Accessibility links

Ресей алғаш рет Үлкен сегіздік ұйымының саммитін өз жерінде өткізгелі отыр


Бұл оқиғаны аталған ел өз мүмкіндіктерін одан әрі күшейте түсу мақсатында қолдануға тырысуда. Ресейдің экономикалық дамуы мен энергия көзі ретінде әлем алдындағы беделінің өсе түсуі ресми Мәскеудің бұл саммиттегі үнін де өзгешелендіре түскендей. Ал, Батыс басшылары үнінде бәсеңдік бар сыңайлы.

Совет үкіметі алғаш рет Үлкен 7-лік ұйымының саммитіне 1990-шы жылы қатысқан еді. Одан бері әлемде талай өзгерістер орын алды. Совет үкіметі құлады. Ал 1998-ші жылы тәуелсіз Ресей елі аталған ұйымға мүше болып, оның аты Үлкен-8-дік деп өзгертілген болатын.

Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Николай Петровтың айтуынша, Ресей үшін нақты келісімдерден гөрі символикалық қорытындылар маңыздырақ.

- Ресей үшін өзін аталған клубтың толық қанды мүшесі, оның төрағасы екенін көрсету өте маңызды. Сондай-ақ, энергетика қауіпсіздігі сияқты мәселелерді күн тәртібіне қою арқылы Ресей өзін жетекші елдердің бірі ретінде көрсетуге тырысуда, - деді Петров мырза.

Бұл орайда Кремль басшылары Батыс және Құрама Штаттармен бетпе-бет сөйлесе алатын дәрежеге жеткен. Тіпті Уашингтонның Ирақ соғысы мен Иранның ядролық бағдарламасына байланысты сыртқы саясатында Кремль өз бағытын көлденең қойып келеді. Бақылаушылардың айтуынша, Санк-Петербор саммиті Ресей үшін пайдаға шықпақшы.

Батыс басшыларының кейбірі өз елдеріндегі саяси, экономикалық және ішкі теке-тірестерден әлсірей түскен. Мысалы, Құрама Штаттар президенті Джордж Буш және Британия үкімет басшысы Тони Блейр әсіресе 2003-ші жылы Ираққа басып кіргені үшін халықаралық сын астында қалды. Осыған байланысты беделдеріне келген нұқсан ол басшылардың өз бағыттарын Ресейде өтетін алдағы саммитте сенімді түрде қорғауына кедергі болуы мүмкін. Лондондағы Экономика зерттеулер институтының профессоры Роберт Уейдтің пікірінше, қазіргі кезде Еуропа тым бөлініп кеткен. Сондықтан ол Ресейдің беделіне қарсы тұра алмауы да мүмкін.

Мәскеудегі бір фирманың басшысы Владимир деген 37 жасар жігіт; “Ресей үшін мақтаныш сезімдемін. Бұл - біздің еліміз үшін алға жылжушылық. Еліміздің күшейіп келе жатқаны анық”, дейді. Ал, 65 жасар Татьяна деген дәрігер әйел Борис Елциннің кезінде өзгелерден көмек сұраған Ресей қазір әлемдік дәрежеде күшейе түсуде, деген пікірде.

Ресей өзінің мұнай және газ саудасын ұлғайта түсуді көздеуде. Және Еуропа мен Құрама Штаттардағы энергия салаларына инвестиция енгізгісі келеді. Алайда қаңтар айында Украинамен арасындағы газ дауы кезінде Еуропаға шығаратын газының уақытша тоқтап қалуы Ресейдің энергия көзі ретіндегі беделіне нұқсан келтірген еді. Шетелдік базарға кең тұрғыда шығудың өтемі ретінде Үлкен 8-дік ұйымы Ресейдің энергия өнеркәсібінің шетелдіктер үшін ашық болуын Мәскеуден талап етуде. Мұндай қадам нәтижесінде Еуропаға газ шығарудағы Газпромның монополиялық рөлін жоюға болатын сыңайлы.
XS
SM
MD
LG