Accessibility links

Қазақстанның батысында сарматтардың алтын қабірі табылды

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Онда біздің заманымызға дейінгі 7-2 ғасырларда, сарматтар дәуірінде өмір сүрген әйел адамның денесі көмілген. Археологтар бұл қабірдің ерекше жақсы сақталғанын айтуда. Ең алдымен ғалымдарды бұл ескерткіштің ұры-қарыдан аман-сау тұрғаны таң қалдырды. Өйткені қабірдің іші алтын мен қымбат бұйымдарға толы.

Атырау мемлекеттік университетінің археологиялық-этнологиялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Марат Қасенов қазба саласында істеп келе жатқан 25 жыл ішінде мұндай ірі де бағалы тарихи мұраны бұрын-соңды кездестірмегенін айтады. Соңғы 8 айда ол Атырау мемлекеттік университетінде оқып жатқан шәкірттерімен бірге өлкенің тарихи жәдігерлерін зерттеп жүр. Ал осындай олжаға табысқа қол жеткізуге септігін тигізгендер – Атырау облысының тұрғындары дейді ғалым.

- Құмның бетіне алтын-әшекейлер шығып жатыр деп бізге ауылдың тұрғындары хабарлады. Содан Шағыл деген жерге барғанымызда сарматтардың тоналмаған обасын таптық, бетін жел ашып кеткен екен, - дейді Марат Қасенов.

Қабірдің ішінен алтынға оранған әйел адамның денесі, түрлі қымбат ыдыстар мен бұйымдар, мал сүйектері табылған. Мәйіттің әшекейлерінің бетіне ойылып салынған суреттер мен дененің жанында бірге көмілген заттарға қарап, оның өз дәуірінде белді кісі болғанын біле алдық дейді археолог Марат Қасенов:

- Жазба деректер бойынша, Геродоттың бір айтқаны бар екен, сарматтарды басқаратын әйел деген. Яғни, матриархат орнап тұрған деген дерек расталады.

Сарматтар мен Грекия арасында экономикалық байланыс орнап тұрғаны жайында, мәйітпен бірге көмілген ыдыс хабар береді дейді археолог-ғалым. Оның айтуынша, құмыралардың бірі грек дәстүрінде бедерленген. Бұрын-соңды мұндай жақсы сақталған қабір-қорған кезіктірмеген ғалымдар енді оны зерттеу жұмысын ары қарай жалғастыру үшін бірқатар кедергі бар екендігін айтуда. Экспедицияның бас археологы Марат Қасенов ең алдымен қаржы мәселесі қолбайлау болып тұрғанын айтады:

- Бізге тек қана университет тарапынан, студенттердің практика өтуі үшін ғана бөлінген ақшамен жұмыс істедік. Ал жылда «Мәдени Мұра» бағдарламасы аясында үкімет бөлетін 300 млн теңгенің 1 тиынын да көрген жоқпыз. Қазіргі кезде жұмыс тоқтап қалды. Бізге осы жұмысты жалғастыру үшін тым бомлағанда 1-2 млн теңге болса...

Ғалымдарды асықтыратыны - Атырау өңірінің құм көшкіні жүретін табиғи ерекшелігі болып отыр. Археолог Марат Қасенов табылған қабірді желмен көшкен құм жауып қалып, осында жүріп жатқан қазба жұмыстарын еш ете ме деп алаңдаулы. Сонымен бірге, ғалым қазіргі уақытта сарматтар қабірінің маңынан табылған тағы 12 қорған зерттеуді күтіп жатқанын айтты.
XS
SM
MD
LG