Accessibility links

Өзбекстанмен арадағы шекараны күзететін Қазақстан шекарашылары мәйітханада тұрып жатыр


Қазақ-өзбек шекарасының қауіпсіздігін арттыруға және әлеуметтік мәселелерге үкіметтің төтенше жағдайларға арналған резервінен жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінбекші. Бұл туралы Астанада үкімет отырысында премьер-министр Даниял Ахметов хабарлады. Бірақ, шекараның бұл бөлігіндегі мәселелерді шешуге 10 миллиард теңге сұралған.

Қазақ-өзбек шекарасы өтетін аумаққа қаржы бөлу қажеттігін алдымен парламент депутаттары көтерген. Содан кейін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы делегация жіберілді. Аумақта болып қайтқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Рапил Жошыбаевтың хабарлауынша, шекараға жақын орналасқан қазақстандықтарды көшіру аяқталған.

- Бірақ, әлі жеке меншік үйлер мен ғимараттарды ығыстыру керек, - деді ол.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиевта үкімет жетекшісінен осы проблемаларды республикалық бюджет арқылы шешіп беруін сұрады:

- Үйлерді көшіру проблемасы - шекара бөлінгеннен кейін өзінің шешімін күтіп отырған мәселе еді.

Алайда Қазақстан премьері Ахметов болса тек 58 үй бойынша мәселе қаралатындығын хабарлады.

- Үкімет сендерге сауынды сияр ма? Олай болмайды, өткен жылы істемедіңдер, ол менің проблемам емес, - деді премьер.

Ал, Сыртқы істер министрінің орынбасары Рапил Жошыбаев тұрғындарға қажетті мектеп салу, жол салу жұмыстарына қаржы керек, деді. Бірақ, премьер-министр жолдарға қажет деп сұрап отырған 1 миллард теңгені бере алмайтындығын жеткізді. Өйткені, бұл жолдар республикалық маңыздағы емес, облысқа қарайды, деп түсіндірді премьер. Дегенмен Оңтүстік Қазақстан облысының бюджетінде резерв болмаса көмектесеміз, бірақ электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелеріне үкімет араласпайды, деді ол.

- Өйткені, жеке меншік желілерді мемлекет қаржыландырмайды, - деді премьер.

Ал, Қазақстан Шекара қызметі бас штабының бастығы Құсайын Берікқалиевтың айтуынша, 4 әскери қалашық салуға қаржы қажет.

- Өйткені қазір сол жердегі шекарашылар жергілікті мектептің қосалқы бөлмелерінде, ауылдық аурухананың мәйітханасында және бұзылып жатқан бала-бақшада тұрып жатыр, - деді Қ.Берікқалиев.

Аумақта болып қайтқан Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Рапил Жошыбаев Өзбекстан шекарашыларының жабдықтауы жақсы екенін баяндады.

- Ал, Қазақстан жағында тат басқан сым темірмен қоршалған. Оның сыртында шекараны жабдықтауға және аумақты бақылауға тік ұшақта қажет, - деді Сыртқы істер мекемесінің өкілі.

Жалпы бұл мақсаттарға 8 миллиард теңге сұралды. Ал, премьер Ахметов үкіметтің резервінен тек 437 миллион теңге беретіндігін хабарлады. Ахметовтың айтуынша, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысына шекара мәселелеріне 1 жарым миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

- Премьер-министрдің бір сөзі ұнады. Бізде ұлттық намыс жоқ па, бар ма? Біздің шекарамызда аннан-мыннан жиналған тікенек сымдар емес, кәдімгі жаңа заман талаптарына сәйкес арнайы сымдары болады, - деді Парламент мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижанұлы.

Ресми мәлімет бойынша қазақ-өзбек шекарасының жалпы ұзындығы 2300 шақырымнан асады.
XS
SM
MD
LG