Accessibility links

Қазақстанда мұнайдан түсетін табыс енді бюджетке емес, толығымен Ұлттық қорға аударылатын болады. Ұлттық қордағы қаржыны қалыптастыру мен жұмсау бойынша мехнизмнің өзгертілуіне байланысты шілденің 11-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзгерістер енгізілген бюджет заңын жетілдіру жөніндегі заң актілеріне қол қойды. Алайда, Қоғамдық мәселелерді зерттеу орталығының мамандарының айтуынша, мұнай табыстарының толық Ұлттық қорға аударыла бастауы елде бірқатар әлеуметтік-қаржылық мәселелер тудырмақ.

Мұнайдан түсетін табыс енді толықтай бөлек қазынаға құйылатын болады. Бұл Қазақстан экономикасының екіге жарылып, өз заңымен жұмыс істейтін экспорттық және Қазақстан заңымен жүретін ішкі экономикалық саланы туындатады дейді Қоғамдық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы Қанат Берентаев:

- Біз мұнай табыстарынсыз не істейміз? Бұл қазір басты сұрақ. Үкімет мұнайсыз бюджет тапшылығын 7-8 пайыз деп көрестіп отыр. Ал Қазақстандағы өңдеуші сала мен ауылшаруашылығынан түсетін табыс бұл тапшылықтың орнын жаба алмайды. Сондықтан, бюджет тапшылығы қысқартылып, кейбір әлеуметтік бағдарламалар тежелуі мүмкін. Тұрғын үй салу, тұрғын үй жөндеу, бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақыларды өсіру бойынша белгіленген бағдарламалар тоқтап қалуы мүмкін, - деп есептейді экономист Қанат Берентаев.

Сонымен бірге ол мұнай табыстарының басқа арнамен жүруі бұл саладағы ашықтық пен жариялықтықтың азаюына әкеп соқтырады деген пікір білдірді.

- Бұрын депутаттар мұнайдың әлемдік бағасын, оның экспорттық құнын бақылап, мұнайдан бюджетке түсетін кірісті қалай өсіру керектігін ойланса, енді барлық мұнай табыстары бюджетке емес, Ұлттық қорға аударылатын болғандықтан, олар бұл салаға аз назар салатын болады. Сондықтан, үкімет пен өндіруші компаниялар арасындағы ашықтық одан сайын азайып, күңгірттік қоюлана түспек, - дейді Қоғамдық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы.

Ұлттық қордағы қаржы мехнизмін өзгерткенімен, оны халықтың мүддесіне пайдалану жүйесі өзгермей отыр деп есептейді келесі бір экономист, Қазақстан коммунистерінің лидері Серікболсын Әбділдин:

- Мұнайдан түсетін қаржының барлығын Ұлттық қорға құю деген – елдегі бар қиыншылықтарға ақшаны жұмсамаудың жолы. Оған қоса бұл - сырттан қарыз ала отырып, қордағы өз ақшамызды шетелде ұстау деген сөз. Ұлттық қорды мұнайдан түсетін қаржымен толтыруға қарсымын. Егер болашақ ұрпаққа жанымыз ашыса, мұнайды сол үшін сақтауымыз керек!

Ұлттық қор қаржысын реттеу мехнизмінің өзгертілуінің басты мақсатын үкімет республикалық бюджеттің кіріс бөлігін орындаудың әлемдік шикізат бағасына тәуелділігін азайту және болашақ ұрпаққа мұнай табыстарын қалдыру деп көрсеткен. Монополияға қарсы Алматы қоғамдық комитетінің төрағасы Петр Своик Ұлттық қорға қаржы аударудың жаңа жүйесі бұрынғымен салыстырғанда түсінікті әрі ақылға сыйымды деп есептейді.

- Егер бұрын Ұлттық қорға қаржы аударатын салық төлейтін компаниялар үшін бірнеше белестер болса, қазір бәрі қарапайым, жеңілдетілген. Оны сынаудың қажеті жоқ. Себебі, Қазақстанның қаржы саласында мұнайдан түсетін долларлардың көбеюіне байланысты үкіметте бірқатар мәселелер туындауда. Сондықтан, оларды Қазақстан экономикасынан тысқары тұрған Ұлттық қорға құю арқылы артық мұнай долларлары салдарынан пайда болған елдегі инфляциялық мәселелерді шешуге тырысады, - дейді Петр Своик.

Биылғы жылдың қаңтар айының 1-індегі дерек бойынша, Қазақстанның Ұлттық қорында 8 миллиард доллар қаржы жинақталған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 56,2 пайыз артық. Бірақ, Ұлттық қор активтерінің кірістілігі былтырғы жылы 4 пайызды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 3 пайыз кем шыққан.
XS
SM
MD
LG