Accessibility links

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы саяси партияға айналмақ


15 шілде күні Алматыда «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қоғамдық қозғалысы жабық жағдайда жиын өткізді. Жиналыста қортынды баяндама жасаған қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза, ұйымның болашақтағы жалпы стратегиясына тоқтай келіп, «қозғалысты әлеуметтік-демократиялық бағыттағы жаңа партия деңгейіне көтеру керек» деген ұсыныс жасағаны мәлім болды. Оны бірауыздан қолдаған жиналыс елдегі соңғы саяси ахаулға байланысты бірқатар қарар қабылдап осыған орай мәлімдеме жасаған.

«Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзаның қозғалысты келешекте әлеуметтік-демократиялық бағыттағы саяси партияға айналдыру керектігі туралы ұсынысы қозғалыс мүшелерінен қолдау тапқаны, қозғалыстың дүйсенбі күні таратқан ақпараттық хабарламасынан мәлім болып отыр. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын дүниеге келген «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысы Қазақстандағы оппозициялық күштердің басын біріктірген ұйым ретінде құрылған болатын. Қозғалыс қатарындағы саяси ұйымдардың бірі – Қазақстан Коммунистер партиясының төрағасы Серкболсын Әбділдин мырзаны сөзге тартқан едік.

- Мен қатысқам жоқ ол жиынға. Ол тек Жармаханның өз жұмысы бойынша өткізген жиналысы, жалпы оппозицияның жиналысы емес, - деді ол.

- Жармахан Тұяқбай мырза қозғалысты келешекте әлеуметтік-демократиялық бағыттағы партияға айналдыру керек деген ұсынысы бірауыздан қабылданыпты. Олай болса келешекте сіздің партия да сол жаңа партияға қосылуы мүмкін бе?

- Жоқ! Мүмкін емес! Ол өзі жеке партия болады. Біз өзінен-өзі қазіргі оппозицияда жүрген жалғыз партиямыз ғой, басқаларының бәрі тіркелмеген. Ал жалпы мен өз басым ондай жаңа партия туралы пікірді қолдағанмын. Айтқанмын, егер тіркеуден өте алатын болсаңдар партияның санын көбейткен дұрыс деп, - дейді Әбділдин мырза.

Қазақстанда тіркеуден өте алмаған «Алға» партиясы жетекшілерінің бірі Асылбек Қожахметовт те бұл жиналысқа қатыспапты. Дегенмен ол жаңа партия құрылса, оны қолдайтындығын білдіріп отыр.

- Егер бұрын «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы – оппозициялық бағыттағы үш партия, дәлірек айтсақ – Коммунистер, Алға, Нағыз Ақ жол партияларына арқа сүйесе, соңғы уақытта Жәкеңнің ұсынысымен ол формула өзгеріп, бұл қозғалыс саяси тұлғалар бірлестігіне айналды. Ал біз қазір өз партиямызды тіркетудің жолындамыз, жақында партияның активі өтті, сондықтан біз ешқандай партияға қосылмаймыз, қосылғысы келгендер бізге қосылсын, - дейді А.Қожахметов.

- Ал жаңа партия онсыз да бытыраңқы оппозиция қатарын ыдыратпай ма?

- Бұл бізге саяси сахнадағы әртектілікке жол ашып байыта түседі де, парламенттік сайлау кезінде, не қажет кезінде қайта бірігуге мүмкіндік береді, - деп жауап берді Асылбек Қожахметов.

«Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысы сенбі күнгі өткізген жиналысында елдегі саяси ахуалға байланысты жасаған мәлімдемесінде биліктен «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловті» қыспаққа алып, қудалауды тоқтату керектігін, Алтынбек Сәрсенбайұлының Талдықорғанда өтіп жатқан соты ашық әрі жариялы сипат алуын талап етіп, Таразда оппозиция мүшесі Әлібек Жұмабаевтың 5 жылға сотталуып, түрмеге жабылуына, елде соңғы қабылданған БАҚ туралы заңға байланысты наразылық көзқарастарын білдіре отырып , Алматы маңайындағы заңсыз салынған деп танылып бұзылып жатқан елдімекендердегі баспана мәселесін бейбіт жолмен шешуге үндеген.
XS
SM
MD
LG