Accessibility links

Еурокомиссия мен БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасы Орталық Азияда жалпы құны 1 млн 154 мың еуроны құрайтын ортақ жобаны жүзеге асырмақ


Аталмыш жобаның мақсаты - Орталық Азия елдеріндегі босқындар мәселесін халықаралық стандарттарға сай шешу болып табылады.

Еурокомиссияның Тасис бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын жоба осы айдан бастап жүзеге асырыла бастайды. Оған Еурокомиссияның бөлген қаражаты 900 мың еуро болса , БҰҰ-ның үлесі 254 мың еуроны құрап отыр. Бұл жобаға Орталық Азияның Өзбекстаннан басқа 4 мемлекеті қамтылмақ.

Еурокомиссия Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Адриаан ван дер МЕЕР қазіргі таңда заңсыз көші-қон мәселесі бүкіл әлемді алаңдатып отырған проблема екендігін айтады.

“Бір кезде босқындар үшін транзиттік ел болып табылған Қазақстан енді босқындарды қабылдап, оларды асырап отыр. Бүгінгі таңда босқындар мәселесін қарау мен олардың түрлі проблемаларын шешуде түйткілді мәселелер туындайды. Аталмыш жоба босқындардың құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған”, - дейді Еурокомиссия өкілі.

Ал БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Сезар Дюбон:

“Осы жоба аясында босқындар мәселесін шешуде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірігіп жұмыс істеу, семинарлар мен тренингтер өткізу, сол арқылы азаматтық қоғамның әлеуетін арттыру көзделіп отыр», - дейді.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш жоба белгілі бір уақытты ғана қамтиды. Қазақстан экономикасының көтерілуіне орай, болашақта осы елге келетін мигранттар легінің арта түсу мүмкіндігін алған тартқан Сезар Дюбон, Қазақстанның мигранттар саясатын да жетілдіру керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан заңнамаларында босқындарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылмаған екен. Осындай күрделі мәселелерді құқықтық сипатта шешу кезек күттірмейтін мәселе, дейді Дюбон мырза.

Сондай-ақ Сезар Дюбон осы жылдың күз айында Орталық Азия аймағында еңбек мигранттары мәселесіне арналған тағы бір жобаны жүзеге асыру жоспарда бар екенін хабарлады.
XS
SM
MD
LG