Accessibility links

Шешенстанның дала қолбасшысы Шамил Басаевтің өлімі Кавказдағы ол аймаққа бейбітшілік әкелуі мүмкін бе?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Соңғы жылдары жасалған бірқатар террорлық шабуылдарда айыпталып келген шешенстандық дала қолбасшысы, 41 жастағы Шамил Басаев өлтірілді. Бірақ бұл қаза Шешенстанда ондаған жылдарға жалғасқан соғыс жанжалының түбегейлі шешілуіне мүмкіндік бере ме?

Осыдан 3 апта ғана бұрын Масхадовтан кейінгі Шешенстан – Ичкерия республикасының президенті деп жарияланған Абдул-Халим Садуллаев өлтірілген болатын. Ал оған дейін 1996 жылы Шешенстанның алғашқы президенті Джохар Дудаев, 2004 ж. Қатарда президент міндетін атқарушы Зелімхан Яндарбиев, ал 2005-жылы халық сайлаған президент Аслан Масхадов өлтірілген еді.

Дегенмен, қаза тапқан Садуллаев та, оның орнына келген тәуелсіздік үшін күрескерлердің президенті деп жарияланған Доқу Умаров та Шешенстан және Солтүстік Кавказ елдеріндегі Ресей басқыншылығына қарсы күрес, Басаев секілді аты аңызға айналған тұлғалардың өліміне қарамастан одан әрі жалғаса береді, бұл күрес жетекшілігін енді жас ұрпақ өз қолына алады деген үміт-тілек айтумен келді.

Доқу Умаров биылғы жылы сәуірде «Азаттық» радиосына және жақында Түркияда шығатын «Уақыт» газетіне айтқан сөзінде, тәуелсіздік үшін күрес топтарына қосылып жатқан жастар жетерлік екенін, бірақ оларға қажетті қару-жарақ үшін қаржы тапшылығы барлығын мойындады.

Марқұм президент Масхадовтың кезінде 2010-жылға дейінгі күрес бағдарламасы болса, Садуллаевтің кезінде Шешенстанда төрт, Дағыстанда бір, сондай-ақ, Солтүстік Кавказдың өзге аймақтарында тағы да бір - барлығы алты соғыс майданын ашпақ болған.

Жікшіл қауым президенті Абдул-Халим Садуллаев Басаевтің бейбіт халыққа қарсы террорлық шабуыл тактикасынан бас тартты. Бірақ бұл арада осы қолайлы сәтті пайдаланып, Ресей бәрібір Шешенстандағы соғыс - терроршылыққа қарсы халықаралық соғыс деп, Батысты сендіруге әрекет жасады. Бірінші, аса қауіпті терроршы деп Басаевтің басы үшін 10 млн доллар сиақы тағайындады.

Ал, АҚШ-та Шамил Басаевті терроршы дегеннен аса алмады. Нәтижесінде, кезінде президент Аслан Масхадов және халықаралық қауымдастық ұсынған бейбітшілік келіссөздері іске аспай қалды. Оның үстіне, Умаровты да, Шешенстан сыртқы істер министрі деп жарияланған, қазірде Лондонда тұрып жатқан Ахмед Зақаевті де, Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рыбкин қарсылас қарулы топ жетекшілерінің бір қанаты деп айыптаған болатын.

Сонымен, талдаушылардың пікірінше, Ресей әкімшілігі алдында екі жол тұр. Оның біріншісі, президент Путинның чеченизиция – шешендендіру, басқа сөзбен айтсақ, Шешенстандағы мәскеушіл күштерге жікшіл топтарға қарсы күрес жауапкершілігін ұсыну болса, екінші жол - соғыс кесірінен тұралаған экономиканы және инфрақұрылымдарды қайта тіктеу үшін бейбітшілік келіссөздерін іске асыру міндеті тұр.

Дүйсенбі күні президент Путинге есеп бере отырып, Ресей Қауіпсіздік қызметі басшысы Н.Патрушев, «Басаев пен оның бандасы жойылды. Ингушетиядағы жоспарлы шабуылы арқылы олар 8-дік елдері саммиті кезінде Ресей жетекшілігіне саяси қысым жасамақ болды», деген ойын айтты. Сондай-ақ, АҚШ Ақ үйінің өкілі Тони Сноу де «Шамил Басаев, АҚШ-тың 13224-ші, ал БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің 1267-шешімі бойынша терроршы лаңкес де жарияландығын» атап айтты.

Ресейде Басаевқа 1995-жылы Буденовск қаласындағы ауруханада 1000 адамды кепілдік тұтқынға алған, нәтижесінде 100 адамның өліміне себепші болған деген айып тағылған болатын.
XS
SM
MD
LG