Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.06.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз ақпарат туралы заңның қабылдануына байланысты журналистер қауымы ошаған отырғызғаны жөнінде жазса, мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев газеттердің біріне берген сұхбатында интернетті жыл аяғына дейін қауіпсіз желіге айналдыратынын мәлімдеген. Сонымен бірге басылымдар ТМД елдерінің басшылары туған күндерін қалай атап өтетіндігіне мән берсе, тағы бір газетте Усама бен Ладен Орталық Азияда не іздейді деген сұраққа жауап іздеген.

Шілденің 6-күні Президент Н.Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына қол қойды. «Қазақстандық журналистер де, халықаралық ұйымдар да Мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаевтың ұсынған заң жобасы осыдан екі жыл бұрын Сауытбек Әбдрахманов қолдаған жобаның жолын құшуы мүмкін екеніне сенімді еді» деп жазды «Жас алаш». «Ертісбаевтың фантазиясынан туған «ғажайып» жобаға журналистер қауымы бірнеше рет наразылық та білдірген. Шілденің 5-күні журналистер қауымы Ұлттық баспасөз клубының алдына ошаған еккен болатын» делінген мақалада. «Ошаған – я мал жемейтін, я емдік қасиеті де жоқ, көрінген жерде өсе беретін, күтімді қажет етпейтін өсімдік» деп жазды «Жас Алаш».

Журналистердің ошаған егу салтанаты туралы «Время» газеті былай деп сабақтайды: «Әділ сөз» қорының басшысы Тамара Калеева жаңадан қабылданған заң да осы ошаған секілді екендігін, біздің ақпарат айдынын бүлдіретін құжат екендігін айтты. Наразылықтың осындай шарасын өткізгендер ошағанның бір тостағанын баспасөз туралы заңның жобасын жасаған министр Е.Ертісбаевқа жіберуді жоспарлап отыр» деп жазды «Время» газеті.

Аталған газетке берген сұхбатында мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев жан-жақтан қаумалап сын айтқандарды не білікті саясаткер, не кәсіби журналист деп айта алмайтындығын жеткізген. Сонымен бірге министр өзін демократия мен сөз бостандығының жақтаушысы екендігін, және де парламенттің қабылдаған заңдарына шүбә келтіргендерге үзілді-кесілді қарсы екенін айтқан. Сондай-ақ, Е.Ертісбаев интернет әлемін тәртіпке келтіруге болады деп есептейді. «Қазіргі таңда мәдениет және ақпарат министрлігі интернет кеңістігін реттеп отыратын тұжырымдама жасап шығарды, дейді министр. Оның айтуынша, осы жылдың соңына дейін интернет мемлекет пен қоғамның мүддесіне сай болатындай етіп жөнделеді» делінген «Время» газетінде басылған сұхбатта.

Сонымен бірге бейсенбілік баспасөз шілденің 6-сы – Астана күні ғана емес президент Н.Назарбаевтың туған күні екендігіне де мән беруде. Осы тақырыпқа орай «Литер» газеті ТМД мемлекеттерінің басшылары туған күндерін қалай атап өтетіндігіне назар аударған. Қазақстан президенті Н.Назарбаев 1940 жылы шілденің 6-күні туылған. Өткен жылғы туған күнін президент Астанада жұмыс барысында атап өтті. Анығын айтсақ, дәл сол уақытта Қытай және Ресей мемлекет басшыларының қатысуымен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының жиыны өтіп жатқан болатын. Ал президентке тарту етілген ең басты сыйлық – «Көшпелілер» блокбастері болды. Ал Ресей президенті Владимир Путин осы жылы 54 жасын атап өтпек. Ресей басшысы әр туған күнін Мәскеуде емес, өзінің туған жері Санкт-Петербург қаласында атап өткенді ұнатады» делінген мақалада. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің осы жылғы туған күнін қандай жағдай атап өтетіні белгісіз. Ал өткен жылы дәл президенттің туған күні Ан-140 ұшағы апат ұшырап, Ильхам Әлиев оқиға орнына аттанған болатын. Түркменбашы Сапармұрат Ниязовтың туған күні күнтізбеде қызылмен белгіленген. Бұл күні бүкіл Түркменстанда мерекелік шаралар ұйымдастырылады» деп жазды «Литер» газеті.

«Айқын» басылымы болса Астана күнінің Президенттің туған күніне еш қатысы жоқ екендігіне мән беріпті. Биылғы «Астана күні» қалалық мәслихат шешімімен жылдағы маусым айынан 6-шілдеге ауыстырылған болатын. «Астана триумфының» салтанатты ашылуына қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте жергілікті мәслихаттың бұл шешімінің қала мерекесін өзінің туған күніне әдейі орайластыруды мақсат етпегенін айтты. Президенттің айтуынша, Қазақстан астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің тарихи шешімі 1994 жылғы шілденің 6-сында қабылданған. Президенттің айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстан астанасы әлемнің ең үздік 10 қаласының сапына кіруге тиіс» деп жазды «Айқын» газеті.

Нөмірі бірінші терроршы Усама бен Ладен Орталық Азия аумағын паналауы мүмкін бе деген сұраққа «Литер» газеті жауап іздеген. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, бұл аймақтың саяси элитасы Усама бен Ладенді қолдамайтынын біле тұра «бірінші терроршы» осында келіп паналамайды. Усама бен Ладен Орталық Азияда жасырынып жүруі мүмкін деген мәлімдемені жақында Ақ үйдің террорға қарсы күрес бөлімінің бұрынғы үйлестірушісі Ричард Кларк жасаған болатын. Саясаткер Досым Сәтпаевтың пікірінше, мұндай мәлімдеме Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді террорға қарсы ұйымдардың жұмысына күмән туғызу мақсатында жасалуы мүмкін» делінген «Литер» газетінде басылған мақалада.
XS
SM
MD
LG