Accessibility links

Семейлік кәсіпорын жұмысшылары өздерін улы қалдықтан құтқаруды сұрайды


Семей қаласындағы «Вилла-Люкс» деп аталатын жеке меншік кәсіпорынның еңбек ұжымы аштық акциясын өткізуге мәжбүр екендерін мәлімдеп отыр. Олар кәсіпорын аумағында радиоактивті қалдықтар тиелген контейнерден құтылу үшін осындай қадамға барудан басқа амалдары қалмағанын айтады. Ал жергілікті билік болса бұл контейнерді арнайы орынға апарып көмуге қажетті 300 мың теңге қаржы таба алмай отыр.

«Вилла-Люкс» кәсіпорнында радиоактивті металл қалдықтары тиелген контейнердің тұрғанына бір жылдан астам уақыт болған. Негізінде бұл қалдықтар осы кәсіпорынмен көрші орналасқан «F&K» фирмасыныкі екен. Металл қалдықтарын жинап-өткізумен айналысатын бұл фирманың кезекті жүгі радиоактивті боп шығып, Қытайдан қайтып келген соң фирма оны 2004 жылдың соңында осы «ВиллаЛюкс» кәсіпорнымен екі арадағы жерге уақытша деп көмеді. Алайда көршісі ол қалдықтарды жерге жай ғана көме салуға болмайтынын айтып, бірнеше ескерту жасағанымен фирма басшылығы оған құлақ аспайды. Ақыры «Вилла Люкс» кәсіпорны заң орындарына шағым түсіріп, сол бойынша құрылған арнайы комиссияның шақыруымен 2005 жылы қараша айында осында келіп зерттеу жүргізген, Курчатов қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының жанындағы Атом қуаты Институтының мамандары, әлгі қалдықтардағы радиациялық сәуле шашу шекті шамадан көп болғандықтан оны арнайы жерге көму қажет деген қортынды жасайды.

Бірақ, жерден қайтадан қазып алынып, контейнерге тиелген бұл қауіпті жүк содан бері «Вилла-Люкс» кәсіпорны аумағының шетінде әлі күнге дейін тұр. Бар мәселе оны бұл жерден әкетуге керекті 300 мың теңге қаржыға тірелді.

- Сегіз айдан бері бұл мәселе әкімшілік сотта екі рет қаралып, сот әлгі қалдықтарды көмген «F&K» фирмасы енді оны сол жерден көметін арнайы орынға әкетуді өз мойнына алу керек деген шешім шығарғанымен, ол фирманың басшылығы сот шешімін мойындамай келеді, - дейді «Вилла Люкс» кәсіпорнының құрылтайшысы Нұртай Исмайлов.

Бұл мәселе бойынша «F&K» фирмасының басшысы Шишов мырзадан қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады. Ал одан қалған «радиоактивті мұра» енді «Вилла-Люкс» кәсіпорнының бас ауруына айналып отыр.

Кәсіпорында еңбек ететін Айгүл есімді қызметкер күнделікті бұл контейнердің жанынан жүреді екен.

- Күнде түскі асқа шыққанда осы контейнердің жанынан айналып өтуге мәжбүрмін. Бұл зат осында жұмыс істейтін адамдарға психологиялық қатты әсер етеді. Мен де өзімді жайсыз сезінемін. Оның денсаулыққа зияны тиер деп қауіптенгендер қазір кәсіпорындағы жұмыстан шығып, кете бастады, - дейді Айгүл.

Ал Семейдегі қоршаған ортаны қорғау басқармасының радиациялық бақылау жөніндегі бас маманы Мұрат Құсайынов мырза шілденің 18-күні «Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде ол қалдықтардан соншама қорқуға болмайды дегенді айтты. Алайда кәсіпорын құрылтайшысы Нұртай Исмайлов болса, 2005 жылы күзде Атом қуаты Институтының радиолог мамандары келіп арнайы құралмен зерттеу жүргізгенін және әлгі қалдықтардағы радиация деңгейі шамадан 100 есе жоғары деп қортынды жасағанын алға тартады.

Даулы қалдықтар жөнінде мәселеге үкіметтен де жауап келді дейді, осы проблема жайында жергілікті басылымдарға бірнеше мәрте зерттеу мақалалар жазған семейлік журналист Алла Белякина.

- Премьер-министр Даниал Ахметовтен келген жауап-хатта ол қалдықтардың адам өміріне қаупі жоқ екені айтылып, «Вилла-Люкс» кәсіпорны ол контейнерге байланысты жауапкершілікті өз еркімен мойнына алған деп жазылған. Бұл шындыққа жанаспайды, себебі кәсіпорын ұжымы осыған дейін бірнеше рет бұл қалдықтарға байланысты ешқандай жауапкершілік алмайтынын айтып, жан-жаққа ресми хат жолдаған болатын, - дейді журналист А.Белякина.

Семей қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының радиациялық бақылау жөніндегі бас маманы Мұрат Құсайынов мырза бұл контейнерді арнайы орынға апарып көму үшін қажетті 300 мың теңгені сұрап облысқа хат жазғандарын айтады. Облыс үкіметке сілтепті.

- Ал үкімет, Семейден осы М.Құсайынов мырзаның өзі берген ақпараттың негізінде, бұл қалдықтардың адам өміріне аса зияны жоқ деген уәжбен сырғытпа жауап жолдайды. Сөйтіп, бұл мәселеде құдды бір тұйық шеңбердің ішінде жүрміз, - деп налыған «Вилла-Люкс» кәсіпорнының құрылтайшысы Мұрат Исмайлов, осы проблемаға билік орындары мен қоғамның назарын аудару үшін енді өздерінде аштық жариялағаннан басқа амалдары қалмағанын айтады.
XS
SM
MD
LG