Accessibility links

АҚШ соты Иранның ежелгі тарихи жәдігерін оған қайтармастан, алып қалу жөнінде шешім шығарды


Ол жәдігерді аукционда сатып, қаржысын 1997-ші жылғы Иерусалимдегі бомбалық шабуылдан аман қалған америкалықтарға өтемақы ретінде беру көзделген. Иран ресми билігі ЮНЕСКО-ға қайрылып, аталған Парсы тарихының ескерткішін қайтартуға күш салуға шақырған еді.

Парсы империясының бұрынғы астанасы Персеполистен 1930-шы жылдары америкалық археологтар балшықтан жасалған ежелгі тақтайларды тапқан болатын. Ол жәдігерлер зерттеулер үшін АҚШ-тағы Чикаго Шығыс тану институтына жіберілген еді. Зерттеушілердің айтуынша бұл тарихи ескерткіште Христиан жыл санауына дейінгі 500 жылдықтағы Парсы империясы жөнінде бағалы мәліметтер бар. Аббас Ализаде - осы институттың ежелгі Иран тақырыбы бойынша аға ғылыми зерттеушісі. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Ализаде мырза 2500 жылдық тарихы бар ол тақтайлардың құны баға жетпес, деді.

“Бұл - Ахаменид дәуірінен ақпарат беретін жалғыз құжат. Онда парсы қоғамы, оның экономикасы мен Персеполисті қалай салғандары жөнінде құнды ақпараттар бар. Мысалы, олардың құл жұмсамағаны, әйелдер мен ерлердің тең хұқықты болғаны туралы да осында айтылған. Ахаменид дәуіріндегі көптеген жерлер осы ескерткіште айтылған. Сондықтан да бұл ескерткіш баға жетпес дәрежеде құнды”, - деді Ализаде мырза.

Чикаго институтында бұл жәдігер 7 онжылдықтан бері зерттеу мен аудармасын күтіп жатқан еді. Алайда, Иерусалим аллеясында осыдан 9 жыл бұрын жарақаттанған бірнеше америкалықтар бұл ескерткіш тақтайларды иеленіп, аукционда сату хұқына сот арқылы қол жеткізіп отыр. Ол шабуылдарға жауапкершілікті Хамас тобы өз мойнына алған болатын. Оның алдындағы сот шешімі бойынша, Хамас тобын Иран қаржыландырып отыр деген себеппен ресми Техран әлгі жарақаттанғандарға 400 миллион доллар өтемақы төлеуі керек еді.

Бұл жаңалық белгілі болысымен Иран ресми өкілдері бұған орай халықаралық Әділет сотына және ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдарға шағымданатындығын айтып, өздерінің ашу-ызасын білдірді. Ираннан сырт жерлерде тұратын шамамен 3 мыңдай ирандықтар АҚШ Жоғарғы сотының жоғарыдағы шешімнің күшін жоюына шақырған петицияға қол қойды. Иран Ислам үкіметінің халықаралық дәрежде не істеп жатқандығына Иран халқы жауапты емес. Сондықтан халықтық жәдігер арқылы халықты жазалауға болмайды, деді олар. Профессор Ализаде мырза егер АҚШ сотының бұл шешімі жүзеге асырылатын болса, ондай жағдайда трагедиялардан өздеріне пайда табуға ұмтылатындар музейлерді көздейтін болады, дейді. Оның айтуынша АҚШ сотының бұл шешімі талайлар үшін күтпеген жағдай болды.

Иран вице-президенті Есфандияр Рахим Мошае мырза - Иран Мәдени мирас ұйымының басшысы. Оның айтуынша, АҚШ сотының Парсы дәуірінің жәдігері жөнінде шығарған шешімі әлем бойынша мәдени-ғылыми әріптестіктерге кесірін тигізетін болады. Шілденің 10-ы күні Иран мемлекеттік ИРНА ақпарат агенттігі ЮНЕСКО-ның бас директоры Коичиро Матсураның АҚШ сотының бұл шешімі “заңсыз” болды деген анықтамамен келісетіндігі жөнінде айтты.
XS
SM
MD
LG