Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.14.2006 жыл

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жұма күні жарық көрген мемлекеттік тілдегі басылымдардың дені Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей президенті Владимир Путиннің Санкт-Петербор қаласында өтетін «үлкен сегіздік» жиынына қонақ ретінде шақыруын «жетелі жетістік» деп бағаласа, ресми орыс тілінде жарық көрген басылымдар шілде түскеннен кейін демалыс орындарының жағдайына мән беріп және қайда барып демалған жөн деген сауалға жауап іздепті.

Үкіметтен қаржыландырылатын «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі саны алдағы аптада Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өтетін «үлкен сегіздіктің» жиынына баса мән беріпті. Онда әсіресе Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты «үлкен сегіздікке» осы жолы төрағалық ететін Ресей президенті Владимир Путиннің қонақ ретінде шақыруын Қазақстанның жаһандық дамуда лайықты орнын көрсетеді деп баға берген. «Өйткені, саммитте сөз болғалы отырған әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбын Қазақстаннан бөле-жара қарауға болмайды», деп атап көрсеткен газет тілшісі Ержұман Смайыл. Дәл осы тақырыпта, бірақ мазмұны өзгеше мақала «Түркістан» газетінде жарық көріпті. Газет тілшісі Нәзия Жоямергенқызының «Диктаторлар және демократия» деген талдау мақаласы «үлкен сегіздіктің» диктаторлары жөнінде. Онда соңғы жылдары Ресей президенті Владимир Путиннің екінші кезеңге президент болып сайланғаннан кейінгі Ресейдегі сөз бостандығының тұншықтырылғаны, адам құқықтарының тапталғаны жөнінде жазылған. Мәселен, «Ресейдегі «Азаттық» радиосынан көптеген бағдарламаларды алып тастауы да Кремльдің ақпараттық кеңістікті уысында ұстауды көздеген әрекеті жатыр» деп жазады «Түркістан» газетінің тілшісі Н.Жоямергенқызы. Сонымен қатар ол осы жолғы «үлкен сегіздіктің» отырысында «АҚШ президенті Джордж Буш демократияның жоқтаушысы болмақ» деп пайымдайды.

Ал енді Қазақстанда жарық көретін ресми орыс тіліндегі басылымдарға назар аударсақ. Күнделікті шығатын «Экспресс – К» газетінің тілшілері шілде түскеннен кейін шығыс өңірде орналасқан Алакөлге демалуға арнайы барғандарын жазады. Алакөлдің суы мың бір ауруға дауа болғанымен ондағы қызмет көрсету деңгейі Қырғыз елінің Ыстық көлімен салыстыруға келмейді дейді газет тілшілері. Сонымен бірге Алматыдан Алакөлге баратын жолдардың алашұбар екенін жазған тілшілер «жол бойында машина дөңгелегін бірнеше рет ауыстыруға тура келді» дейді. Және де Қырғызстандағы саяси ахуал орнына түскеннен кейін Алакөлге демалатын адамдардың да азая түскенін аңғарыпты. Алайда «қырғыздардың Ыстықкөліне қарағанда қазақ жеріндегі Алакөл суының шипасы ерекше» дейді «Экспресс – К» газетінің тілшілері.

Ал апталық, тәуелсіз «Республика» газетінің тілшісі жаз кезінде қазақстандықтардың қай жерге көп баратынын білу мақсатында туристік агенттік қызметкерлерімен сұхбат жүргізіпті. Газет тілшісі Марина Литвинованың мақаласына қарағанда шетелдердегі ең қымбат демалыс орындарына барып демалатын Қазақстанда байлар саны өте көп екен. Мәселен, қалталы азаматтар арасында Еуропаның ең қымбат курорты Сардинияға барушылар саны көп көрінеді. Онда ең арзан қонақ үйлердің бағасы тәулігіне 300 еуро болса, бір адамға демалу үшін кемінде 15 мың еуро кетеді екен. Сол секілді бай, қуатты қалталы қазақстандықтар Мадагаскар аралына, Дубайға, Австрияға жиі барса, енді бірі Гималай шыңына шыққанды ұнатады екен. Осылайша, «Республика» газеті қалталы қазақстандықтардың қай елге барып демалатынын зерттесе, «Новое поколение» газеті қазақстандық 20 мемлекеттік миллиардер компанияны анықтапты. Газет тілшілері 50 пайыздан астам акциясы мемлекеттікі болып саналатын компаниялардың табысын зерттеген. Қазақстанда табысы жағынан жетекші орын алатын компания «Қазмұнайгаз» болып саналады екен. Оның орташа табысы 827 млрд теңгеге жеткен. Екінші орындағы «Қазақстан темір жолы» 429 млрд теңге кіріс кіргізсе, үшінші орында Нұржан Сұбханбердин басқаратын «Казкоммерцбанк», төртінші орында Мұхтар Әблязов төрағалық ететін «ТұранӘлембанкі» тұр екен.
XS
SM
MD
LG