Accessibility links

АҚШ-тан саяси баспана алған 12 өзбек босқыны өз отандарына оралды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Олардың бұл әрекеттері талайларды таң қалдыруда. Бұдан 14 ай бұрын, Әндіжан оқиғасы кезінде олар, Өзбек үкіметі әскерінің оғынан қорғанып, елден қашқан болатын. Ал, көрші елдерде кейбір өзбек босқындары қамауда отыр.

2005-ші жылдың 13-ші мамырында Өзбек әскері Әндіжандық бейбіт шерушілерге қарсы оқ атқанда бірнеше жүз адам көршілес Қырғызстанға қашқан болатын. БҰҰ Босқындар агенттігінің көмегімен олардың 439-ы Румынияға көшіріліп, содан кейін Құрама Штаттарынан және Еуропаның көптеген елдерінен саяси баспана алған еді. Олардың кейбірінің лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деген сылтаумен Өзбек үкіметі оларды кері қайтарып алуға тырысқан-ды. БҰҰ-ның Адам хұқықтарын қорғау кеңсесі қызметкері Андре Махечиктің айтуынша, ол адамдар аталған кеңсеге хабарласпаған. Хабарласып жатса, елге оралудың салдарлары жөнінде кеңес берер едік, дейді маман.

Уашингтондағы Өзбек елшілігі босқындардың елге қайтуына кеңес берген екен. Босқындардың елге қайту жөніндегі өтініштерін Өзбек Сыртқы істер министрлігі шілденің 17-сі күні қараған. Ол адамдар Әндіжандағы “лаңкестік әрекеттерге” қатысы жоқ деген тұжырыммен ол 12 босқынның елге оралуына рұқсат берген. “Олар алданып қалып, сөйтіп шетелге шығарылған” делінген министрлік мәлімдемесінде. Өзбек ұлттық қызметі олардың қауіпсіздігіне кепілдік берген, дейді АҚШ-та қалған босқынның бірі.

Алисон Гил - Хюман Райтс уотч ұйымының Ташкендегі кеңсесінің бұрынғы басшысы. 1999-шы жылы Ташкенде болған бомбалық жарылыстарға қатысы бар делінген азаматтардың елге осылайша шақырылып, соңынан түрмеге жабылғандарын ол еске алды.

- Әндіжан оқиғаларынан кейін елден кеткен азаматтарға Өзбек үкіметінің кешірім жариялауына менің аздаған күмәнім бар. Мұның өзі құрылған тұзақ па, деп қорқамын. Елден кетудің қиын екендігін мен түсінемін. Шет өлкеде тұру да өте қиын. Әрине, олардың елдеріне оралғысы келеді. Мен мұны түсінемін. Алайда, бұл үкіметке олардың қалай сеніп отырғандығын түсіну маған қиынға соғуда, - деді Гил ханым.

Алайда, кері қайтқан бұл босқындар сияқты, Германиядағы бір топ өзбек босқындары, елдеріне оралғылары келетіні жөнінде, маусымның 27-сі күні президент Кәрімовтың атына ашық хат жолдапты. Ал, Әндіжанда тұрып жатқан бір азамат қайтып оралғандардың қылықтарын түсінбейтіндігін айтқан екен.

Гил және Махечиктің айтуынша, 12 босқынның еліне қайтып оралуы Әндіжан оқиғасына байланысты халықаралық қауымдастықтың көзқарасын білдірмейді. Батыс елдері Өзбек үкіметінің Әндіжан шерушілерін басып-жанжу әрекеттерін қатты айыптағаны белгілі. Ол оқиғалар тұсында 187 адам қаза болды. Олардың көбі әскерилер немесе шетелден қаржыланған лаңкестер болды, дейді Өзбек үкіметі. Ал, тәуелсіз есептеулер мен куалардың айтуынша 800-дей адам қаза болған. Олардың ішінде балалар мен әйелдер де бар екен.

Әндіжан босқындарының төртеуі және қоқандық бір босқын Қырғызстанда түрмеде жатыр. Қазақстан мен Қырғызстандағы басқа да босқындарға Өзбек үкіметі елге қайтып орлау жөнінде қысым жасауда. Олардың кейбірін Өзбек қауіпсіздік қызметі күшпен елге қайтарған. Хюман райтс уотч ұйымы көрші елдердегі өзбек босқындарына қолдау көрсетуді талап ету жөнінде шілденің 17-сі күні Еуропа одағына қайрылды.
XS
SM
MD
LG