Accessibility links

Президенттің ар-ожданына тиді деп айыпталған оппозиция қайраткеріне қарсы сот басталды


Шілденің 10-ы күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотында оппозиция белсендісі, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Жасарал Қуанышәліге қарсы сот отырысы басталды. Оған ҚР қылмыстық істер кодексінің 318 бабының 2-інші тармағы бойынша Қазақстан президентінің ар-намысына тиген деген айып тағылып отыр.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлінің ҚР қылмыстық істер кодексінің 318-бабы бойынша жауапқа тартылуына оның өткен жылдың қазан айында баспасөз мәслихатын өткізіп, онда: “Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке сатқындығы және ұлтқа опасыздығы үшін жауап беруі тиіс” деп айтқан пікірі себеп болып отыр. Жасарал Қуанышәлінің өзі ондай мәлімдеме жасауына өткен жылдың тамыз айында президенттің тікелей эфир арқылы халықпен сұхбатында: “Қазақта ешуақытта шекара болмаған” деген мәлімдемесі себеп болғанын айтқан еді. Ал енді сонысы үшін өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан оппозиция қайраткері:

- Мен ешқандай заң бұзып, қиянат жасап, ешкімнің ар-абыройын қорлаған жоқпын. Мен тек қана өз ұлтымның ар-абыройын қорғап жүрген адаммын. Сол ұлтымыздың ар-абыройын қорлаған адамды сотқа бердім. Бұған Конституция бойынша толық құқығым бар, - дейді.

Президенттің ар-намысына тигені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылсын деп, Жасарал Қуанышәліні сотқа беріп отырған Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Сейіткерім Қожаназаров дүйсенбі күнгі сот отырысына келген жоқ. Алайда ол “Азаттық” радиосына телефон арқылы берген сұхбатында:

- Жасарал Қуанышәлі Нұрсұлтан Назарбаевтың “қазақта шекара болмаған” деген сөзіне жабысып мемлекетке сатқындық, ұлтқа опасыздық жасады дегені үшін заң алдында жауап беруі тиіс. Ал президентімізді қылмыскер деп негізсіз айыптау, оны бүкіл газеттерде жариялау мен үшін қылмыс болып саналады, - деген еді.

Бұл пікірге Жасарал Қуанышәлінің қорғаушы адвокаты Мұстақым Төлеев:

- Жасарал Қуанышәлі Қазақстан Конституциясы мен басқа да заңдарда қарастырылған жеке басына байланысты азаматтық құқығын жүзеге асырды деп айтуға болады. Себебі, қылмыстық істер жүргізу кодексінің 175-бабында сол ережелер қарастырылған. Нақты дерегі мен куәгерлері болса ол азамат тиісті өкілетті органға арыздануға құқылы. Тиісті өкілетті орган шешім қабылдау керек. Немесе қылмыстық істі қозғаудан бас тарту керек, - дейді.

Мұстақым Төлеев өз қорғауындағы азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша түрлі сұрақ тудыратын мәселелердің көп екендігін алға тартады.

- Жасарал Қуанышәлінің арызы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық аппаратының қызметкері Тасыбаев деген азамат Н.Назарбаевты қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды деп шешім шығарған. Мұндай шешім шығару оның құзіретінде емес. Оның мәртебесі жоқ ондай шешім қабылдауға. Ол мәселені Конституциялық кеңестің қорытындысымен парламент пен Жоғарғы сот шешу керек, - дейді адвокат М.Төлеев.

Өзін кінәсізбін деп санайтын Жасарал Қуанышәлі бұл сот процесін өзінің саяси қызметімен байланыстырады.

- Мен заң шеңберінде ғана қызмет істеп жүрген адаммын. Саяси тұрғыда мен билікке қолайсыз, айырықша есептегі адаммын. Сондықтан билік кез-келген жағдайды пайдаланып менен кінәрәт табуға тырысады, - дейді оппозиция қайраткері.

Ол өзіне қарсы қозғалып отырған сот ісіне бола өзінің саяси көзқарасынан бас тартпайтынын айтады.
XS
SM
MD
LG