Accessibility links

Орта Азия елдері мен Әзербайжандық азаматтар Израильдың Ливандағы әуе шабуылы жөнінде не дейді?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Өзінің екі сарбазы ұрланды деп Ливанға Израиль әскерилерінің әуе шабуылын бастағанына он күн болып қалды.

Бұл арада 300-ден астам азаматы өлген Ливан өз кезегінде Израильге зымыран соққысын беріп, 30 шақты адамды өлтірді, ал екі тараптан да жарақат алғандар саны жүздеп, мыңдап есептеліп отыр.

Таяу шығыстағы бұл қантөгісті шайқастарға байланысты негізінен Ислам дінін ұстанатын Орта Азия елдері мен Әзербайжандағы жұрттының көзқарасы қандай екен?

Бұл орайда тәжікстандық бір азамат былай дейді:

– Израильдың Ливанға қарсы бұл соғыс шабуылының қандай мақсаты бар екендігін мен түсіне алмаймын. Израиль өзінің сарбазын тұтқыннан құтқармақ деген бір мәліметті есіттім. Бірақ БАҚ-дарынан, интернет сайттарынан білуімізше, Израиль ол аймақтың тоз-топалаңын шығаратындай ниетте, шамасы.

Тәжік жігітінің айтуынша, бұл - нағыз соғыс, бұл Ливан азаматтарының басқыншылыққа қарсы соғысы.

- Израильдың Ливанға әуеден соққы беруі дұрыс емес. Әділетті емес, бейкүнә адамдар қырылуда. Ол соғыс қырғынын тоқтатып, бейбітшілік орнату үшін Ресей мен АҚШ араға түсуі керек, - дейді ол.

Ал, қазақстандық орыс азаматының Израиль-Ливан жанжалы жөніндегі пікірі төмендегідей болып тұр.

- Мен тек қана Қазақстан азаматы емес, әлемнің бір азаматы ретінде айтарым – қалай болғанда да соғыс өте, өте жаман нәрсе. Кімде-кім соғыс отын жақса, ол Жаратқан Алланың алдында жауап береді. Ал кез-келген жанжал дипломатиялық, экономикалық немесе басқа да жолдармен шешілуі тиіс, - дейді бұл қазақстандық.

Бірақ, оның пікірінше, Ливандық Хезболла тобының қазіргі іс-әрекетін Ливан халқының бәрі түгелдей қолдай қоймаса керек.

- Бұл соғыстан Ливан, алдымен, Ливан халқы зардап шегіп отыр. Дегенмен, әрине, Израильдың бұл басқыншылық соғысын қаралау керек, бірақ бәрібір тағы да азап шегетіні – қатардағы қарапайым халық қой, - дейді бұл қазақстандық азамат.

Ал ауғанстандық бір жігіттің пікіріше, Израиль мен Ливан арасындағы бұл жанжалдың негізінде саяси, сондай-ақ, діни себептер де бар екен.

Бұл орайда Өзбек азаматы қандай ойда екен?

- Не болып жатыр өзі? Не сонда, Израиль Ливанмен бала секілді доп ойнап жатыр ма? Бір адамды тұтқынға алды деп барлығын құртып-жоюы қажет пе? Сонда Израиль бір адам үшін 100 кісіңді өлтіремін деп отырғаны ғой, - дейді өзбек азаматы.

Оның пікірінше, Үлкен сегіздік Израильды емес, Ливан жауынгерлерін айыптап отыр. Сонда 10-15 Хезболланың ісі үшін бүкіл халықты азаптап, қалаларды қирату керек пе, деп таңданады ол.

Сондай-ақ, Қавқаз аймағындағы мұсылман халықтарының бірі әзербайжан өкілі, бұл бұл орайда былай дейді:

- Әзербайжан бұл соғысты айыптауы керек. Бұл - терроршылыққа қарсы соғыс емес, ол бірер халыққа қарсы алдыннан жақсылап ойластырылып, жоспарланған шара.

Ал осы әзери жігітінің тағы бір отандасы:

– Мұндай кезде мұсылман әлемі қайда қарап отыр? Бейбіт, тыныш мұсылман халқы қырылуда. Ливандықтарды Израиль қуыршақ етіп ойнап отыр ғой,- деп ашуланады.

Тағы бір әзери жігітінің пікірінше, Әзербайжан мұсылман елдерін қолдауы керек екен. Бірақ, ол үшін ең алдымен Араб елдерінің өзі бірігіп, өзара ынтымақтас болуы керек дейді ол.

- Әзербайжан, Израиль мен Ливанның арасында бейбітшілік болуын қалайды, себебі, әзербайжан халқының өзі соғыс жанжалынан азап шегіп келеді, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG