Accessibility links

Алматыдағы арнайы музыка мектебінің мәртебесін өзгертуге қарсы азаматтар зиялы қауымға үндеу жасады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстандағы мамандандырылған республикалық екі музыка мектебінің бірі – Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі келер оқу жылынан бастап қалалық әкімшіліктің қарауына берілмек. Республика деңгейінде музыка мамандарын даярлайтын мектептің мәртебесінің төмендеуіне наразылықтарын білдірген аталмыш мектепте әр жылдарда қызмет еткен бұрынғы ұстаздар зиялы қауым өкілдеріне үндеу жариялады.

Ахмет Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектебінің бұрынғы қызметкерлерінің мәлімдеме жасап, зиялы қауым өкілдеріне үндеу жариялауына үстіміздегі жылдың мамыр айының 5-і күні Қазақстанның Білімі және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың “Мегаполис” апталығына берген сұхбатында аталмыш мектепті Алматы қалалық әкімшілігінің қарауына беру жөнінде айтқан пікірі себеп болыпты. Негізінен ауылды жердегі әлеуметтік жаңдайы төмен отбасылардың дарынды балалары білім алып жатқан мектепке қауіп төніп тұр деп алаңдаушылық білдіреді, осы мектептің бұрынғы қызметкері Майра Кенебаева:

- Министрлік осы мектепте тек қана Алматы қаласының балалары оқиды деген ақпаратты желеу етіп республикалық дәрежедегі арнайы мектепті қалалық мектеп жасамақ. Мұндай ақпаратты министрлік қайдан алғаны белгісіз. Бұл - жалған ақпарат. Өйткені, бұл мектептің ұстаздары жыл сайын республика аймақтарын аралап, дарынды балаларды ел ішінен іздеп жүріп жинайды. Мамандандырылған екі мектептің біріне қарсы жүргізіліп отырған бұл саясаттың астарында не жатқаны белгісіз? Бір ғана Ресей елінде мұндай 22 мектеп бар. Ал бізде Алматы қаласында бүгінгі таңда 7 жылдық 13 музыка мектебі бар. Солардың бір жылдық қаржы мөлшері 33 млн. теңге. Ал Ахмет Жұбанов мектебіне бір жылға бөленетін қаржы 84 млн. теңгені құрайды. Егер аталмыш мектеп 14-інші болып қалалық музыка мектептерінің қатарына қосылар болса, онда ең алдымен осы мектептің материалдық техникалық базасы, балалардың конкурсқа қатысуы, концерттік бағдарламаларға жұмсалатын қаржы, оқу құралдары мен аспаптар азаятын болады. Бұл дарынды балалардың кәсіби шыңдалуына кедергі болмақ, - дейді.

Оның сөзіне осы мектепте балалары оқитын кейбір ата-аналар да қосылады.

- Бұл жерде бірінші болып ауыл баласы зардап шегеді ғой. Бұл мектеп қалалық мектепке айналған соң қырдағы ауыл баласын кім іздейді? Таланттарға обал ғой, - дейді Алтынгүл Ысқақова есімді әйел.

Аталмыш мектептің алғашқы директоры болған Түркістан Өзбеков:

- Егер Ахмет Жұбанов мектебі қалалық мектептердің біріне айналатын болса, бірінші болып зардап шегетін - өнер. Кәсіби мамандар болмайды ғой. Жеті жылдық мектептер нағыз мамандарды дайындай алмайды, - деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG