Accessibility links

Куәгерлердің бірі сот ісіндегі бір құжатта өзінің қолы сырттан қойылғанын мәлімдеді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Талдыкорғандағы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты өтіп жатқан сотта бейсенбі күні негізгі айыпталушылардың бірі - Рустам Ибрагимовтың жақтаушылары Серік Сәрсенов пен Нұрлан Өстеміров өз қорғанышындағы адамға ресми тағылып отырған жеті айыптың біреуінің негізсіз екендігін дәлелдедік деп мәлімдеді. Сонымен қатар олар, «егер сот біздің дәлелімізді ескеретін болса» дегенді қосып айтты. Алайда жәбір көруші жақ - Алтынбек Сәрсенбайұлының ағаларының бірі - Қайнарбек Сәрсенбайұлы оны «тергеу жұмысы барысында жіберген кемшілік» деп қана бағалап отыр.

Бейсенбі күнгі сот отырысында қаралып отырған қылмыстық іс бойынша отыз куә сот алдына келіп, өз жауаптарын берді. Куәлардың бірі - оқиға болған жердің маңайында тұратын шошқа бағушы Сергей Барашковтың айтуынша, ол куәгер ретінде сол жерден табылған заттай айғақтарды – атылған оқтың патронын, машина бояуы жұғып қалған томарды және т.б. заттарды полиция тіркеген кезде растаушы болған екен. Белгіленген тәртіп бойынша полиция қызметкерлері сол жерде табылған заттар жөнінде куәлардың көзінше хаттама толтырып, оған куәгерлерге қол қойғызып алады. Барашков мырза бейсенбі күні сотта жауап беру барысында, сот ісіндегі құжаттар арасында оқиға болған жерде толтырылды деген хаттамадағы қолды «менікі емес» деп мәлімдеді.

«Ол жердегі хаттаманы қолмен жазған болатын, ал мына хаттама машинкада басылған», - деді С.Барашков.

Ибрагимовтың жақтаушылары одан бұл жағдайды тәптіштеп сұрауында да сыр бар екен.

- Бізде алдын-ала алынған сарапшылардың «бұл қол Барашковтың қолы емес» деген сараптамалық қортындысы бар. Бұл дегеніңіз - сот ісін қолдан жасау, бұрмалаушылық! Қылмыстық істің талассыз бұрмалаушылық фактілері анықталды деп жазыңыздар! – деді адвокат Серік Сәрсенов.

Осыны алға тартқан адвокат өз қорғауындағы Рустам Ибрагимовқа тағылып отырған жеті айыптың біреуін алып тастауға толық негіз бар екенін айтты. Ал Ержан Өтембаевтың жақтаушысы Виктор Семин мырза осыған ұқсас жайттарды келтіре алатындарын айтып отыр.

- Қазір біз оларды жариялағымыз келмейді. Себебі, сот та , мемлекеттік айыптаушы да тергеушілердің заңсыз әрекеттерін ақтау үшін кез-келген тәсілмен ол қателіктерді жоюға тырысады, - деді қорғаушы В.Семин.

Бейсенбі күнгі сот отырысын қортындылаған Алтынбектің ағаларының бірі - Қайнарбек былай дейді:

- Қылмыстық іске байланысты нақты ашылған еш нәрсе жоқ, дәлелденген еш нәрсе жоқ. Полиция қызметкерлерінің тергеу жұмысы барысындағы жіберген кемшіліктерінің беттері ашылып жатыр. Ол - бұл қылмыстық іс қалай жүргенін тағы да дәлелдейді . Әділ, шын мәніндегі тексеру жүргізілмеген, нақты тапсырма беруші, оны орындаушы торға отырған жоқ , оған қылмыстық іс қозғалған жоқ, сондықтан мұның бәрі жоспарланған спектакль, кезекті сатысына бірінен-бірі ауысып өтіп жатыр.

Жұма күні сот жабық жағдайда өтіп, онда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицерлері мен Ержан Өтембаевтың көмекшісінен жауап алынбақшы.
XS
SM
MD
LG