Accessibility links

Демократиялық реформаларға Орта Азияда бет түзеп отырған жалғыз мемлекет ретінде Қырғызстан Европа Одағынан мадақтау сөздерін естіп отыр. Сейсенбі күні Брюссельде болған отырыс кезінде Европа Одағының жоғары дәрежелі ресми қызметкерлері Қырғызстандағы жағдайды ерекше атап өтті. Алайда, жеке жағдайда кей Европалық дипломаттар Қырғыз елі алдында әлі талай асып өтер белес тұрғанын да айтты. Аталмыш отырыста Европа Одағы Қырғызстанға кең көлемді жәрдем көрсететінін хабарлады. Сондай-ақ,екі жақтың өкілдері Қырғыз Президенті Құрманбек Бакиевтің қазан айында Брюссельге келетінін жариялады.

Қырғызстанның кең көлемді демократиялық және экономикалық реформалар жүргізу әрекетін Европа Одағы сейсенбі күні Брюссельде болған отырыс барысында сөз етті. Жиынға төрағалық еткен Финляндия С.İ.М. Пертти Торстила Европа Одағының Қырғызстандағы жағдайды түсініп отырғанын атап өтті.

"Біз Қырғыз Республикасы беттесіп отырған күрделі жағдайды түсінеміз және Қырғыз ресмилерінің жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс іспетті бұл проблемаларды шешудегі шынайы ұмтылыстарын қолдаймыз", - дей келе, жиынға төрағалық еткен Финляндия С.İ.М. Пертти Торстила Қырғызстанды аймақтағы ерекше ел деп атады.

Алайда, отырыстың сыртында Европа Одағының дипломаттары Қырғызстанның соңғы жылдары демократиялық "революцияларды" бастан өткерген Украина мен Грузиядан өте үлкен айырмасы бар екенін айтып отыр.

Өз атын атамауды өтінген Европа Одағының дипломаттарының бірі "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Қырғызстанға байланысты "үміт бар", алайда "туннельдің арғы шетінде жарық байқалмайды" деген. Аталмыш ресми қызметкердің айтуынша, Европа Одағы Қырғызстандағы соңғы саяси оқиғалардан кейін "үлкен өзгеріс" болады деп күткен, алайда бұл үміт жүзеге аспады. Оның айтуынша, "ұйымдасқан қылмыс топтарының" саяси сахнаға шығып, үкіметке енуімен"жағдай нашарлай түскен".

Саяси және экономикалық реформалар мәселесінен басқа Европадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының елдегі әрекеті, өзбек босқындарына көрсетіліп жатқан жәрдем және аймақтық ынтымақтастық мәселелері сөз болған.

Жиынға келген Қырғыз жағының өкілі, үкімет басының бірінші орынбасары Данияр Үсенов Қырғызстанның Европа Одағына "демократиялық дамудың, аймақтық интеграцияның табысты үлгісі" ретінде қарайтынын атап өтті. Алайда ресми Бішкекке қазіргі кезде ең қажетті нәрсе нақты экономикалық жәрдем, деп атап өтті Қырғызстан өкілі.

"Біздің байланыстарда экономикалық фактордың басым болуын қалаймыз, біз Европа Одағынан инвестициялардың болуын қалаймыз, біз Европадағы жеке меншік бизнесті Қырғызстанға шақырғымыз келеді. Біздегі заңдылық пен салық саласындағы реформаларымыз бұған кеңінен мүмкіндік ашып отыр дегіміз келеді",- деді Қырғызстан үкімет басшысының бірінші орынбасары Данияр Үсенов.

Сөз соңында ол Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиевтің қазан айында Брюссельге келетінін хабарлады.

Өз кезегінде, Европалық Комиссия Қырғыз делегациясы сөз еткен кей жобаларға қаржылай жәрдем беру уәдесін берді. Европа Одағы Қырғызстандағы түзету мекемелерін реформалауға, энергия саласын дамытуға, кедейлікті жою бағдарламаларына көмектесетінін хабарлады.

Алайда, Европа Одағының дипломаттарының бірі "Азаттық" радиосына берген сұхбатында инвестиция мәселелеріне келгенде Қырғызстан Европа Одағынан гөрі көрші Қазақстаннан, Түркиядан инвесторларды табуы әлдеқайда оңайырақ болуы мүмкін, дейді. Ол Қырғызстанның аймақтағы елдермен салыстырғанның өзінде өте кедей ел боп табылатынын айта келе, Қырғызстанда адам басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 300 доллар көлемінде болса, көрші Қазақстанда бұл көрсеткіш 3000-5000 доллар екенін еске салады.
XS
SM
MD
LG