Accessibility links

«Көшпенділер» фильмін шетелдерге алдымен пираттар таратып жатыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Иранда белгісіз алаяқтар “Көшпенділер” фильмінің тұсаукесерін өткізгені жайлы ақпарат басылым беттерінде бейсенбі күні жариялана бастады. Фильмнің режиссері Талғат Теменов: «Фильмнің авторлық құқығының заңмен қорғалмауынан өнім қарақшылық жолмен кез-келген адамның қолында кетіп отыр” дейді.

Талғат Теменов бүгінде “Көшпенділер” фильмінің заңсыз жолмен әлемнің бірқатар еліне тарап кеткендігін айтады. Ал фильмді Иран елінде көрсетіп, тұсаукесер жасап жүрген азаматтың аты-жөні қазірге белгісіз. Алматыға жолы түскен Иран елінің азаматы аталмыш фильмнің таспасын сатып алып, оны отандастарына көрсеткенін Талғат Теменов өзінің Иранға барып қайтқан жақын таныстарынан естігендігін айтады.

- Ирандық қазақ па, қазақстандық қазақ па - ол жағын мен білмеймін. Сол елге барып келген менің танысымның айтуынша, кинотеатр емес, ауылды жерде тұратын бауырларымыздың бәрінің үйінде бір-бір “Көшпенділер” фильмі бар дейді. Қазір Иран, Қытай, Ауғанстан, Түркия елдерінде көптеп таралып кетті, - дейді Талғат Теменов.

Оның сөзіне қарағанда, “Қазақфильм” киностудиясы фильмнің 8 таспасын көшіріп, жасап шығарған екен. Бірақ олардың авторлық құқығын сақтау туралы келісім-шарт жасамай, заңсыз көшіріп басқан жағдайда заңмен қудаланатындығы туралы көрсетпеген.

- Фильмнің авторлық құқығын заңдастыруды “Қазақфильм” жасауы керек. Фильм түсіріліп болғаннан кейін сол компанияға берілді ғой. Ал бұған ешкім бақылау жасамаған. Кейбір мәліметтерге жүгінсек Қазақстанда “Көшпенділер” фильмінің 1 млн данасы қарақшылық жолмен жасалған. Тіпті осы фильмге испандық композитор Карло Филиоттоның жазған шығармасы мобильдік телефондарда жүр. Егер фильмнің авторлық құқығы сақталған болса одан келер пайда үлкен болар еді. Миллиондаған қаржы алаяқтардың қалтасында кетті. Мен өз фильмімді базардан 700 теңгеге сатып алдым, - дейді Талғат Теменов.

Ал Қазақфильм” киностудиясының директоры Сергей Әзімов:

- Егер фильм нашар болса көрермендер көңілінен шықпаса мұндай оқиғалар болмас еді. Мұндай оқиға тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елінде болып жатады. Өнімдердің қарақшылық жолмен таралмауы үшін Әділет министрлігі, ішкі істер министрлігі, басқа да құзырлы органдар жауап береді. Біз кезінде осы “Көшпенділер” фильмінің қарақшылық нұсқалары шыққанда сол құзырлы орындарға арыз жазғанбыз. Олар тексеріп, қылмыстық іс қозғаған болатын. Ал Талғат Теменовтің фильмнің авторлық құқығы сақталмаған дегені шындыққа жанаспайды. Ол фильмнің авторы - оның сценарийін жазған Рустам Ибрагимбеков болып табылады. Ол өз кезегінде фильмді таратуға “Қазақфильм” киностудиясына берді. Авторлық құқық - Рустам Ибрагимбековтікі де, мүліктік құқығы – “Қазақфильмдікі, - деп жауап берді «Азаттық» тілшісіне.

Ал әлгі белгісіз алаяқтардың Иран жерінде тұсаукесер жасауын біз әлі анықтайтын боламыз, деген Сергей Әзімов енді Қазақстандағы Иран елшілігіне сұрау салатындығын ескертті.

Сергей Әзімовтің айтуынша, алдағы қыркүйек айында аталмыш фильм ТМД елдеріне прокатқа шығарылып, көрсетілмек екен. Алайда, Әзімов мырза сондай үлкен жұмыстың алдында фильмді қалайда жаман етіп көрсету үшін кейбір басылымдар түрлі алып-қашпа әнгімелерді таратып жатқан болар деген күдігін де жасырмады.

- Өйткені, осыдан біраз бұрын бірқатар басылымдар: ойбай, көшпенділер қайтадан түсіріледі екен деген ақпарат таратқан болатын, - дейді «Қазақфильм» киностудиясының директоры.
XS
SM
MD
LG