе жоғары кластың жоғарғы сатысындағы адамдар, яғни байлар үшін пәтерлер салып жатыр, ал Астанада мұндай адамдар көп емес. Әлеуметтік құрылыс болса тым аз, дейді Брефор.

Астана тұрғыны Серік Исабеков, қалада сәнді ғимараттардың салынғанын құптарлық, бірақ олардың бағасы тым қымбат болмауы керек дейді:

- Көп адамдар шеттен келіп жатыр, өңкей жастар, отбасымен. Ал, тұратын жерлерін қарасаңыз, өте қиын, саяжайда тұрып жатқандар аз емес. Ал, Кеңес одағы кезінде коммуналды үйлер салынған еді. Коммуналды ақшасын төлейсің де тұра бер, көшіп кетесің бе - кете бер. Міне, қазір де сондай қазыналық пәтерлер салынса.

Астананың бас сәулетшісі Шоқан Матайбековтың айтуынша, қаланың сәулет басқармасының инвесторларға арзан коммуналды пәтер сал деп айтуға құқығы жоқ:

- Өзінің ақшаларымен келетін инвесторларға біз олардың қолдарын бұрап, сен олай істе, былай істе деп саясат жүргізе алмаймыз. Өйткені, олардың өздерінің құйған ақшалары бар. Ол деген олардың құқықтарын таптау болып шығады.

Мереке күні «Атамекен» этно орталығында Астанада болашақта салынатын ғимараттардың макеттері көпшілікке таныстырылды. Оның ішінде корей компаниясы салатын қазіргі заманғы қымбат ғимараттар кешені, «Пекин палас» қонақ үйі, 10 мың адамға ескерілген коньки тебетін стадион, итальяндық сәулетші жоспарлаған киноконцерт залы, мемлекетаралық сауда орталықтары бар. Бірақ, миграциядан зардап шегіп отырған Астананың тұрғын үй проблемаларының сыртында көлік көбеюі де алаңдатады, дейді қала басшылығы. Дегенмен, Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда, Астанада жол проблемалары біртіндеп шешіліп келеді, дейді олар. Соның айғағы ретінде, Астана күні қалада автокөлікке арналған жаңа көпір ашылды. Ол қаланы бөліп жатқан Есіл өзенінің оң және сол жақ жағалауын қосады. Ұзындығы 900 метр көпірді салуға төрт жарым миллард теңге қаржы жұмсалыпты. Жаңа жол айрығы тәулігіне 21 мың көлік өткізіп, бір мезгілде 60 тонна жүк көтере алады. Бұл Астананың барған сайын өсіп келе жатқан көлік санының жүрісін реттеуге тиіс, деді жаңа көпірдің ашылу салтанатына қатысқан президент Назарбаев.
XS
SM
MD
LG