Accessibility links

Қазақстанның түзету мекемелерінде ауыр қылмыс жасағандар көбейіп келе жатыр


Қазақстанда рақымшылық жасау туралы заңымен 20000-ға жуық адам түзеу мекемелерінен және жазасын өтеуден босатылды. Бұл туралы Астанада шілденің 12 күні қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Ерғалы Сағалбаев хабарлады. Ал, «Түрме реформалары» деп аталатын үкіметтік емес ұйымның өкілдері бұл шараны жасамас бұрын босатылатын адамдардың әлеуметтік жағдайы жасалу керек деп есептейді.

Босатылғандардың ішінде әдеттегідей әйелдер, кәмелетке толмағандар, мүгедектер және зейнет жасына жеткен адамдар енді деп хабарланады. Бұл 1998 жылдан бері Қазақстанда жасалып жатқан алтыншы рақымшылық шарасы.

- Түрме мен түзеу мекемелерінде отырғандардың саны бойынша Қазақстан ол кезде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында тұрған. Өйткені, шамамен 100 мың адам жазаны өтеу мекемелерінде отырды. Ал, қазір жағдай өзгерген, бүгінгі күнге 41500 адам мекемелерде және тергеу абақтыларында 7708 адам бар. Әлем бойынша біз 35-інші орындамыз, 3 жыл бұрын үшінші орында болғанбыз. Ал, енді ауыр қылмыс жасағандар көбейіп келе жатыр. Қазір олар 80 пайызды құрайды, - дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Ерғалы Сағалбаев.

Бұған дейін Әділет министрі Зағипа Балиева Қазақстандағы түрмелерде көп ұзамай ауыр қылмыс жасағандар саны көбейеді деген пікір білдірген болатын. Балиеваның айтуынша, Қазақстанда соңғы 5 жылда адам өлтіргендер саны 13 пайыздан 48 пайызға өскен. Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, жазасын өтеп жатқандар саны және олардың қандай қылмыс жасап отырғаны мемлекеттегі әлеуметтік жағдайды суреттейді.

- Ауыр қылмыс ел жағдайының ең нашарлағандығының белгісі. Қазақстан түрмеде азаматтарын ұстап отырған санынан келгенде дүние жүзі бойынша ең соңғы орында емес. Өйткені, түрмеден тыс өмір сау емес. Сізді ешкім парақорлыққа итермелемесе, жаңағы қылмыс деңгейі де төмендер еді, - дейді Б.Тайжан мырза.

Ал, Әділет министрлігі мамандары құқықтық сала ізгілендіріліп келеді, дейді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Ерғалы Сағалбаев тек соңғы рақымшылық кезінде мыңдаған адам түзету мекемелерінен және жазасын өтеуден босатылғанын айтады.

- Рақымшылық жасау туралы заң барлығы 5342 сотталғанға қолданылды. Одан әрі жазасын өтеуден 14304 адам босатылды. 381 сотталған азамат мерзімі аяқталғанға дейін босатуды немесе шартты мерзімінен босатуды артық көріп, заң қолданудан бас тартты, - дейді Е.Сағалбаев мырза.

«Түрме реформалары» деп аталатын үкіметтік емес ұйымның өкілі Гүльнар Ғалиақпардың айтуынша, Еуроодақ елдеріндегі орташа түрме индексі бойынша әр бір жүз мың адамға шаққанда 80-90 адам жазасын өтеп жатса, Қазақстанда бұл көрсеткіш - 342 адам екен. Саясаттанушы Болатхан Тайжан айтуынша, ізгілендіру деп, түрме тұрғындарының санын азайтпас бұрын қоғамды емдеу керек деп санайды.

- Жеңілдетіп түрмеден шығара бергенмен, түбі түрмеден шыққан қылмыскерлер қоғамға дұрыс мүше болып қосыла алмайды. Елдің ішіндегі жағдай, түрмеден тыс жағдай түзелмей олар дұрыс азамат бола алмайды. Түрмеде де тәрбие жұмысы өте төмен, - дейді Тайжан.

Ал, «Түрме реформалары» үкіметтік емес ұйымның өкілі Гүльнар Ғалиақпар рақымшылық жасап, жазасын өтеп жатқан адамдарды босатпас бұрын оларға заңдарда жазылғандай жағдай жасау керек еді дейді.

- Яғни, реабилитация орталықтары ашылуы шарт және туберкулезге шалдыққандардың емдеуін жалғастыру үшін жағдай жасалу керек. Әйтпесе олар қайда жұмыс істерін білмей, қайтадан маргиналды топтарға қосылуға мәжбүр. Түзеу мекемелерінде рақымшылықтан бас тартқандар болған. Өйткені олар өздері үшін одан басқа баратын жері жоқ екенін түсінеді, - дейді «Түрме реформалары» үкіметтік емес ұйымның өкілі Гүльнар Ғалиақпар.

Қазіргі таңда Қазақстанда 77 түзеу мекемесі және 18 түрме бар.
XS
SM
MD
LG