Accessibility links

Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбырының салтанатты ашылу рәсімі өтті

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Шілденің 13-күні Түркияның Жейһан айлағында Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбыр желісінің ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Түркия президенті Ахмет Нежет Сезер, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев және Грузия басшысы Михаил Саакашвили қатысты. Сонымен бірге аталмыш шараға Ресей, АҚШ және Қазақстан басшылары да арнайы шақырылған. Биылғы жылдың маусым айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған мұнай құбыры арқылы қазақ мұнайын халықаралық базарға тасымалдау жөнінде келісімге қол қойған болатын.

Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбырының құрылысы 2003 жылдың сәуір айында басталған. Содан бері Түркия, Әзірбайжан, Грузия мемлекеттері мен АҚШ тарапы Қазақстанды аталған құбыр жобасына қатысуға шақырып келген. Ал Ресей болса БТЖ мұнай құбырының жобасын ресей экономикасы үшін стратегиялық маңызы шамалы деп келген еді. Өйткені бүгінде Ресейдің Каспий құбыр желісі концорциумы арқылы жылына Әзірбайжанның 2,5 млн. тонна мұнайы Еуропаға кететін болса, Қазақстанның кемінде 25 млн. тонна мұнайы шетелге жөнелтіледі. Ресей сарапшыларының пікірлерінше, егер КТК құбыр желісіне бәсеке болатын Баку-Тбилиси-Жейһан (БТЖ) құбыры іске қосылатын болса, жоғарыдағы екі мемлекеттің Ресей арқылы мұнай тасымалдауы азаяды. Осы себептен де қазақстандық сарапшылар президент Нұрсұлтан Назарбаев БТЖ мұнай құбыры арқылы қазақ мұнайын тасымадау жөнінде келісімге қол қоюға көп уақыт ойланды дейді.

Дегенмен өткен айда Қазақстан басшысы аталған жоба арқылы қазақ мұнайын тасымалдау жөнінде келісімге қол қойды. Президенті Н.Назарбаев БТЖ жобасына не үшін қосылып отырғандығы жөнінде былай деген еді:

– Мен ылғи айтып жүретінмін, Қазақстанның мұнайы, газы жердің астында жатқандықтан қызмет етпейді. Нарықтық экономика жағдайында дүниежүзі базарына шығармай оның пайдасы болмайды.

Енді міне шілденің 13-күні Түркияның Жейһан қаласында БТЖ-ның ресми ашылуы өтті. Қазақстан осымен қазақ мұнайын шетелге шығаратын үш халықаралық жобаға қосылып отыр. Бірі, Каспий құбыр желісі концорциумы болса, екіншісі, Атасу – Алашанқай, үшіншісі осы БТЖ. Бірақ, белгілі мұнайшы Нәдір Нәдіров үш бірдей жобаға қазақ мұнайы жетпейді деген пікір білдіреді. Ал БТЖ мұнай құбыры арқылы қазақ мұнайын тасымалаудың екі қиыншылығы бар дейді Нәдір Нәдіров.

– Бірінші, мұнайды қайдан алу керек? Екіншісі Бакуға дейін қалай жеткізу керек? Өйткені Бакуға дейін құбыр жоқ ғой. Жеткізудің бір бағыты – теңіздің түбінен құбыр саламыз дейді. Бірақ экологтар оған рұқсат бермей отыр. Енді танкер арқылы Ақтаудан Бакуға жеткіземіз дейді.

Нәдір Нәдровтің сөздеріне қарағанда, БТЖ мұнай құбырының салтанатты ашылуына Ресей президенті Владимир Путиннің қатыспай отыруының саяси астары бар. Өйткені Ресей тарапы бұл жобаға қарсы болып келген дейді ол.

Ал саясаткер Серікболсын Әбділдин жалпы қазақ мұнайын шетелге шығаруға қарсылығын айтады. Себебі, өзге дамыған мемлекеттер секілді Қазақстан да табиғи байлығын болашаққа сақтап, тек индустрияны дамытып отыру керек деген пікір айтады ол. Сонымен бірге Әбділдин, кейбір сарапшылар айтып отырғандай, БТЖ мұнай құбыры салдарынан Қазақстан мен Ресей арасында саяси салқындық болады дегенмен келіспейді.

- Өйткені Қазақстан басшысы батыс өңірдің Құрманғазы деген мұнайлы кенішін толығымен Ресейге беріп отыр, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Ал экономист, бұрынғы сенатор Уалихан Қайсар Қазақстанның БТЖ мұнай құбырына қосылуын оң бастама деп біледі.

– Бұл мұнай құбыры керек жоспармен салынып жатыр. Бізде Ресейге баратын мұнай құбырлары бар. Қытайға баратын құбырлар бар. Енді, менің ойымша, Пәкістан арқылы Үндістанға жеткізетін құбыр болады. Біздің мұнайды тасымалдайтын неғұрлым тәуелсіз құбырлар болса, соғұрлым Қазақстан экономикасы тәуелсіз болады деп есептеймін. Өйткені Ресеймен, Қытаймен алдағы жылдары жағдайдың қалай болатынын білмейміз ғой, – дейді Уалихан Қайсар.

2003 жылы басталған БТЖ мұнай құбырының ұзындығы 1767 шақырым, оның 443 шақырымы – Әзірбайжан, 248 шақырымы Грузия, 1 076 шақырымы Түркия аумағымен өтеді. Мұнай құбырының жылдық өткізу қуаты – 50 млн. тонна.
XS
SM
MD
LG