Accessibility links

Жарты әлемді үш дөңгелекті арбамен шарлап жүрген саяхатшы екі қыз Алматыға жетті

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Шілденің 13 күні Алматыда британдық саяхатшылар Джо Хакстер және Антония Болингброк-Кент қазақстандық қауыммен кездесті. Тук-тук деп аталатын 3-дөңгелекті арбамен әлемді шарлап жүрген бойжеткендер осы ұзақ сапары барысында британдық «Cана» қайырымдылық қоры үшін қаржы жинап, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына жұрт назарын аударуды мақсат етіпті.

Джо Хакстер мен Антония Болингброк-Кент өздерінің қайырымдылық сапарын маусымның 1-күні Бангкоктан бастаған болатын. Таиландтық тук-тук көлігін мінген бойжеткендер осы уақыт ішінде жоспарлаған 12 мың миль жолдың жартысын жүріп өтіпті. Осыдан 3 күн бұрын Қазақстан шекарасынан өтіп, бейсенбіде Алматыға келіп жеткен саяхатшы қыздардың бірі Джо Хакстер, көңіл-күйлері туралы сұраған «Азаттық» тілшісіне, әзірге өздеріне жолдың аса ауыр тимегендігін айтады.

- Англияға тамызда жетеміз деп жоспарлап отырмыз. Сапарымыз кезінде ешқандай қиындықтар туған жоқ. Бізге үнемі қайырымы мол адамдар кездесіп отырды. Ал әзірге біздің қорға 20 мың фунт-стерлинг түсті.

Жүйке жүйесінің сырқаты бар адамдарға көмек көрсететін британдық «Сана» қайырымдылық қоры 50 жылдан астам қызмет істеп келеді. Бұл қорға қаржы жинау - Джо Хакстердің идеясы екен. Қайырымдылық мақсатқа өзінің жақын құрбысы – Антонияны тартып, осы сапарға аттанғандағы ниеті - жүйке жүйесі ауыратындардың жағдайына әлем жұртшылығының назарын аудару болғанын айтады Джо Хакстердің өзі.

- Британдық «Сана» қоры тек қана жүйке жүйесімен қазіргі уақытта сырқаттанушыларға ғана емес, мұндай аурумен бұрын ауырғандарға да көмек көрсетеді. Мұндай ауыр жағдай өзімнің басымнан да өткендіктен, осындай тәуекелге баруға бел будым, -деді Джо.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған бұл кездесу Алматыдағы дамуында кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу орталығында өтті. Алайда, бұл орталыққа британдық саяхатшылардың қайырымдылық сапарынан түскен қаржы бөлінбейді.

Саяхатшы қыздар «Сана» қайырымдылық қорына әлемнің әр түкпірінен ақша түсіп жатқандығын жеткізді. Олардың айтуынша, бұл қаржының нақты қайдан, кімнен келіп түсіп жатқандығы құпия екен. Дегенмен, Джо мен Антонияның жүйке жүйесі ауыратындардың жағдайын түзеуге бағытталған қайырымдылық сапары туралы естіген әйгілі сазгер Элтон Джон қордың шотына 3 мыңдай фунт-стерлинг аударғанын олар мақтанышпен айтты.

- Бізді қолдаған СКАЙП ұйымы осы шараға арнап әлемторда арнайы сайт ашты, қаржы сол сайт арқылы да толассыз келіп түсуде, - дейді саяхатшы қос құрбы.

Үш дөңгелекті тук-тукпен қайырымдылық сапарын жасап жүрген британдық саяхатшылар Джо Хакстер мен Антония Болингброк-Кент бұл сапарының алған бөлігінде Орталық Азия елдері, Ресей мен Украина және Еуропаның бірқатар елдері арқылы жүріп өтеді.
XS
SM
MD
LG