Accessibility links

Футболдан Әлем кубогының иегері атағы үшін Франция мен Италия командалары белдеседі

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сонымен, бір айға жалғасқан футболдан Әлем кубогына біріншілік сайыстары соңына жетіп қалды. Бұл чемпионаттағы жартылай финалдық ойында Германия командасын тізе бүктірген Италия және Португалияны жеңген Франция командалары енді бас бәйге үшін белдеспек.

Тілшіміздің Парижден хабарлауынша, төсектен тұрған көптеген франциялық азаматтың дауыстары қарлығып әрең сөйлеу дәрежесіне жеткен. Оған негізгі себеп, Әлем кубогы үшін жартылай финалдық ойында Франция футболшылары Португалиялық әріптестерін 1:0 есебімен жеңіп, ақтық ойынға жолдама алған болатын.

Жартылай финал ойынның 33-ші минутінде француздар айып добын бәсекелестің қақпасына соғып кіргізіп, айда аспанға шығарғандай болды. Бұл жеңістен кейін түнде жарты млн-дай жанкүйер Париж көшелеріне шығып от шашты, даңғыра кепшік соқты, биледі, әндетті.

Ал олардың аузында негізінен жалғыз-ақ сөз - Зинедин Зидан болды. Себебі, Зиданның айып алаңынан соққан жалғыз тобы бұл ойынның тағдырын француздардың пайдасына шешкен еді. Міне сондықтан олардың аузында түнімен Зизу деген сөз кетпеді.

- Бұл Зизу – Зидан ғой. Ол керемет гол соқты емес пе ! Біз оны жанталаса қолдаймыз. Ол қатырды! Құтты болсын! Керемет! Зиданның мұндай тамаша ойыны үшін ежелгі атажұрты Алжир де, қазіргі отаны Франция да басына көтеруі тиіс, - дейді Зиданның жанкүйерлерінің бірі.

Бұл өткендегі ерекше қуанышты күндерді еске түсіргендей еді. Осыдан 6 жыл бұрын міне сол Зидан футболдан Еуропа біріншілігінде, тағы да сол Португалия командасымен ойын кезінде жартылай финалда, ол кезде де айып добын соғып, Францияны финалдық ойынға шығарған болатын. Ал ең қызығы, сол 1998-жылы, дәл бүгінгідей, Франция Италиямен бірге финалдық сайысқа жолдама алған еді. Ол жолы жеңіс Франция жағында болды. Міне енді алдағы жексенбіде Францияның енді Әлем біріншілігіндегі қарсыласы тағы да Италия болып тұр. Бірақ 3 рет чемиондық тұғырға көтерілген Италияның қазіргі қарқыны ерекше дейді, білетіндер.

Дегенмен, бұл финалда Франция жеңе ме, әлде жеңіле ме, бәрібір шілденің 9-ы күні Зинеддин Зиданның млн-даған жанкүйері бір сәт қоштасу сағыныш мұңы құшағына енбек. Себебі бұл күн Зиданға футболдағы кәсіби жұмысының соңғы күні болмақ. Яғни Зинеддин Зидан футболмен ойыншы ретінде қоштасады. Ол бұл жөнінде осы әлем кубогы біріншілігіне 3 ай қалғанда жариялаған болатын. Әрине, мұсылман азаматы, шыққан тегі алжирлік, жасы 34-тегі әйгілі спортшы үшін Францияның бұл реттегі жеңісі ерекше сыйлық болар еді.

Зидан Халықаралық футбол федерациясы - ФИФА-ның қорытынды бағасы бойынша 3 рет Жылдың ең үздік ойыншысы деп жарияланған. Ал, 1998-жылы Әлем кубогы үшін біріншіліктегі финалда сол Зинеддин Зидан Бразилия қақпасына екі доп соғып, Францияны жеңіс тұғырына шығарған болатын.
XS
SM
MD
LG