Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты сот ісі бір апталық үзілістен соң қайта жалғасты


Қазақ оппозиция қайраткері мен оның серіктерінің өліміне байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісі шілденің 18-күні қайта жалғасып, бұл күні сот кезекті куәлардан сұрақ-жауап алуды одан әрі жалғастырды. Сот жүріп жатқан бір айдан астам уақыт ішінде қазірге дейін 40 шақты куәлардан сұрақ-жауап алынды.

Сейсенбі күні сот алдында жауап берген куәлар - айыпталушылардың бірі Виталий Мирошниковқа автокөлік дөңгелектерін сатқан сатушылар Александр Волков пен Берік Өтепов деген азаматтар болды. Бұл сатушылардың соттағы берген жауаптарында Мирошниковқа он екінші ақпанда (!) автокөлік дөңгелектерін сатқандарын айтты. Бірақ қандай бағаға сатқаны туралы екі сатушының көрсетулері екі түрлі шықты.

- Мен тек сатушы болғандықтан, қандай бағаға сату керектігі туралы контейнер иесі Бақбергенов Жамбылдан ұялы телефон арқылы сұрағанмын, - дейді Берік.

Осыған байланысты қорғаушылар Бақбергеновты куә ретінде сотқа шақыру туралы өтініш түсіріп, сот оны қабыл алды. Сонымен бірге K-Сell сымсыз телефон операторынан сол күнгі сөйлесулер жайында дерек алу туралы өтініш алдағы уақытта қанағаттандырылатын болып шешілді. Және бір өтініш сол контейнерде сатылған тауарларды тіркейтін дәптерді алдыру қажеттігі жайында болды. Дәптерді сот төрағасы Лұхмат Мерекенов «Бақбергенов сотқа куә ретінде жауап бергенде өзімен бірге әкеледі» деп шешті. Алайда бұған Мирошниковтың жақтаушысы Виктор Семин наразылық айтады.

- Ол дәптерді куәларға табыстау қисынсыз деп есептеймін. Мен ол дәптерді Мирошниковтың айыбын мойындату үшін жоғалтып не құртып жіберуі әбден мүмкін деп ойлаймын. Ол дәптердегі жазуларға байланысты ондай дөңгелектер ақпанның он екісінде және он алтысында сатылған екен, соны жақсылап тексеру керек, сондықтан ол дәптердегі жазуларды графологиялық сараптамаға жіберуді сұрап едім, сот оны қанағаттандырмады, - деді Семин мырза.

Сот алдындағы тергеу жорамалы бойынша, Ибрагимов оқиғаға байланысты газеттердегі жазылған "оқиға орнында аяқ киім іздері мен автокөлік іздері қалыпты" деген деректер негізінде Мирошниковқа автокөлік дөңгелегін ауыстыру туралы тапсырма берген. Демек ол он үшінші ақпаннан кейін болуы керек. Себебі, мәйіттер сол күні табылған болатын. Екінші мәселе, Семин мырза тергеушілердің іс-әрекетінен соң сатушылар Мирошниковты танымауы мүмкін емес еді дейді.

- Куәлар Мирошниковты кісен салып әкелген адам ретінде көріп таниды. Ал тергеу одан соң ішкі істер департаментінде тану-танымау туралы іс-әрекеттер өткізеді. Бұл маған түсініксіз. Куәлар таныған екен - сол кезде тиісті протокол толтырылуы керек еді. Ондай болмаған. Ол да түсініксіз, - дейді Мирошниковтың жақтаушысы Семин мырза.

Адвокат Семинның үшінші уәжі - Мирошниковты тергеу уәкілдері Алматыдағы "Баян Ауыл" базарындағы контейнерлерге апарғанда түсірген бейнетаспаға байланысты болды.

- Бүгін біз бейнетаспаны үш рет қарап шығып, контейнерлерге тергеушілерді Мирошников емес, тергеушілер оны апарғанын көрдік. Демек ол қандай контейнерден алғанын білмейді, себебі ол дөңгелек сатып алмаған, - дейді В.Семин.

Ал жәбір көруші жақтың жақтаушысы Серікқали Мусин болса керісінше қортынды жасап отыр.

- Бүгін бейнетаспаны көру барысында мен өз басым осы процеске қатысушы ретінде Мирошниковтың дөңгелек сатып алғанына көзім жетті. Себебі, оның сол кезде айтқан кейбір сөздері тек ағынан жарылған адамның айтқан сөздері дер едім. Ал кейін ол сөздерден тайып кеткені - "суға кеткеннің тал қармаған" әрекетінен болса керек, - дейді Мусин.

Сейсенбі күнгі сотқа түсірілген өтініштер қатарында Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсеновтың «оқиға орнында табылған тапаншаның бес оғын кешенді баллистикалық химиялық сараптамадан өткізу қажет, себебі ол оқтар әртүрлі қарудан атылуы мүмкін» деген өтініші болды. Оған сот төрағасы Мерекенов мырза "әзірге оған ерте, дәл сол мәселені талқылағанда бұған тағы ораламыз" деп шешті.

Сот сәрсенбі күні кезектегі куәлардан жауап алуды жалғастырмақ.
XS
SM
MD
LG